Accessibility links

Қазақстан Коммунистік партиясының өкілдері алматылық студенттердің президент Н.Назарбаевқа жолдаған үндеулерін қолдайтынын айтты. Елдегі білім жүйесін сынаған олар мемлекет қазынасынан оған тиісті қаржы бөлінбейтіндігін де тілге тиек еткен еді.

Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ техникалық университетінің студенті Алмас Сарыбай Қазақстандағы білім жүйесіне қатысты өз толғанысын былайша жеткізеді.
- Қазір Қазақстанда білім саласы дағдарысқа ұшырады. Білім сапасын жоғары дәрежеде деп айтуға болмайды. Ол мұғалімдер, оқытушылар деңгейіне де байланысты. ЖОО-да кредиттік технология енгізілді дейді, бірақ оның не екенін білмейтін студенттер бар.
Бұған дейін Алматы қаласындағы ЖОО-ның 8 мыңға жуық студенті өздерінің әлеуметтік жағдайларының төмендігі мен құқықтарының қорғалмайтынын айтып, ел президентіне үндеу жолдаған болатын. Қазақстан коммунистік партиясының өкілдері студенттердің бұл үндеуіне қосылатындығын айта келе, білім саласындағы бар мәселелердің түп-төркінін оған бөлінетін қаржының мардымсыздығымен байланыстырады.
- Кеңес Одағы кезінде, 50-ші жылдары біз білім саласына ЖІӨ-нің 10 пайызын бөліппіз. 1970-ші жылдары 7 пайыз бөліппіз. Ешкімге жаңалық емес, бүгінгі күні нақты білім саласына ЖІӨ-нен 1,2 пайыз бөліп отырмыз. Бұл 1 млрд АҚШ доллары, - дейді коммунистік партияның Жастар қанаты бөлімін басқарушы Азамат Жетпісбаев.
Бұл көрсеткіштің тым аз екенін айтқан ол, әлемдік тәжірибе бойынша білім саласына ЖІӨ-нен кем дегенде 5-7 пайыз қаржы бөлінуі тиіс дейді. Білім саясатын түбегейлі өзгерту қажеттігін алға тартқан партия өкілі тегін оқу мүмкіндігін жүзеге асыру мәселесіне тоқталады.
- Әрине, бірден тегін жүйеге көшу мүмкін емес. Екі кезеңге бөліп қарастырсақ болады. Бірінші кезең – бесжылдықта біз мемлекетімізде қанша ұлттық ЖОО бар, соның барлығын тегін оқуға көшіруіміз керек. Ал,келесі бесжылдықта барлық мемлекеттік ЖОО-ын тегін етуге талаптануымыз керек.
Мамандардың сөзіне сенсек, бүгінгі күні республикада «Білім туралы» заңда жазылған талаптардың бәрі орындалмайтын көрінеді. Мәселен, студенттер үшін қоғамдық көлікте 50 пайыз жеңілдікпен жүру құқығы тек Алматы және Қарағанды қалаларында ғана сақталған. Студенттерге көп жылдардан бері дәріс оқып келе жатқан профессор, Қазақстан Коммунистік партиясының төрағасы Серікболсын Әбділдин елдегі білім ордаларының тек ақылы бөлімдегі студенттердің оқуға төлеген қаржысымен күн көріп отырғандығын алға тартады.
- Бұл елдегі білім жағдайын мүлде титықтатып жіберді, - дейді ол.
- Әлемнің ешқандай мемлекетінде мұндай жағдайды кездестірмейсіз. Көптеген елдерде ЖОО-ның шығынының басты бөлігін мемлекет өзі жабады. Бізде 100 студенттің 15-16-ы ғана грантта оқиды. Соның өзін толыққанды қамтамасыз ете алмай отыр.
Коммунистік партияның басшысы студенттердің құқықтарының сақталмауы да қоғам шындығы болып отыр дейді.
- Біздің арамызда өткен жылдары Гумилев атындағы университетте оқыған екі жігіт бар. Екеуі де студент кезінен бастап коммунистік партия мүшелері. Билік осы екеуінің соңына студент кезінен бастап түскен еді, әлі күнге дейін жалғасып келеді. Оны біз өз көзімізбен көріп, құлағымызбен естіп жүрміз.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG