Accessibility links

«Комета S» баспасының тағдыры қыл үстінде тұр


Қаржы полициясының қызметкері "Комета S" баспасының есігіне тыйым қағаз желімдеп жатыр. Алматы, 24 қыркүйек 2009 жыл

Қаржы полициясының қызметкері "Комета S" баспасының есігіне тыйым қағаз желімдеп жатыр. Алматы, 24 қыркүйек 2009 жыл

Алматының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты «Комета S» баспасының арызын мүлде қанағаттандырмай тастады. Іс ушықса, тіпті баспа директоры бас бостандығынан айрылуы мүмкін дейді баспа өкілдері.


«Комета S» баспасы мен Алмалы аудандық салық басқармасы арасындағы дауды қараған судья Кәмила Сәлімбаева баспахананың шағымын мүлде шындыққа сәйкес келмейді деп тапқан. Судьяның неге сүйеніп шешім шығарғанынан хабарсыз заңгер Сергей Уткин тіпті бұлар сот шешімінде көрсетілмегенін айтады.

«Ең бастысы, екі жақ келтірген есептер бір-біріне мүлде қайшы. Біз олармен, олар бізбен келіспейді. Біз өзіміздің есептердің дұрыстығын құжаттармен дәлелдедік. Ал салық орган өкілдері дәлелдегісі келмейді. Мен сотқа «сот-есептік сараптамасын жүргізейік. Мұндай жағдайда кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін кесіп айту қиын» дедім. Сот ұсынысты қабылдаған жоқ. Еш дәлелі болмаса да, салық органы өкілдерін үнсіз құптай береді»

Баспа өкілдері шығарылатын шешім белгілі болса да, сот сатыларының барлық кезеңдерінен өтеміз деп отыр. Қайткен күнде де, баспаға тексеріс қорытындысында көрсетілген төрт миллион теңгені төлеуіне тура келеді. Ал бұл тіпті баспаның жабылуына әкелуі мүмкін деп болжайды мамандар. Дегенмен оларды бұдан да маңызды нәрсе алаңдатып отыр.

Сергей Уткин: «Ең қорқыныштысы, қылмыстық іске баспа директорының тартылуы. Жоқ жерден заңбұзушылықты ойлап тауып, сол үшін адамды түрмеге отырғызбақ. Бізді осы жайт қатты алаңдатып отыр»

Сот шешімі кеш шыққандықтан олардан қандай да бір жауап алудың сәті түспеді.

Естеріңізде болса, осыған дейін «Комета S» баспасы қаржылық операцияларды дұрыс жүргізбеген деп қорытынды шығарған Алмалы аудандық салық басқармасын сотқа берген болатын. Шағым иесі соттан тексеріс қорытындысын заңсыз деп тануды сұраған еді.

Салық басқармасының дәл осы қорытындысы осыдан бір жыл бұрын баспа мен оның басшыларының үстінен қылмыстық іс қозғауға негіз болған еді. Мүліктері мен құжаттары тәркіленген баспаның өткен жылдан бері жұмысы тоқтап тұр. Ал енді оның тағдыры мүлде қыл үстінде десе де болады.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG