Accessibility links

Сен – көктесің, біз –жердеміз

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Ақын Кеңшілік Мырзабеков, Алматы 1988 жыл

Ақын Кеңшілік Мырзабеков, Алматы 1988 жыл

Әке сенің мына жалған дүниеден озғаныңа тура жиырма жыл толып отыр. Бірақ сенің жалынды жырларың мен нұрлы бейнең бізбен бірге мәңгі жасап келеді.

"Сен – көктесің, мен – жердемін". Екеуміздің де жерде жүргеніміз күні кеше ғана еді ғой. Жалған дүние-ай! Сенің бұл беймаза тіршілікпен мәңгі қош айтысып кеткеніңе жыл артынан жыл өтсе де , Әке, сен мен үшін әлі тірісің. Затыңа атың сай, мінезің де кең, заманың да кең еді. Поэзия әлеміндегі өз салмағыңды терең түсінгендіктен, өлең оқығанда арқаң қозып, бәйгенің алдын бермейтін асау тұлпардай тықыршып, бір орында тұра алмай, дауысың жаңғырып, дүниенің бәрін ұмытып, кейде дана, кейде бала сияқты мінез көрсетуші ең. Соның бәрі санадан сыпырылып ұмыт бола бастапты-ау. Өйткені, «Сен –періште, мен – пендемін». Себебі, біз сияқты екі аяқты саналы тіршілік иелерінің алдында пендешілік атты тосқауыл тұр.
Дүниені айтқанына көндіріп, ығына бейімдеп, тіпті тіршіліктен түңілтіп жіберуге «Замана» атты ұлы күштің қауқары жетеді. Соның кесірінен қысыр қалған биедей тылсым түнекте тыпыршитын Адам өмірінің өлшеулі екендігін ұғып, көрсоқыр қараңғылықтың құрсауынан құтылуға сан рет оқталанғанымен, өзінің алдында тұрған пендешілік атты тосқауылға төтеп бере алмаса керек. Оны азаматтық борышымыздан да биік санап, жамауы мен көктеуінің жібін түзеп кеткендігіміз соншама, перзенттік парыз бен пендешілік тірліктің арасын адам ажаратқысыз етіп жібермедік пе..
Өмірдің ағысы қайда бұрса, сонымен ілесіп кете беретін біз құрдымға құйсақ та, алды мен артын болжамай, тек бір күнгі жылылыққа жұмсарып, бір күнгі суыққа төтеп бере алмай тісін қайрайтын ит тірлігіміздің кебінін кеудемізден жұлып тастауға амалымыздың да, айламыздың да қолынан түк келмейтінін сезіп, қайта сонымызға да үлкен мән беріп, көңіл жұбатамыз. Біз, Адам –пенде – кешегі Абыл мен Қабылдың кемелденген ұрпақтары әмісе момын жердің үстінде жүріп, маңдайымызға біткен бес елі сорымызды жоқтығымыздан емес, көптігімізден көреміз.
Алайда, дүние жаратылғаннан бері сол екі аяқты тобырдың хайуанға айналып кетуден сақтап қалып отырған бір ұлы Құдірет бар. Ол ұлы құдірет иесінің аты – Сезім. Ньютон мен Галилейді ұлы системалар құруға итермелеген де, Торвальдсенге періштенің суретін салғызған да, Пушкин мен Абайға ұлы өлеңдер жазғызған да сол – ұлы Сезім рухы болса керек.
Сезімімді сергелдеңге түсірдім,
Сезінуден ұшықтым да, ұшындым,
Сезімімнен ұшық алдым, тұщындым.
Сезім, сенің – құлыңмын да, құсыңмын,
Сезім, сені жаңа-жаңа түсіндім.
Әдетте, адам баласы дүниедегі бүкіл бітім-болмысытың иесі секілді өмірдің ащысы мен тұщысын бірден емес, бірте-бірте ұғынатындығы рас. Дей тұрғанмен, Ақын адам баласының жан дүниесінің шексіз галактикасындағы жатқан құбылыстың бәрін іштей сезініп туатын сыңайлы. Сенбесеңіз, ақынның бозбала кезінде жазылған «Қарлығаш құс-ау, келдің бе, тірі келдің бе?» деп басталатын өлеңіндегі мына бір өлең жолдарына назар аударып көріңізші.
Пендеміз ғой біз, пенделікті егер сөз қылсақ,
Сені де кейде үркіткен кездер болып жүр.
Елеме оны, қасиетті құсым, көз жұмсақ,
Қабірімізге құрғатпай келіп қонып жүр.
Ақын өмірін бастамай жатып-ақ, ғұмырының келте аяқталатынын сезетін сияқты. Өйткені ақын – құдірет. Ол ажалдың бетіне тура қарап, пенділіктен гөрі періште ғұмыр кешуге зәру келеді. Ал қарақан басының қамын ғана ойлайтын пендеден ақын шықпайтындығы бесенеден белгілі.
Ақын Кеңшілік Мырзабеков Алматы қаласы, 1988 жыл
Орыстың белгілі ақыны Андрей Вознесенский бір сөзінде: «Адамның жетпіс проценті өтіріктен, отыз проценті судан, тек бір-ақ проценті Микеланджелодан тұрады» деген екен. Бір процент... Ойлап қарасаңыз, жүз проценттің ішіндегі бір проценттің атқаратын рөлі өте төмен. Алайда кешегі тас үңгірдегі Адам-ата мен Һауа-ананың ұрпақтарын бүгінгі кемелденген ұлы ғасырға аман-есен жеткізген де, дүниедегі не бір ғаламатты ойлап тапқан да сол бір процент екенін мойындауымыз керек. Біздіңше, халқының қамын ойлап тер төккен ақынды сол бір процент иелерінің қатарына батыл қосуға болады.
Кетті бір адам,
Өтті бір ақын дүниеден,
Сезімі менен сөзіне ғана сүйенген.
Сезім мен сөз, сөз бенен сезім қасиеті,
Өлтірме оны, сақтай жүр оны киеңмен.
Ұлы да емес, данышпан де емес, ол – ақын,
Сонда да сезім, сөзінен рахат табатын.
Ұлы да емес, данышпан да емес, ол – адам,
Ақ қанат адал періште ғана болатын.
Адамдық сезім,
Ананың тілі – екеуі,
Екеуі үшін перзенттік парыз өтеді.
Сезім мен сөз, сөз бенен сезім қасиетін
Мәңгі етсем деді, маңдай тер төкті,
Жетеді.
Бұл – ақынның бүкіл бітім-болмысы. Қорғасындай құйылып қалған жыр жолдарынан бір мін таба алмайсыз.
Сезім мен Сөз. Иә, шындығында, бұл дүниеге деген үлкен махаббат та ұлы Сезім арқылы келетіндігі рас. Соны терең түсінген ақынның нәзік сезімге толы мержандай өлең жолдарын тебіренбей оқуыңыз мүмкін емес.
Әкемнің басқа ақындардан басты ерекшелігі - өлеңдерін оқи отырып, тіл байлығының молдығына, образ сомдау шеберлігіне қайран қаласыз. Тіпті сонау жас кезінің өзінде-ақ тілдің құдіреттілігіне аса зор мән бергенін байқайсыз.Оған дәлел ретінде ақынның «Іңкәр дүние» атты тұңғыш жыр жинағынан үзінді келтіре кеткеніміз айып болмас.
...Өлара мезгіл...
Он алты жаста едік біз.
Өлара өтсе, өруге жүрген елікпіз.
... Бозала таңда бозторғай әлі шыр етпей.
Тып-тыныш дала тұмшанып жатса сүмектей.
...Соңғы солқылдар созылып тұрып сіңірдей
Шарт сынды бұтақ шағырмақтарға ілінбей.
Айта берсек, мұндай мысалдарды ақын жинақтарының кез келгенінен көптеп келтіруге болады. Бұл тұста ақын туралы «Жалын» журналында пікір айтқан Ғұсман Жандыбаевтың: «Кеңшіліктің ақын ретінде оқырман назарын айрықша аударған бір ерекшелігі – сонау Ілиястардан кейін Сырбай, Қуандық секілді қадау-қадау ақындарда ғана молынан қалып қойған, ал жалпы поэзиямызда алпысыншы жылдардың ортасына қарай тіптен сұйылып кеткен ұлттық тіл бояуын кейінгі толқын ішінен алғашқы болып қайтадан бір көрсетуінде еді», - деген сөздері өте орынды айтылған пікір.
Ақын бейнелі образ, бейнелі ырғақ құруға әуес. Мысалы, қазақ кешті қоңыр кеш, қызыл іңір деп айтуы мүмкін. Алайда, ақын мұндай қарапайым, екі адамнын бірі қолдана алатын теңеуден қашып, «қанкүрең кеште» деп жазады. Сөзді естігенде көз алдыңызға әлі ұясына батып үлгірмеген күннің жер-жаһанды қызыл шапаққа бөлеген нұрлы сәті көз алдыңызға еріксіз елестейді.
***
Өнердің міні – мінезсіздік. «Мінезсіз өнер – мінезсіз жылқы» (А. Сүлейменов). Алайда, ол мінез бір толқынның ғана емес, бірнеше толқынның, сондай-ақ өлеңде өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан әр ақынның қосқан бояуының нәшімен ерекшеленеді.
Өлеңдегі мінез... Иә, расында да, поэзияға келген әр толқын өлең өресін бір үлкен белеске көтеріп тастайды. Міне, осы белесте әр ақынның өзіндік үн-сарыны мен дара мінезі сайрап жатады.
Ақын Кеңшілік Мырзабековтың отбасы. Солдан оңға қарай үлкен ұлы Амангелді, зайыбы Зинура мен кенже баласы Мағжан
Әкем мен оның қатарластары поэзияға соғыстан кейінгі соны самалды ала келген еді. Бірақ, неге екені белгісіз, «құмнан су іздеген құландай» (Мұқағали) творчествосы бар осы толқын туралы ақиқатты бүге-шігесіне дейін айта алмай, әлі де толық айта алмай келеміз. Әйтпесе, И. Сапарбаев, И. Оразбаев, Ж. Әбдірашев, С. Тұрғынбеков, Ш. Сариев, С. Оспанов және т.б.сияқты ақындардың қай-қайсысы да поэзияда өзіндік қолтаңбасы бар, біріне-бірі ұқсамайтын дара тұлғалар.
Біздіңше, көзі тірісінде әдебиетшілер тарапынан жөні түзу бағасын ала алмаған ақынның поэзиядағы алатын орны туралы сөз қозғайтын кезек енді туды. «Тоқырау кезеңінің төл перзенттеріміз» деп алғашқылардың бірі болып үлкен мінбеден сөз қозғаған ақынның поэзия әлеміндегі дара жұлдыз екендігін енді ғана түсініп жатқандығымыз қандай өкінішті! Өзі жөнінде жоғары пікір ести алмау – ақын үшін үлкен қасірет. Бәлкім, соған өкінгендіктен бе, бір өлеңінде:
Сені ме, сені, сені ме, сені,
Сенбеймін саған сұм жалған.
Бір күні мені жалғыз тамшыдай
Жылт еткізесің жылғаңнан, -
деп, бүгінгі күніне түңіліп отырса да, өлеңдерін келер ұрпақ кәдеге жарататынына кәміл сенген ақын:
Өлімнің бәрі бірдей ме,
Жо, жо, жоқ, оған қарсымын.
Мен өлсем ертең гүлдейді
Тамырым мен менің талшығым, -
деп басқа бір тұста өзін-өзі жұбатады. Алайда, ақын сезім мен сөздің құлы боп кетті десек, қатты қателесер едік.
Күлдім, ойнадым кезінде
Бір күн ойладым: «сезімге
кеудем жүргенде күмбірлеп,
құл боп кетпейін, құрғыр» деп.
***
«Сен – көктесің, мен – жердемін».
Әке, сенің қабіріңнің басына келіп, тағы да бүгін өзіңді еске алып, мұңымды шағып тұрмын. Өзің жоқ болсаң да, өзегіңді жарып шыққан жалынды жырларыңды халқың ұмытпайды. Сен туған елің Торғай топырағын қатты сағынушы ең.
Туған жер, саған қаталап,
Кім қалай сүйсе өз еркі.
Мендегі сендік махаббат
Жанардың нұры – көз өрті,
Жүректің нұры – сөз өрті, - деп жазып едің бір өлеңіңде.
Қош бол, Әке... Мен сені әлі талай сағынып, зиратыңның басына әлі талай келермін.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG