Accessibility links

Қазақстанда несиелеудің жаңа түрі дамитын болды


Әйгерім Бектұрғанова, Әл Хилал банкіндегі хатшы қыздардың бірі. Алматы, 17 тамыз 2010 жыл

Әйгерім Бектұрғанова, Әл Хилал банкіндегі хатшы қыздардың бірі. Алматы, 17 тамыз 2010 жыл

Дағдарыстан кейін ұлттық экономиканың қаржылық саласын әртараптандыруға ұмтылып отырған Қазақстан араб және малайзиялық инвестицияларды өз аумағына тартуға күш салып жатыр. Осы арқылы Астана елде ислам қаржылық индустриясын дамытуды көздейді. Бұл индустрия елде өмір сүріп жатқан миллиондаған мұсылманға қызмет етуі тиіс.


НАРЫҚТАҒЫ ПАЙДАЛАНЫЛМАЙ ЖАТҚАН МОЛ МҮМКІНДІК

«Қазақстанда исламдық қаржылық индустриясына қанат бітіру жөніндегі бұл бастаманың сәттілігі осы нарыққа бірінші болып қадам басатын инвестор-компанияның тағдыры мен елдің зайырлы үкіметінің баяғыдан бері сөз болып келе жатқан «сукук» немесе ислам облигацияларын айналымға жіберуге қатысты белсенділігіне тәуелді» деп хабарлайды «Рейтер» агенттігі.

Егер аталған жұмыс оң нәтиже берсе, бұл басқа да бағалы қағаз шығарушылардың Қазақстан нарығында дәл осындай қызметке кірісуіне түрткі болар еді.

«Алла қаласа, егер корпоративтік клиенттердің мықты базасын жасаудың сәті түссе, бұл біздерге орта және шағын бизнестің өкілдерімен де кеңірек ауқымда жұмыс істеуге жол ашар еді», деп мәлімдейді «Әл Хилал» банкінің Қазақстандағы бас дилері Әділет Әлиев.
Қазақстан былтыр елде ислам қаржылық индустриясының дамуына кең жол ашатын жаңа заңдар топтамасын қабылдаған болатын. Осыдан соң Абу-Даби үкіметінің қарамағындағы Әл Хилал банкі мұндай мүмкіндікті бірінші болып пайдаланып, 2010 жылы наурыз айында Қазақстан Республикасында өзінің кеңсесін ашты.

Қазіргі уақыттағы ислам қаржылық индустриясының кең ауқымда дами бастағанына тек отыз жылдай ғана уақыт болды. Алайда, оның берілген қарыз үшін өсім алмау тәрізді басты қағидаттары сонау орта ғасырлар заманында-ақ мұсылман саудагерлеріне белгілі болатын. Мысалы, бұл қағидаттармен Жібек жолы бойымен Қазақстан және Орталық Азия арқылы сауда жасап, тауар тасымалдаған саудагер атаулы етене таныс еді. Қазақстанда он алты миллион адам тұрады және оның басым көпшілігі мұсылмандар болып саналады.

Мұнай мен түрлі металдың жер қойнауындағы бай қоры соңғы он жыл ішінде осы елдің экономикасының жылына орта есеппен тоғыз пайыз деңгейінде дамып отыруына жол ашты. Елдің жалпы ішкі өнімінің көлемі 110 миллиард долларға тең болады – бұл Орталық Азия мемлекеттерінің арасындағы үздік көрсеткіш.

«Олар активке өте бай және капитал ретінде салатын ақшалары да жеткілікті», деп мәлімдейді Amanie Business Solutions компаниясының кеңесшісі Рази Пехлеви Абдул Азиз. Куала-Лумпурда қоныс тепкен бұл фирма шариғат, яғни ислам заңдарына қатысты кеңес берумен айналысады.

Әл Хилал банкінің Қазақстанның ең үлкен қаласы әрі қаржылық орталығы саналатын Алматыдағы кеңсесі ең жаңа сәулет өнерінің үлгісі негізінде кіреберісі тұтас әйнектен салынған ғимаратта қоныс тепкен. Бұл кеңседе 45 адам қызмет істейді.
Банктің Астанадағы бөлімшесінде жұмыс бұған қарағанда қарқындырақ жүріп жатқан сияқты. Банк сонымен қатар Шымкентте екінші бөлімшесін ашуды жоспарлап отыр.

Әл Хилал биылғы жылы Қазақстан экономикасына 250 миллион доллар инвестиция салып, келер екі жылдың аясында бұл көрсеткішті бір миллиард доллардың деңгейіне жеткізбекші. Әлиевтің айтуынша, банк алдымен корпоративтік секторды, әсіресе ірі компанияларды қаржыландырмақ ниетте. Әл Хилал бүгінгі күні шамамен жиырма жобаны іс жүзіне асырып жатыр. Бұл жобалар бойынша несие «мурабаха» қарыз беру тәсілі арқылы таратылып отыр. Мурабаха бойынша банк клиенті тауарды үшінші тарапқа сатпас бұрын, (банкке)
алған қарызын кейінірек қайтару шартымен ол тауарды несие есебінен сатып ала алады.

НЕСИЕНІҢ ЖАҢА ТҮРІ

Қазақстанның бас мүфтиінің орынбасары Мухаммед Хусейн ибн Усман Алсабеков несиенің жаңа түрін беретін банктің жұмыс істей бастағаны туралы ақпараттың таралуы ел ішінде мұндай несие өнімдеріне деген сұраныстың тез өсуіне жол ашуы тиіс деп отыр.
«Қарапайым мұсылманға (несие ретінде берілген) қарыз үшін үстеме пайыз алудың не төлеудің ешбір қажеті жоқ. Ақша жұрттың ортақ игілігі үшін жұмыс істеуі керек» дейді Мухаммед Хусейн ибн Усман Алсабеков.

Дегенмен, инвесторлар әзірше сақтық танытып отыр. Дүниежүзілік қаржылық дағдарыс Қазақстанның банк секторына қатты соққы болып тиді. Халықаралық несие берушілер, жергілікті банктердің дефолтінен кейін басталған қайта құрылымдау процесі барысында Қазақстан банкілерінің миллиардтаған доллар қарызын есептен шығаруға еріксіз мәжбүр болды.

Дағдарыстың кезінде Қазақстанның елде ислам қаржылық индустриясын дамытуға жол ашатын заңдарды қабылдап отырғаны тегін емес, дейді сарапшылар. Батыстағы несие нарықтары үлкен қиыншылыққа тап болып, несие беруді тоқтатқан кезде, елге Азиядан ақша мен қаражат ағылып келе бастады. Осының арқасында экономикаға тіке шетелдік инвестициялар құйылуының көлемі бойынша 2008 және 2009 жылдар рекордтық жылдар болды.

Renaissance Capital инвестициялық банкінің Орталық Азия жөніндегі бас сарапшысы Милена Иванова-Вентурини: «Қазақстан тұрғын халқының көпшілігін мұсылмандар құрайтын ел ретінде бұл мүмкіндікті пайдаланып кетіп, мұсылман әлемінің жиынтық несие ресурстарын өзіне тартудан пайда таба алады» дейді.

Шілде айында «Рейтер» агенттігі респонденттер арасында «сукук» несие өнімдерінің дүниежүзілік ауқымда сатылу көлемі қандай болары туралы сауалнама жүргізді. Сауалнамаға жауап бергендер аталған көрсеткіш биыл 23-25 миллиард доллар көлемінде болады деп мәлімдеген. Өткен жылы бұл көрсеткіш 23,3 миллиард доллар деңгейінде болған еді деп атап көрсетеді агенттік.

СУКУК МЕМЛЕКЕТТІК ОБЛИГАЦИЯЛАРЫ

Сукук мемлекеттік облигацияларын айналымға шығару Қазақстанда ислам қаржылық индустриясын дамыту үшін маңызды қадам болар еді. Алайда Астана таяуда бұрынырақ жарияланған құны 500 миллион доллардан асатын еврооблигацияларды айналымға шығарудан бас тартты. Бұл Қазақстан үкіметінің осы істе асықпауды жөн көріп отырғанын білдіреді. Елдің өз аумағындағы қарыздың көздерінен қаражат тартуға көбірек ден қою Астананың мұндай бас тарту жөніндегі қадамға баруына басты себепші болды.

Лондонда жұмыс істейтін және аты-жөнін атамауды қалаған бір банкир ислам қаржылық индустриясын дамыту жөніндегі түпкілікті шешім Қазақстанның зайырлы үкіметіндегі екі топтың өзара қарсыластығын нәзік түрде теңгеру нәтижесінде қабылдануы тиіс дейді. Аталған топтың бірі сукукты айналымға шығаруда тек таза ислами қағидаттарды басшылыққа алу керек деп отыр. Ал екінші топ өкілдері осының өзін жалпы айналымға шығарудың әрі оған осыншама қаражат шашудың қажеті бар ма өзі деген пікір жетегінде әрі-сәрі күй кешіп жүр.

«Біз эталон бағдарлама жасап алуды қалаймыз. Мұндай бағдарлама «Самұрық-Қaзына», «ҚазАгро» мемлекеттік холдингтері және тағысын тағы бағалы қағаз шығаратын корпоративтік эмитенттерге сукук облигацияларын айналымға шығаруға мүмкіндік жасауы тиіс» деп мәлімдеді Алматы қаласының өңірлік қаржылық орталығының қызметін реттеу агенттігінің исламдық қаржы жөніндегі бөлімінің басшысы Тимур Омаров.

Дүние жүзіндегі сукук нарығы дамыған ең ірі ел саналатын Малайзияның инвесторлары Қазақстанда екінші ислам банкінің негізін қалауды жоспарлап отыр. Малайзияның AmanahRaya қаржылық фирмасы бұл банкті Қазақстанның жергілікті компаниясы «Фаттах Финанс» және Қазақстанның даму банкімен тізе біріктіре отырып құрмақ ниетте.

«Бір жағынан, олар біз үшін бәсекелестер, - дейді Әлиев. – Алайда, екінші жағынан, бәсекесі дамыған нарықтар ең жылдам қарқынмен өсетіні белгілі».

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG