Accessibility links

Талант Мауқанұлы: АҚШ-та қазақ тілін үйренушілер көбейіп келеді


Түрколог ғалым, доктор, профессор Талант Мауқанұлы. Алматы, 24 қараша 2008 ж.
Түрколог ғалым, доктор, профессор Талант Мауқанұлы. Алматы, 24 қараша 2008 ж.

Америкада тұрып жатқан түрколог ғалым, доктор, профессор Талант Мауқанұлымен Астанада өткен мәртебелі бір жиында кездесудің сәті түсті. Қазақ арасынан жырақта жүргеніне 20 жылдай уақыт өтсе де, Талант домбырада шертпе күйлерді тартып, қазақтың халық әндерін жақсы орындайды екен.

Талант Мауқанұлы Үрімжіде туып өскен. Сонда Шыңжаң университетінде ағылшын тілі факультетін тәмамдаған. Ал, оның жолы АҚШ-қа 1991 жылы түскен екен. Содан бері АҚШ-тың бірнеше университетінде сабақ берген, бүгінде доктор, профессор.

Талант Америкаға келгеннен кейін, алғашқы жылдары Оңтүстік Калифорния университетінің тарих факультетінде докторантурада оқиды. Кейін Индиана университетінің Орта Еуразия факультетінде 6 жыл оқып, докторлық диссертация қорғайды. Оның докторлық диссертациясы бүгінде шалғайда қалған – тува тілі жайында болады.

- Тува тілі – түркі тілдерінің бірі. Мамандығым – түрколог болғаннан кейін оны үйрену қиынға түспеді. Дегенмен, көп еңбектенуге тура келді. 1988 жылдан бастап, 20 жылдай уақытымды осы диссертацияға сарп еттім. Тува тілінде жетік сөйлеп кетпесем де, – морфологиялық, грамматикалық және фонологиялық талдау жасаумен шұғылдандым, - дейді Талант Мауқанұлы.

Диссертациясын қорғағаннан кейін, ол Висконсин университетінде қазақ тілі және Орта Азия тілдер мәдениеті пәнінен екі жыл сабақ береді. Бұдан кейін 2002-2006 жылдар аралығында Индиана университетінде профессорлық қызмет атқарады. 2006 жылдан Висконсин университетінде интернет арқылы қазақ тілін үйретуге қатысты бір жобаны басқарады. Ол жоба бойынша екі жыл қызмет істеп, Вашингтон университетіне ауысады. Биылғы оқу жылынан бастап Вашингтон университетінде жұмыс істеп келеді.

Талант Мауқанұлы АҚШ-та қазақ тілін үйренуге деген ынта-ықыластың артып келе жатқандығын айтады.

- АҚШ-та 5-6 университетте Орта Азия тіл мәдениетін зерттейтін факультеттер бар. Сонда қазақ, ұйғыр өзбек тілдерінен сабақ береді. Бұған американдық докторанттар мен студенттер қатты қызығады. Олардың көбі қазақтың тілі мен тарихына, Қазақстанның саясатына қызығады. Америкада ғалымдарға қойылатын бір талап – докторант, егерде, Қазақстанның саясатына байланысты диссертация жазса, ол міндетті түрде орыс тілімен қоса, қазақ тілін де игеруі керек. Біздің университетте 60-тай тіл үйретіледі. Солардың бірі – қазақ тілі, -дейді ол.

Дегенмен, Орта Азия елдеріне, соның ішінде, Қазақстанға деген американдықтардың қызығушылығы бүгінде өткен ғасырдың 90-шы жылдарындағыдай емес дейді ол:

- Кеңес одағы құлаған кезде, посткеңестік елдердің тарихына деген ықылас ерекше еді. Алайда, 2001 жылғы 11-қыркүйектегі оқиғадан кейін Америка қоғамының араб тілі мен Ислам дініне аңсары ауды.

Талант Мауқанұлы бүгінде АҚШ-тағы қазақтардың санын нақты дөп басып айту қиын екендігін сөз етті. Мұхит асып барған қазақтар алып құрлықтың қай бұрышына тарап кеткені белгісіз. Дегенмен, әр штаттағы қазақ отбасылар «Наурыз», жаңа жыл мейрамдарында бас қосып тұрады екен.

- Олардың саны 10 отбасыдан аспайды. Көбі «Болашақ» бағдарламасымен келіп оқып жатқан студенттер. Олардың кейбірі АҚШ-та қалып та қойды. «Болашақ» бағдарламасымен келген студенттердің көбі қазақша білмейді, американдықтар екі қазақтың ағылшынша сөйлескенін көріп таң қалған еді, - дейді ол.

Таланттың Қазақстанға жолы жиі түседі екен. Ең әуелі 1988 жылы аспирантураға түсу мақсатында Қытайдан келген екен. Бірақ, дәм-тұзы Америкадан тартыпты. Ол кезде Қытайдан шет мемлекеттерге шығып кету қиын болатын,- дейді Талант. Бірақ, оған ағылшын тілін білетіндігі жәрдемдесіпті, Америкадан келген туристермен сөйлесіп жүріп, басқа да университеттерге хат жазып жүріп, Оңтүстік Калифорния университетінің грантын жеңіп алуға қол жеткізеді.

- Қытай қолымда нақты шақыртуы мен университеттің гранты болмаса, АҚШ-қа жібермейтін де еді, - дейді ол.

Ал, Талант Мауқанұлының Қазақстанға бұл жолғы келуінің өзіндік мақсаты бар. Висконсин университетінде қазақ тілін интернетте үйрету сабақтарының Online interactive жүйесін жасаған ол, мемлекеттік тілді өзге ұлт өкілдеріне үйретудің жаңа жобасын Қазақстан үкіметіне ұсынып, бірлесе қызмет атқаруға шақыруды мақсат етіпті. Талант бұл интерактивтік жүйені жасамас бұрын Қазақстанға келіп, бір айдай уақыт ғалымдар, мұғалімдер, студенттер, оқушылармен кездесіп тәжірибе алмасып, сұхбат өткізіпті. Онлайн-интерактивтік сабақтың мақсаты да сол – тыңдау қабілетін көтеру мақсатында жасалған.

- Негізінде дін, тарих, қазақтың дәстүрлі мәдениеті, биология, гендерлік саясат, биотехникалық сияқты 10 тақырыпта дәріс дайындадық. Бұның арнаулы сайты бар, дүниенің қай түкпірінде жүрсе де, оған еніп, қазақ тілін үйрене беруге болады. Негізінен тыңдау қабілетін көтеру мақсатында дайындалған, - деген ол, бұл жобаға Астана қалалық Тілдерді дамыту басқармасындағы шенеуніктердің мүдделілік танытқанын айтады.
XS
SM
MD
LG