Accessibility links

«Авторитаризм үшін ақпаратты бақылап ұстау қиындап барады»


Қазақстандық журналистер мен қоғам өкілдері Крис Артертонмен телесұхбат жасап отыр. Алматы, 16 қыркүйек 2010 жыл

Қазақстандық журналистер мен қоғам өкілдері Крис Артертонмен телесұхбат жасап отыр. Алматы, 16 қыркүйек 2010 жыл

АҚШ-тың Саясат, демократия және интернет институтының директоры Кристофер Артертонның пікірінше интернет дамуының арқасында алдағы 10-15 жылда ақпаратқа тосқауыл қою мен ақпарат еркіндігі арасында тепе-теңдік орнайды. Жаңа технология дамыған сайын билік өкілдері ақпаратты бақылауға дәрменсіз бола түсті дейді маман.


Қыркүйектің 15-сі күні АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулдығы Джордж Вашингтон университетіне қарасты Саясат, демократия және интернет институтының басшысы, доктор Крис Артертон мен елдегі азаматтық қоғам өкілдері және журналистер арасында бейнесұхбат ұйымдастырды. Бір сағатқа созылған сұхбат барысында олар әлемдік интернеттің бағыт-бағдары, жаңа медианың үстемдігі жөнінде пікір-көзқарастарын айтты.

Ақпарат көлемі мен оны тарату жылдамдығының барған сайын артып бара жатқанын айтқан Крис Артертон ақпарат алмасу процесінің бүгінгі таңда жаңа бағыт алғанын айтады.
Авторитарлық режим орнаған елдерде үкімет халықтың жаңа медиа құралдарын қолдануына мүдделі емес. Олар оны бақылауға алуға ұмтылады. Бірақ бұл өте қиын.

- Түбегейлі өзгеріс дегенде мен мынаны айтқым келеді: біртектес әңгіме желісінде миллиондаған аудиторияға сөз арнаған насихатшының сөзін құр тыңдап отыратын заман келмеске кетті. Интернетті театр деп елестетіңізші! Үзіліс кезінде мыңдаған адам жүрек жалғау үшін фойеге шығады. Құжынаған жұрт. Ешкім бірін-бірі естімейді. Интернет те сол сияқты – жүздеген, мыңдаған адам бір уақытта сөйлейді. Бірақ, бірін-бірі еститін адамдар өте аз. Және ол мыңдаған адамды аузына қаратқан бір спикердің болуы шарт емес, - деді Крис Артертон.

Маманның ойынша, мұндай жағдайда ақпарат кеңістігін бақылап ұстау қиынға түспек. Әсіресе, авторитарлық режим орныққан елдерде биліктің кез-келген коммуникацияның жаңа түріне үрейлене қарауы да соның айғағы екенін айтады Крис Артертон.

«Авторитарлық режим орныққан елдерде жаңа медиа құрылымдардың авторитаризм бұлтын сейілтуге қаншалықты қауқары жетеді?» деген Азаттық тілшісінің сұрағына доктор былай деп жауап берді.

- Авторитарлық режим орнаған елдерде үкімет халықтың жаңа медиа құралдарын қолдануына мүдделі емес. Олар оны бақылауға алуға ұмтылады. Бірақ бұл өте қиын. Өз пікірін ашық жеткізуге ұмтылған халықты бақылауда ұстағысы келген Қытайды мысал ретінде келтірсек те жеткілікті. Біле-білсеңіз, бұл тіпті жаман ойынға ұласып барады. Адамдар биліктен қысым көрген сайын тосқауылды құртудың амалдарын іздестіріп жатыр. Оған жауап ретінде билік одан да «тиімді жолдарды» іздестіре бастайды. Сөйтіп, жалғаса береді. Бұл шексіз ойын. Әдетте, компьютерлік хакерлерді өте қатыгез адамдар деп білеміз. Бір қызығы, олар пайда да келтіре алатын көрінеді. Олардың көмегімен мемлекет қойған тосқауылды бұзып өтуге болады, - деді Крис Артертон.

Маманның ойынша, түптің түбінде ақпарат еркіндігі үстемдікке жетеді.
Алдағы 10-15 жылда ақпаратты бақылап ұстау әрекетімен ақпарат еркіндігін талап ету үрдісі тең дәрежеде тайталасатынына куә боламыз

- Алдағы 10-15 жылда ақпаратты бақылап ұстау әрекетімен ақпарат еркіндігін талап ету үрдісі тең дәрежеде тайталасатынына куә боламыз, - деді доктор.

Сөз арасында маман Қазақстанда фейсбук қолданушылардың санын есептеп білгенін айтты. – Сұхбат басталғанға дейін Google-ға шығып, Қазақстанда 104 мың фейсбук қолданушысы бар екенін көрдім. Олардың жартысынан астамы әйелдер екенін білгенде таң қалдым. Бұл сіздердегі демографиялық хал-ахуалдан хабар береді, - деді Крис Артертон.

Айта кетейік, Кристофер Артертон Джордж Вашингтон университеті Саяси менеджмент мектебінің (GSPM) негізін қалаушы және сол мектептің бұрынғы деканы. Қазіргі уақытта ол осы мектептің жанындағы ғылыми зерттеумен айналысатын Саясат, демократия және интернет институтының (IPDI) директоры қызметін атқарады. Джордж Вашингтон университетіне келгенге дейін ол 20 жыл бойы Демократиялық партияның жұмысына белсенді түрде араласып, түрлі деңгейдегі сайлау науқандары кезінде кеңес беріп отырған және партияның бағыт-бағдары туралы түрлі мақалалар жазған.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG