Accessibility links

Қостанайлық азамат жергілікті сотты әділетсіз үкім шығарды деп айыптауда


Асылхан Оташев өз туыстары Қостанайдың заң орындарынан қиянат көргенін айтады. Алматы, 6 қараша 2008 ж.

Асылхан Оташев өз туыстары Қостанайдың заң орындарынан қиянат көргенін айтады. Алматы, 6 қараша 2008 ж.

Қостанай облысының тұрғыны Асылхан Оташев туыстарына қарсы қозғалған істің әділетсіздігін мәлімдеді. Оның айтуынша, сот туыстарын соққыға жыққан айыпты адамдарды жазаламай, зәбір көрген туыстарын айыптауда.

Әділдік іздеп Алматыға келген Асылхан Оташевтың айтуына қарағанда, өткен жылдың қазан айында оның туыстарын араққа тойып алған белгісіз 7 адам соққыға жығып кетіпті. Нәтижесінде ағасы Әділхан Оташев пен оның 9 және 16 жастағы балалары жарақат алып, ауруханаға түскен. Бұзақылар мұнымен қоймай ертесінде Әділхан Оташевтің үйіне қарулы күйде басып кіріп, үйдегі отбасы мүшелеріне зәбір көрсеткен көрінеді. Сұхбаттасымыз зәбірлеуші топтың бостандықта жазасыз жүргеніне емес, нәтижесінде өздерінің айыпталушы болып қалғанына күйінеді.

- Бұл оқиға бойынша мен аудандық прокуратураға өтініш жаздым. Олар маған қылмыстық іс қозғалғаны туралы ресми құжат (хат) берді. Егер құқық қорғау өкілдері оларды жазаламаса, құдайдың өзі жазалайды деп істің артынан қуған жоқпыз. Алайда 4 айдан кейін менің бауырымды ішкі істер органының қызметкерлері шақырып, өздеріне қарсы қылмыстық іс қозғалғаны туралы мәлім етті. Бұл бізге жай түскендей әсер етті. Алғашқы қозғалған қылмыстық істің тек нөмірі ғана өзгермеген, оқиғаның орны, уақыты барлығы басқаша жазылған. Жалған куәгерлер пайда болып, сынақ нәтижесі мен өзге де дәйектердің барлығы жойылған, - дейді Асылхан Оташев 6 қараша күні Алматыда өткізген баспасөз-мәслихатында.

Бұзақы топ құқық орындарында өздерінің таныстарын пайдаланып, өздеріне қарсы қозғалған қылмыстық істі осылайша «жуып-шайғысы» келген болуы керек деп болжайды ол. Сұхбаттасымыз «Нұр Отан» ХДП-ның жергілікті филиалына жолыққаннан кейін, шындықтың ашылуынан сескенген құқық қорғау өкілдері тарапынан қысым үдей түскенін айтады.

Көп кешікпей аудандық прокуратураның қаһарына тағы екі бауырым ілінді дейді ол. Айыпталушы азаматтардың қорғаушысы Гүлсім Садақбаева Оташев әулетінің мүшелерін айыптау кезінде жалған сот-медициналық сараптама нәтижелері қолданылғанын айтады.

- Яғни, бірде-бір сараптамалық қорытынды арнайы талаптарға сәйкес келмейді. Сараптаманың біріншісін де, екіншісін де бір адам ғана жүргізген. Бұл заң бұзушылық. Ешқандай комиссия жұмыс атқармаған. Адвокаттық сауалнама негізінде сараптаманың қорытындысына тексеру жүргізген кезде ешқандай медициналық ұйым нәтиженің дұрыстығын құптаған жоқ. Мәселен, тексеру нәтижесінде «Оташевтан зәбір көрдім» деген адамның жарақатты оқиға кезінде емес, одан 4 күннен кейін алынғаны белгілі болды.

Соттың бірінші инстанциясы бойынша, Оташев әулетіндегі ересектерді шартты түрде 2 жыл, балаларды – 1 жыл бас бостандығынан айырсын деген үкім шығарылған көрінеді. Жақында Оташевтер әулеті облыстық сотқа аппеляция беріп қойыпты.

Қостанай аудандық сотына хабарласқанда, ондағылар «бұл істі қараған соттың - демалыста, ал қазір істің – шағым бойынша, облыстық сотқа жөнелтілгенін, үкімнің заңдық күшіне енбегінін» айтты. Қостанай облыстық сот өкілдерінің айтуынша, ол қарашаның 25-і күні қаралатын көрінеді.


Ал Асылхан Оташев болса, туғандарына әділетсіз шығарылған аудандық соттың үкімін жоюды талап етіп отыр.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG