Accessibility links

Борис Костановтың жесірі әділеттік іздейді


Манана Костанованың адвокаты Асылболат Кәкімов. Алматы, 21 қазан 2008 ж.

Манана Костанованың адвокаты Асылболат Кәкімов. Алматы, 21 қазан 2008 ж.

Қазанның 21-і күні қазіргі уақытта Грецияның Солонники қаласында тұрып жатқан Борис Костановтың жесірі Манана Костанова Қазақстандағы барлық мемлекеттік органдарға, қоғамдық ұйымдарға сондай-ақ, азаматтарға тапсырыспен қасақана өлтірілген күйеуінің қылмыстық ісіне қатысты адамдарға лайықты жазасын беріп, әділеттіліктің үстемдік етуіне көмектесуін сұрап үндеу жолдады.

Аталған үндеуді 2008 жылдың мамыр айынан бері Борис Костановтың өліміне байланысты қылмыстық істе жәбірленуші жақ, яғни, Костановтардың мүддесін қорғап жүрген заңгер, адвокат Асылболат Кәкімов жария етті.

«Басты қылмыскерлердің бостандықта жүргеніне қарамастан, кейбір саясаткерлер оған саяси баспана алып беріп, қылмысты жасырып отыр әрі осы іс арқылы өздеріне бедел жинамақ ниетте».

Адвокат Асылболат Кәкімов:

— Біз қылмыстық іске байланысты оқиғаның дамуын жіті қадағалап отырмыз. Бұл жерде билік әлсіздігін танытты. Жекелеген саясаткерлер, БАҚ арқылы бұқараның назарын басты істен аударып, әділетті сот ісінің жүруіне кедергілер тудыруда.

Сондықтан да, біз, бұл істе қазақстандық құқық орындарының жұмыстары күткен нәтижені береді деп ойламаймыз. Егер қазақстандық билік әділ заңның үстемдік етуін қамтамасыз ете алмаған жағдайда, Борис Костановтың жесірі Манана Костанова және оның адвокаты мен- Асылболат Кәкімов халықаралық ұйымдарға шағымданатынымызды жария етеміз.

«Азат» демократиялық партиясының төрағасы Болат Әбілов:

— Біз жәбірленуші жақтың қылмысты ашуға талпынысын қолдаймыз. Әрине, өте өкінішті. Бірақ, Есентей Байсақов болсын, басқа болсын, Борис Костановты өлтіруге тапсырыс берді деген айыпты дәлелдейтін ешқандай нақты айғақ жоқ. Мен үш рет тергеуге бардым. Сонда бізге Павлодарда жарық көретін «Око» және «Новое Поколение» газеттерінде жарияланған мақаларды негізге алып, кінә тақты. Олардың бар дәлелі осы. Бұл деген сорақылық қой. Яғни олардың нақты дәлелі жоқ деген сөз. Тергеушілердің әңгімесінен естігенім, Борис Костанов Павлодардағы Химия өңдеу зауытына Ресейден хлор тасып тұрған. Кейін зауыттың басшылары ауысқан соң, Костановты зауытқа кіргізбей қойған. Тауарын қабылдамаған. Меніңше, Костанов Ресейдегі бизнес әріптестеріне қарыз болып, онысын қайтара алмаған болуы да мүмкін. Бәлкім соның да кесірі тиген шығар. Себебі, әкелген тауары өтпей, вагондарда тұрған ғой.

Ал, Байсақов оны аңдыды, өлтіртті деген бекер сөз. Егер рас болса, ІІМ соны дәлелдесін. Айғағын көрсетсін. Байсақовқа байланысты мұндай істің бой көтеруі,Жақияновқа қатысты болуы мүмкін, олар Қазақстанның демократиялық таңдауы қозғалысы кезінде Ғалымжан Жақияновты қолдап, өздері ашқан әрі басқарған Павлодардағы «Ирбис» деп аталатын телеканал арқылы Ғалымжанға қолдау көрсетті. Кейіннен телекомпанияны тартып алды. Байсақовтың өзі қудалауға түсті.

Жалпыұлттық социал демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Әміржан Қосанов:

— Әркім өзінің ақиқатын қорғауға құқы бар. Бұл істі айыпталушы жақ пен жәбірленуші жақ әділ сотта бір-бірінің нақты дәлелдері негізінде шешуі керек. Сонда ғана кімнің кінәлі екеніне қоғамның көзі жететін болады. Ал, оны саяси партиялардың, құқық қорғау орындарының мүддесі тұрғысынан қарауға болмайды. Бірақ, мен саяси баспанаға қатысты жолданған хатқа қол қойғанымды жоққа шығармаймын. Алайда, Қазақстанда орын алып отырған аталған қылмыстық іске байланысты тергеу жүргізіп жатқан құқық қорғау орындарының жұмысының таза екеніне, егер іс сотқа баратын болса, ол соттың әділ әрі ашық жүргізілетініне күмәнім бар.

XS
SM
MD
LG