Accessibility links

Қарабатан Теңіз оқиғасын қайталай ма?


Мұнай компанияларының жұмысшылары ереуілге жиналды. Қарабатан, 20 желтоқсан 2008 ж.

Мұнай компанияларының жұмысшылары ереуілге жиналды. Қарабатан, 20 желтоқсан 2008 ж.

20 желтоқсанда Батыс Ескенедегі «Болашақ» зауытының құрылысын салып жатқан Agip KСO-ның бір топ мердігерлері Bonatti S.p.A, IGS Sichim, ССС, РSS компанияларының 2000-ға жуық жұмысшысы тағы да наразылық акциясына шықты.Оларды басу үшін арнаулы отрядтар, қалалық полицияның бүкіл жеке құрамы мен жол полициясы тартылды.

Еске сала кетсек дәл осындай наразылық білдірген жұмысшылар бас көтеруі 29 қарашада болған еді. Онда ереуілге шыққан Agip-тің субмердігері Bonatti компаниясының 400-ге тарта жұмысшысы жергілікті әкімшіліктен жұмыс жағдайын жақсартуды, вахталық ауысым мен жалақыны көтеруді талап еткен болатын. Әкімшілік мәселені 20 желтоқсанға дейін шешетіндерін айтып уәде берген-ді.
Сол күні Атыраудан 30 шақырым қашықтықтағы Agip-тің мұнай тазалау зауыты құрылысы салынып жатқан Қарабатанда желтоқсанның 16 градус ызғырық аязы ұрып тұрды. Азаттық радиосы тілшісіне хабарласқан жұмысшылар өз талаптарын білдіру үшін облыс әкімшілігіне баратындарын айтысымен, іле-шала Қарабатандағы зауыт территориясына келіп жеткен едік. Бұл кезде уақыт таңертеңгі 10 шамасында болатын.
Ереуілге шыққан жұмысшыларды қолдауға кейбірінің әйелдері де келіпті. Соның бірі Ұлжан өзінің ері Бонатти компаниясында 8 ай үй көрмей жұмыс жасап жатқанын, ал үйге апартын ақшасы 47 мың теңге (390 доллар) екенін ашына әңгімеледі. Қаптаған полицияны көрген ол жұбайы үшін қатты мазасызданып тұрғанын да жасырмады.
Зауыт территориясынан жаяу шұбырған жұмысшылар шеруі 18 км қашықтықтағы Тексеру бекетіне дейін толық келе алмады. Жұмысшылардың айтуынша оларға жедел жеткен полиция легі қарусыз тобырды топ-топқа бөліп, айналдыра қоршап, кері зауыт территориясына қайтуды талап етіп, шығар ауызға жібермеуге тырысқан. Сөйтсе де, жұмысшылар иен даламен жаяу-жалпы қалаға шығар жолға қарай ағылды. Олардың басым көбін полиция қызметкерлері күштеп ұстап, қолдарын қайырып, автобустарға тиеп, зауыт территориясына апарып тастады. Ал қалған 100 шақты адамды жолдарын бөгеп, қарулы полиция қар үстіне отырғызып қойса да, жұмысшылар қарсылық білдірулерін тоқтатқан жоқ. Олар енді құрғак уәдеге сене алмайтындықтарын айтып, облыс әкімі Бергей Рысқалиевтың алдыларына келуін, бетпе-бет жолығып, мәселелерін шешуін талап етті. Алайда тек сағат 13-терде жеткен облыс әкімінің наразылық білдірген жұмысшыларға келуінен кетуі тез болды.
Жұмысшылар мәлімдегендей әкім оларға мынадай жауап айтыпты: «15 қаңтарға дейін жұмыс жағдайына қатысты ұсақ-түйек мәселелер шешімін табатын болады. Вахта ауысымы 3 айдан соң жасалады».
Әкім кете салысымен, оның бұйрығымен қаптаған полиция тұзағы да тарқап, жұмысшылар Тексеру бекетінде күтіп тұрған журналистерге жолығуға келді.
Жұмысшылардың айтуынша 20 желтоқсанға дейін жергілікті билік олармен бірнеше жиналыс өткізгенімен, қанағаттанарлық жауап естілмепті. Соңғы болған бірнеше бас қосуды ұйымдастырған «әкімшіліктің Батыс Ескенедегі өкілі» деген құзырлы қызметті иеленген Берік Боқаевтың жауабы да жұмысшылар талабынан шықпай отырған көрінеді. Осындай жиылыстың біріне келіп қатысқан Bonatti компаниясының аймақтық менеджері Кристиан Боридце «Жалақы желтоқсаннан бастап 20 пайызға өседі, ал вахта мәселесі қарастырылуда. Оны шешу өте қиын. Қашан бұл жүйеге көшу жайлы нақты жауап айту да оңай емес. Себебі біз бұл мәселені жалғыз шешпейміз» деген екіұшты сөзінен соң жұмысшылар нақты шешімді әкімнің өз ауызынан естімек болыпты.
Наразылық шеруіне қатысқандардың бірі Agip КСО мердігері «ССС» компаниясының супервайзері Қазыбаев Еркеғалидың айтуынша оларға компанияларының басшылары «вахтаға шығуларыңа қарсы емеспіз, бірақ жалақыларыңда өзгеріс болмайды» дегенді айтып отырған көрінеді.
- Ал біздің жалақымыз -50 мың теңге (417 доллар), оның 26 мыңы Agip ұсынып отырған Лара сыйақысы. Егер жалақымыз көтерілмей, вахта берілсе, біз осы ақшаны екіге бөліп алуымыз керек, яғни 25 мың теңгеден (208 доллар). Бұл бізді мазақ ету ме? Вахатадан кейінгі бір ай демалыста қалай және немен күн көруіміз керек? Әлде тамақ ішпеуіміз керек пе? Біздің бүгінгі көтерілуіміздің басты талабы – вахта ауысымы және жалақымызды соған сай екі есеге көбейту,-дейді Еркеғали Қазыбаев.
Bonatti компаниясында кран операторы болып жұмыс істейтін Айтжан Тұрғанбаев болса әкімнің қалған проблемаларды ұсақ-түйек деп атап, көзбе-көз кездесуде мұң-мұқтаждарын айтқызбағанына және тыңдамағанына ренішін білдірді.
- Бәлкім біздің проблемамыз кәкір-шүкір болып көрінер. Бірақ біз үшін өте маңызды,-деді ол. Мәселен, 29 қарашадағы талаптарымызды айтқан бірінші көтерілістен кейін бір айға жуық уақыт өтсе де әлі күнге дейін жылы киіміміз жоқ. Толық комплектілі жұмыс киімін, жұмыс беруші үнемдеп, бөліп беріп отыр, яғни бізге комбинезонын береді, курткасын мастерлерге береді. Біздерге сендерге тиесілі емес дейді. Мына үстімдегі курткамды өзім үшін, қалтамнан ақша шығарып, басқа жігіттерден сатып алып отырмын. Ал сырттағы аяз мынау. Кадр бөлімі бастығы Айбол Қаражановтың қорқытуынан да, қоймашылардың дөрекілігінен де шаршап болдық.
Содан соң жалақы мәселесін сөз қылған Айтжан Тұрғанбаев қасында өзімен бірге кран операторы болып жұмыс атқаратын тайландық жұмысшыны мысал етті: -Екеуміздің істейтін жұмысымыз бір, тек ол- 3000$ мен 100 мың теңге (830$) аламын. Мен жалақым туралы айтсам, ол басын шайқап күледі. Неге сол ақшаны бізге бөліп төлеп, вахта жасамайды?-дейді.
Тағы бір жұмысшы Мұратбек Ағыманов өзінің жүк ілуші көмекшісі болып істейтінін айтады. Ол 60 мың теңге жалақысына (500$) отбасындағы 9 адамды асырап отыр екен. М.Ағымановтың пікірінше жалақыны желтоқсаннан бастап 20 пайызға көтеріледі деп ауыз толтырып отырғандары ақшаға айналдырғанда 2000 теңгенің (16$) айналасындағы дүние көрінеді.Сондықтан ол ең аз жалақы көлемі 90 мың (750$) болуын талап ететіндігін ортаға салды.
Содан соң жұмысшылар 2006 жылы Теңіздегі қырғынан кейін ондағы қара жұмыспен айналысатындар жалақысы бірден 90 мың теңгеге көтерілгенін еске алып, егер жалақыға байланысты талаптары орындалмаса сол оқиғаны қайталуға мәжбүрміз дегенді айтты.
Жұмысшылар айтқан тағы бір мәселе жұмыс келісім шарты мерзімінің бір жылдан аспайтыны. Олардың ойынша бұл компанияның ойлап тауып отырған құйтырқы саясаты. Өйткені ол келісім шарт бір жылдан кейін ұзартылмайды. Ал бұл вахтаны болдырмауға, жалақыны көтермеуге лайықталған қолайлы тәсіл.
Жұмысшылардың наразылығын тудырған бір жәйт осы жолы облыс әкімі Бергей Рысқалиевтың келіп тұрып жұмысшылар арасына етене жақындап, жағдайларын білуге ұмытылмағаны болды. Әкім неге бізден қорқады? Қарулы полицияны осыншама жаудыртқаны несі? Неге өз шешімін журналистермен бас қосып жария етпеді? Бұл соншалықты құпия ма еді? деседі жұмысшылар.
Олардың бұл уәжіне біз не айтарымызды білмедік. Бұдан әрі жұмысшылар журналистерге Бергей Рысқалиевтың жергілікті баспасөз бетінде жарияланған хаттамасын көлденең тартты. 13 қарашадағы әкім төрағалық еткен кеңес хаттамасында « мердігерлік мекемелер міндетті түрде вахта әдісіне көшу мәселесін шешсін. Егер осы пункт орындалмаса компания қызметі тоқтатуға дейін баратын заңды шаралар қолданылады. Орындалу мерзімі:20 желтоқсан» деп көрсетіліпті. «Сонда әкім сөзінің де, уәдесінің де құны бір тиын болғаны ма?» деп күйінеді жұмысшылар. Олардың пайымдауынша мұның бәрі облыстың бірінші басшысының Президент алдында жақсы көріну үшін жасалып отырған қадамы ғана.
- Жақында облысымыздың әкімі Президент қолынан «Парасат» орденін алды. Біз жерлесіміз үшін қуаныштымыз әрине. Дегенмен, Қарбатандағы қалың халықтың зар илеп жатқаны қандай парасаттылық көрінісі болмақ?-дейді Талғат есімді жұмысшы.

Біз әлі де облыс әкіміне сенуге тырысамыз деп қорытындылады журналистермен кездесуін жұмысшылар. Ер кезегі үшке дейін. Егер осы жолы әкім тағы алдаса, талабымызға жан қию арқылы болсын қол жеткізетін боламыз деген жұмысшылар енді арыз-шағымдарын Президенттің атына жолдады. Олар бұл іс Мемлекет басшысы тікелей араласпаса бітпейді деп есептеп, Президентті Қарабатанға шақырып отыр.
XS
SM
MD
LG