Accessibility links

Әділет органы "журналистердің кесірінен" беделі түскенін айтады


Әмірхан Аманбаев (оң жақта), әділет вице - министрі және Сұлтан Құсетов (сол жақта), қылмыстық - атқару жүйесі комитетінің төрағасы. Астана, 11 қараша 2010 жыл

Әмірхан Аманбаев (оң жақта), әділет вице - министрі және Сұлтан Құсетов (сол жақта), қылмыстық - атқару жүйесі комитетінің төрағасы. Астана, 11 қараша 2010 жыл

Қарашаның 11-і күні баспасөз мәслихатын өткізген әділет министрінің орынбасары мен қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы БАҚ өкілдерінің кесірінен беделдері түсіп кеткенін мәлімдеді. Ал Көкшетауда сотталушылардың арыз-шағымы бойынша сот басталғанмен жәбірленушілерге қысым көрсету күшейген.


«Дер кезінде ақпарат беруге қашанда дайынбыз» деген құзырлы мекеме мамандары қылмыстық - атқару жүйесі комитетінің «жабық орган» екенін де еске салып қойды.

БЕДЕЛ АРТТЫРУҒА АРНАЛҒАН БАСПАСӨЗ ЖИЫНЫ

Ресми өкілдердің айтуынша «7-ші арнаның» тілшілерімен болған дау-дамай әділет органының беделін түсіріпті. «Обьективті емес сипаттағы жарияланымдар жұртшылықтың қылмыстық-атқару жүйесіне деген сеніміне кері ықпал етіп, әділет органдары жүйесінің имиджіне нұқсан келтірді» дейді әділет органының мамандары.

Қазанның 21-і күні «7-ші арна» мен КТК телеарналарының Қарағандыдағы тілшілері қамауға алынды. Түрме маңына жақын келіп, бейнетүсірілім жасағандары үшін журналистер алдымен уақытша тергеу изоляторына, сосын Қарағанды облыстық ІІД-не қамалған. Ертеңінде Қарағанды облыстық қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің департаменті мен ІІД басшылары журналистерден кезек-кезек кешірім сұраған болатын.
Әділет министрлігінің ғимараты. Астана, 11 қараша 2010 жыл

«Осы бір түсінісбестік оқиғаны «7-ші арна» дүрілдетіп көрсетіп, содан біздің беделімізге нұқсан келді» дейді, әділет вице-министрі Әмірхан Аманбаев.

– «7-ші арнаны» көрдіңіздер ғой. Сонда әжептәуір әңгіме қылды, біз соны айтып отырмыз. Өйткені анау елу метрге дейін заборға баруға болмайды. «Біз байқамай түсірдік» деп айту керек еді. Екі-үш күн бойына айғайламай, шығармай-ақ қоюға болар еді ғой. Келіп түсіндіріп айтса. Бұлар да кінәлі емес. Жаңағы «елу метр» деген бұрыннан бар-тын, бірақ ол көп жерде сақталынған жоқ. Өйткені бәрі қаланың сыртына салынды да, қазір ортасында қалып қойды, - дейді әділет вице-министрі Әмірхан Аманбаев Азаттық тілшісіне.

«ӨЗДЕРІН ЖАРАҚАТТАУҒА МӘЖБҮР ТҰТҚЫНДАР ӘРЕКЕТІ БЕДЕЛ ТҮСІРМЕЙДІ МЕ?»

Сотталғандардың құқығын қорғаушы Вадим Курамшиннің пікірінше, әділет органындарының беделіне нұсқан келтірген оқиғалар түрмедегі тұтқындардың түрлі әрекеттері болуы тиіс. Өйткені соңғы кездері Қазақстан түрмелерінде колония әкімшілігіне наразылық танытқан сотталғандар өздеріне-өздері қол жұмсауға дейін барғаны белгілі.

Соңғы оқиға екі күн бұрын болды. Қарағандыдағы Долинка кентіндегі бір түрмеде 13 тұтқын қарындарын қатты затпен тіліп тастаған. Әділет органының мамандары олардың әрекетін әдеттегідей негізсіз деп отыр. Олар түрме ішіндегі ішкі тәртіпті әлсіретуді талап етеді дейді.

– Долинкада кеше он үш адам [өздерін жарақаттады]. Олардың да сұрап жатқаны сол, «режимді әлсірету». Сосын айтады: «Біз сотың шешімімен келіспейміз» деп. Соттың шешімімен келіспесе, қылмыстық істер жүргізу кодексінде жазылған не істеу керектігі. Ал енді жаңағыдай қарсылық білдіру негізсіз. Соның бәрі тексерілді, бүгін бәрі тарқасты. Бәрінің денсаулығы жақсы Долинкада, ешқайсысы емханаға жатқан жоқ, - дейді әділет вице-министрі Әмірхан Аманбаев.

МҮГЕДЕК «ТЕРРОРИСТ»

Бейсенбі күні Азаттық радиосының Астанадағы тілшісіне Жамбыл облысының тұрғыны Бақзада Шайбекова хабарласып, түрмеде жатқан күйеуінің жағдайын айтқан болатын. Бақзаданың мәлімдеуінше, «лаңкестік жасамақ болды» деген айыппен осыдан екі жыл бұрын тоғыз жылға бас бостандығынан айырылған күйеуі Біржан Жарқожаев қазір түрмеде көр соқыр болып қалған.

«Бұрын бір көзі ғана көретін, оның өзінде 16 пайыз. Соңғы кездері қатты ауырғаннан болар екі жанары да көрмей қалыпты», дейді Бақзада Шайбекова.
Бақзада Шайбекова, Құсмұрын түрмесінде отырған мүгедек тұтқын Біржан Жарқожаевтың зайыбы. Астана, 11 қараша 2010 жыл

– Қатты арықтап кетті, Құсмұрынға бірінші этаппен барғанда мүгедек куәлігін көрсетпеген болатын. Бір көзімен сапқа тұру қиын ғой, оның үстіне тамырлары ауыратын адам болған соң жүріп-тұру өте қиын. Қазір ол мүлде соқыр болып қалды. Дәрігерімен сөйлестік, өзімен де сөйлескенде айтады, қазір оны жетектеп жүр, - дейді Құсмұрын түрмесінде жазасын өтеп жатқан Біржан Жарқожаевтың зайыбы Бақзада Шайбекова Азаттық тілшісіне.

Бақзада әділет органынан Құсмұрын түрмесінде жатқан бірінші топтағы мүгедек күйеуін өздері тұратын Жамбыл облысына жақын жердегі абақтылардың біріне ауыстыруын өтініп келген. Ол қылмыстық-атқару жүйесі комитетінен мардымды жауап ала алмай жүргенін айтады.

Құқық қорғаушы Вадим Курамшин, көз жанарынан мүлде айырылған адам, әрі бірінші топтағы мүгедек, қоғамға еш қауіпсіз деген пікірде. «Лаңкестік жасамақ түгілі, өзін алып жүре алмайтын адамды қамауда ұстамай рақымшылық жасап босату керек», - дейді Вадим Курамшин Азаттық тілшісіне берген сұхбатында.

«АЗАТТЫҚ РАДИОСЫНСЫЗ ДА ӨЗІМІЗ ШЕШЕМІЗ»

Әділет органы басшыларының журналистермен өткізген баспасөз мәслихатында Азаттық тілшісі абақтыдағы мүгедек тұтқын Біржан Жарқожаевтың зайыбының өтініші туралы сауал қойған болатын.

– Ол мәселені білеміз. Хат алдында келіп түскен. Егер бүгінгі күні денсаулығы келмей басқа да жағдай болып жатса, біз оған көмектесеміз. Бізге ол үшін медициналық анықтама тағы керек. Сондықтан Азаттық радиосынсыз да бұны өзіміз шешеміз, - дейді әділет вице-министрі Әмірхан Аманбаев.

Ал, қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Сұлтан Құсетов, бұл мәселені қойын дәптеріне түртіп алғанын айтып «қараймыз» деп уәде берді.

Астанадағы әділет министрлігінің жоғарыдағыдай мазмұнды мәлімдемесімен келіспейтіндер бірден табылатын сияқты. Құқық қорғаушылар осы күндері Көкшетау қаласының сотында Ақмола облысындағы Державинск қаласында орналасқан, қатаң режимдегі колония басшылығына қатысты қылмыстық іс қаралып жатқандығын айтады.

Биыл жазда аталған мекемедегі тым қатал тәртіпке наразы болған оншақты сотталушы денелерін тілгілеп тастаған еді. Осы факті бойынша прокуратура колония басшылығын жауапқа тартуды талап еткен. Алайда құқық қорғаушылар сотталғандарға қысым жасалып, бар кінәні мойындарына алдыртуға күш салынып жатыр деген пікірде.

КІНӘНІ МОЙЫНДАТУ

Сотталушылардың құқығын қорғаумен айналысып жүрген Вадим Курамшиннің сөзінше, сәрсенбі күні Ақмола облысының Көкшетау қалалық сотында облыстағы Державинск қаласында орналасқан ЕЦ 166/26 қатаң режимдегі колониясы қызметкерлеріне қатысты сот процесі басталған.
27 сотталушы – жәбірленуші деп танылды. Бұл, әрине, қуанарлық жайт. Бірақ, оларды этаппен барған колонияларда азаптап, бар кінәні өз мойындарына алуды міндеттеп жатыр

- Қазақстанның атқару мен жазалау жүйесінде алғаш рет түзету мекемесі қызметкерлері «азаптау» фактісі бойынша қылмыстық жауапқа тартылып жатыр. 27 сотталушы – жәбірленуші деп танылды. Бұл, әрине, қуанарлық жайт. Дегенмен, қылмыстық іс басталысымен сотталушыларды бір-бірлеп елдегі қатаң режимдегі түрмелерге этаппен жіберу процесі басталды. Оларды барған колонияларда азаптап, бар кінәні өз мойындарына алуды міндеттеп жатыр, - дейді құқыққорғаушы Курамшин.

Оның сөзінше, қазір жәбірленуші болып танылған 27 сотталушының алтауы қысымға шыдамай, бар кінәні өз мойындарына алған көрінеді. Ал қалғандарын Арқалық, Степнагорск, Көкшетау түрмелерінде азаптап жатыр дейді Курамшин.

«ІНІМ ЗОМБИ СИЯҚТЫ»

Қазір Степногорскідегі колонияда жатқан Данияр Тұяқбаевтың ағасы Дәуреннің сөзінше, жақында інісін көруге барғанда қатты шошыған. Оның сөзінше, 27 жастағы інісінің денесінде сау жер қалмаған, қатты таяқ жегеннен інісі мең-зең күйде болған екен.
Дүре соғылған түрмеде жазасын өтеушінің денесі. Астаналық адам құқықтарын қорғау бюросы жіберген сурет

- Екі апта бұрын мен Степногорскідегі түрмеге кездесуге бардым. Мен інімді танымай қалдым. Оның аяусыз соққыға жығылғандығы көзге ұрып тұр. Кездесуде ол есі дұрыс емес адам («заторможенный») сияқты отырды. Інім өздерін өлімше етіп соғатындықтарын айтты. Оларға өз өтініштерін қайтарып алсын деп қинап жатыр екен, - дейді радиомызға сотталушылардың бірінің ағасы.

Дәурен Тұяқбаевтың сөзінше, қазір інісін Көкшетаудағы түрмеге алып келген, себебі қалалық сотта колония басшылығына қатысты сот процесі басталған.

«ПІКІР АЙТУҒА ҚОРҚАМ»

Ал ендігі бір сотталушы Андрей Файттың анасы Валентина, өткен айда өз ұлын танымай қалғандығын айтады.

- Андрей осыдан біраз бұрын 120 килограм болатын. Өткен айда барсам 60-ақ килә болып қалыпты. Оның отырғанына бес жыл болды. Осы бес жылдың ішінде ол осыншама қатты өзгермеген еді, бірнеше айдың ішінде қатты шөгіп кетіпті, - дейді ол.

Оның сөзінше, баласын түрмеде ұрып-соғатындығын ол іштей сезеді екен. Ал заң алдында дәлелдеу мүмкін емес дейді. Дегенмен осы айдың 15-і күні баласын көруге рұқсат алып қойған ана, ақпарат құралдарына қандай да бір өткір пікір айтудан қорқып тұрғандығын жеткізді.

ТЕРГЕУ ӘЛІ АЯҚТАЛҒАН ЖОҚ

Ал Ақмола облыстық қылмыстық атқару жүйесі департментінің баспасөз хатшысы Ирина Горнова, Азаттыққа колония қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қозғалғандығын растағанымен, сот процесінің басталғандығынан хабарсыз екендігін байқатты.
Ол сотталушыларды азаптау фактісіне қатысты мүлдем түсініктеме беруден бас тартты.

Ал сотталушылардың туыстары бұл бассыздыққа ақпарат құралдары арқылы қоғам назарын аударудан өзге амалымыз жоқ дегенді айтады. Дегенмен қолымыздан келгенше түрмедегі туыстарын арашалап алуға тырысамыз деп отыр.

Ақмола облысының Державинск қаласында орналасқан ЕЦ 166/26 қатаң режимдегі колониясының 14 сотталушысы өз денелерін өткір затпен тіліп, жарақаттаған. Құқыққорғаушы Вадим Курамшиннің сөзінше, сотталушылар осылайша өздеріне қатысты болған азаптауларға қарсылық білдірген.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG