Accessibility links

Өмірін театрға арнаған Фарида Шәріпова


Фарида Шәріпова М.Байджиевтің "Жекпе-жек" спектаклінде Нази ролінде. 1981 жыл.

Фарида Шәріпова М.Байджиевтің "Жекпе-жек" спектаклінде Нази ролінде. 1981 жыл.

Бүкіл ғұмырын театр және кино саласына арнаған қазақ актрисасы Фарида Шәріпованың дүниеден өткеніне де апта толды. Замандастары ол кісіні ізденгіш, еңбекқор, адал және қазақ театр өнерінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан жан еді деп еске алады.


«ҚАСЕН – ЖӘМИЛАДАН» БАСТАЛҒАН ӨНЕР ЖОЛЫ

Фарида Шәріпова өмірінің соңына дейін Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрда еңбек етті. Қазақ театр өнерінің қара шаңырағы саналатын аталған театр сахнасында Фарида Шәріпова сан алуан образдар жасады. Қазақ киносы мен дубялжда да Фарида Шәріпованың қайталанбас өзіндік қолтаңбасы қалды.

Фарида Шәріпова 1936 жылы Қытайдың Шәуешек қаласында дүниеге келген. 1959 жылы Алматы мемлекеттік өнер институтынының актерлік факультетіне оқуға түсіп, Асқар Тоқпановтың класында дәріс алған. Фарида Шәріповамен бірге оқыған актер Сәбит Оразбаев оның ерекше талант иесі екенін және еңбекқорлығын еске алады.
Фарида Шәріпова ойнаған рольдердің бірі.


– Біз оқып жүрген кездің өзінде-ақ Фарида қазақ халқының атын дүниежүзіне танытты. «Қасен – Жәмила» деген фильмде басты рөлді ойнады. Сол кезде-ақ оның болашақта жұлдыз болатынын сездік. Оның бойындағы ұлы қасиеттерінің бірі – адал еңбек етуге, жұмысқа деген құштарлығы. Образ жасау жолындағы тынбай ізденгіштігімен бізді таңқалдыратын, – дейді Сәбит Оразбаев.

Фарида Шәріпова көптеген фильмдерге түскен. Ол «Қыз Жібек» фильмінде Жібектің жеңгесін ойнады, дубляжда Жібектің дауысын дыбыстаған. «Менің атым – Қожа» фильміндегі бала Қожаны қазақша сөйлеткен де – Фарида Шәріпова.

ҚАЗАҚ ӨНЕРІНДЕГІ ҚОС ЖҰЛДЫЗ

Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрының директоры әрі көркемдік жетекшісі Есмұхан Обаев өзінің осы театрға режиссер болып келген кезде бірінші сахналаған спектакліндегі басты екі рөлді Фарида Шәріпова мен оның жұбайы әйгілі қазақ актері Ыдырыс Ноғайбаев сомдағанын айтады.

– Екеуінің қол ұстасып сахнаға шығуы бір үлкен сән еді. Болмыс, бітімдері, жүріс-тұрыстары, адами мінездері, көпшілікке деген қарым-қатынасы екеуін бірден өнердің биігіне көтерді. Өйткені екеуі де ізденімпаз болатын. Екеуі де образ жасағанда оның бұрын сахнада ашылмаған қырын көрсетіп, сол жағынан келуші еді, – дейді Есмұхан Обаев.

Есмұхан Обаев өз сөзінде Фарида Шәріпова алғаш театрға келген кезде сол тұстағы қазақ театр өнерінің майталмандарымен бірге еңбек ете жүріп, өнердегі орнын тауып, өз биігіне жеткенін атап өтті.

– Ол ішкі интеллектісі өте жоғары адам еді. Сол себепті де ол кісі жасаған образ әлемі өзінше ерекше. Театрдың ішкі мәселесіне қатысты жиналыстарда көптің көңілінде жүрген нәрселерді қозғап, әділ пікір айтатын еді, – дейді Есмұхан Обаев.

«АТ ТҰЯҒЫН ТАЙ БАСАР», БІРАҚ ФАРИДА ШӘРІПОВАНЫҢ ОРНЫ ТОЛМАЙДЫ

Жазушы әрі драматург Дулат Исабеков қазақ театр сахнасындағы айтулы қойылымдарды Фарида Шәріповасыз елестету қиын екенін айтады. Драматург өзінің «Әпке» пьесасының сахналануы кезінде Фарида Шәріпованың талантына тәнті болғанын айтады.

– Фариданы бұрын сахнадан көріп жүрсем, енді бетпе-бет спектаклдің үстінде таныстық. Образға беріліп, көзіне жас алса, тоқтай алмай кетуші еді. Тіпті, «артық жылайсыз» деп те ол кісіге ескерту айтушы едік. Сөйтсек, біреудің қайғысын өз қайғысындай сезіну және образ деген де содан келіп шығады екен ғой. Кейде сахнадан күнде көрінбей тұрсаң, еленбей қалатын кездер болады ғой. Ондай сәттер өнер адам үшін ауыр. Есмұхан Обаев «Отыз ұлың болғанша» деген спектаклді біздің егде тартқан актерларымызға алып берді. Ол да бір жалғызсырап қалған адамдар туралы спектакль еді. Сонда ойнаушы еді, – дейді Дулат Исабеков.

Дулат Исбеков Фарида Шәріпованың орнын жас актерлар басады деп ойлайды. Бірақ Фарида Шәріпова жасаған образдар әлемі қайталанбас дүниелер екенін айтты.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG