Accessibility links

Тапсырыспен өлтірілген Борис Костановтың өліміне тапсырыс беруші Есентай Байсақовтың қылмысы мен мекен-жайын жасырды деген күдікпен айыпталған Ә.Қосанов күдіктіден куәгерге айналды.

ҚР Ішкі істер министрлігі аса ауыр қылмысты жасыру фактісі бойынша қозғалған қылмыстық істе оппозициядағы саясаткер Әміржан Қосановты күдіктілердің қатарынан алып тастады, бірақ іс бойынша ол куәгер ретінде қалады. Бұл туралы қыркүйектің 29-күні Астанада журналистермен кездесуінде ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Бағдат Қожахметов хабарлады.

Қазақстанның құқық қорғау органдары Әміржан Қосановты жауап алуға тамыз айында шақыра бастапты. Бірнеше мәрте Алматыдағы ішкі істер департаментінің табалдырығын аттаған ол тергеушілердің сауалдарына бұлтарып жатпапты – аса ауыр қылмыс жасаған деген күдікпен іздеу жарияланған Байсақовтарды бүркемелеу былай тұрсын, оларды тіпті танымайтындығын айтыпты. Бірақ Әміржан Қосанов ағайынды Байсақовтарға саяси баспана беру туралы Украинаның Ұлт мәселелері бойынша Комитетіне 2005 жылы жолданған хатқа саяси әріптестерімен бірге қол қойғандығын жоққа шығармайды.

«Әріптестерімізді саяси репрессиядан сақтап қалу үшін талай хатқа қол қойғанбыз. Байсақовтарды танымасам да, әріптестерім қорғаған соң, соларға сеніп мен де қол қойдым», - деді Әміржан Қосанов.

ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Бағдат Қожахметов дүйсенбі күні журналистермен кездесуінде Әміржан Қосанов күдіктіден куәгерге айналғандығын мәлімдеді. «Әміржан Қосанов өзінің Есентай Байсақовпен ешқандай таныстығы жоқтығын хабардар етті, - деді Б. Қожахметов. - Тергеу материалдарында ол екеуінің байланысы жөнінде мәлімет жоқ. Сондай-ақ куәгер Ә. Қосанов қылмыскерге саяси босқын мәртебесін алу туралы хатқа достарының өтінішімен қол қойғанын мәлімдеді».

Бұдан бөлек ІІМ-нің өкілі Әміржан Қосановтан басқа азаматтар, яғни Болат Әбілев, Владимир Козлов және Асылбек Қожахметов әлі күдіктілердің қатарында екендігін жария етті.

«Бұл жерде, бәлкім, билік басындағылар оппозициядағы әріптестеріммен арада жік салғысы келетін секілді, - деді Әміржан Қосанов. - Сондықтан мен бұл жайтты «шындықтың жартыкештігі» деп бағалаймын. Өзімнің әріптестеріме тағылып жатқан айыптың саяси астары бар екенін айтудан жалықпаймын».

Дүйсенбі күні кешкісін оппозициядағы тағы бір саясаткер Асылбек Қожахметов Алматыдағы ішкі істер департаментіне барды. Тергеу комитетінің қызметкерлері кезекті жауап алу жұмысын осы уақытқа белгілепті.

«Айыптаулар ақылға сыйымсыз. Сондықтан, олар қателігін түсініп, соны түзеудің әрекеттерін қарастырып жатыр. Әміржан Қосановтан бастаған екен, оған мен қуаныштымын. Ертең мені де куәгерлер қатарына қосса да қуанамын. Бұл - заң мен парасаттың жеңісі болмақ», - деді Асылбек Қожахметов.

ҚР Ішкі істер министрлігінің Тергеу комитеті Жұмабай және Есентай Байсақовтарды 2001 жылы «Химпродукт» компаниясының директоры Борис Костановты атуға тапсырыс берген деп есептейді. Ал 2005 жылы оппозиция жетекшілері ағайынды Байсақовтарға саяси баспана беруді сұрап Украинаның Көші-қон қызметіне өтініш хат жолдаған. Үш жыл өткенде Тергеу комитеті осы хатқа қол қойған азаматтардың бірқатарына қарсы аса ауыр қылмысты жасыру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.


XS
SM
MD
LG