Accessibility links

"Не күдікті болайық, не куәлік берушіге айналайық"


Оппозиция лидерлері ұлттық баспасөз клубындағы баспасөз-мәслихатында. Алматы, 8 қазан, 2008 жыл.
Оппозиция лидерлері ұлттық баспасөз клубындағы баспасөз-мәслихатында. Алматы, 8 қазан, 2008 жыл.

Сәрсенбі күні оппозиция жетекшілері Болат Әбілов, Әміржан Қосанов, Владимир Козлов және Асылбек Қожахметов Ішкі істер министрлігінің Байсақовқа қатысты іске өздерін араластырудағы түпкі мақсаты – біздің арамызға іріткі салу деп мәлімдеді.

Сонымен қатар, оппозиционерлер біз тапсырыс бойынша қозғалған қылмыстық істе жауапкершілікті тең дәрежеде бөлісуге дайынбыз. Және де баршамыз үшін бір мәртебе – я күдікті, я куәгер – болуын талап етеміз деді.
Сонымен, Украинадан саяси баспана алған Есентай Байсақовқа байланысты дау әлі де жалғасуда. Оппозиция жетекшілерінің айтуынша, билік ЕҚЫҰ-на төраға болар алдында осындай арандатушылыққа әдейі барып отыр. Олар ертең болмаса, арғы күні Ақорданың жүргізіп отырған саясатын Еуропадағы мемлекеттердің бірінің мінберіне шығып сынайтын болсақ, билік бізге қарсы «бұларды тыңдамаңдар, олар адам өлтіруге қатысы бар делінген күдіктінің қылмысын жасырғандар деп» жауап беруі мүмкін деді.
Сейсенбі күні Астана қаласында өткен брифингте ІІМ-нің өкілі Бағдат Қожахметов аталған іс бойынша «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылбек Қожахметовты басты күдікті деп мәлімдеді. Оның айтуынша, Асылбек Базарбайұлы 2005 жылы Украина билігіне арналған өтініш хаттың мәтінін жазып, оған қол жинаған. Дегенмен, бүгінгі баспасөз мәслихатында Асылбек Қожахметов бұл мәселеге тоқталған жоқ. Ол осындай қиын уақытта демократиялық мүдде үшін күресіп жүрген әріптестерінің жеке бастарын ғана ойламай, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарғандығына ризашылығын білдірді.
- Менің осы қылмыстық іске байланысты берген түсініктемем Ішкі істер министрлігінің өкілі Бағдат Қожахметовтың айтқандарымен мүлдем ұштаспайды. Ол дүйім жұрттың алдында мен туралы өтірік айтты. Өйткені, менде тергеушіге берген жауаптарымның көшірмесі бар. Сол себепті, Бағдат Қожахметовтың сөздерінің өтірік екенін дәлелдеп бере аламын. Одан соң, осы қылмыстық істе түсініксіз жәйттер өте көп. Қылмыстық істің қозғалғанына жеті жыл болды. Осы уақыттың ішінде қазақстандық құқық қорғаушылар не себепті қылмыстық істің материалдарын украиналық әріптестеріне бермеген? Біздің билік және Ішкі істер министрлігі Рахат Әлиевті Австрияда жауапқа тартамыз деп айта бастады. Қолдарынан келсе, оны да жазаға тартсын. Оларға ешкім кедергі келтірмейді. Ал біздің тергеушілер не себепті Байсақовтың ісіне қатысты материалдарды Украинаға жібермеді? Украинаның да, Қазақстанның да заңдарында мұндай әрекетке тосқауыл жоқ, - деді Асылбек Қожахметов.
Владимир Козлов 2005 жылы Есентай Байсақовқа байланысты хатқа қол қоймағанын айтты.
Ал «Алға» партиясы Үйлестіру кеңесінің төрағасы Владимир Козлов дәл Есентай Байсақовқа байланысты хатқа қол қоймаса да, оны да құқық қорғаушылар куәгерлердің қатарына қосып отырғандығын айтты. Сондай-ақ, Владимир Козлов тергеушілердің тарапынан қателік кеткеніне қарамастан, дау тудырып отырған бұл істе шетте қалып қойғысы келмейтіндігін айтты.
Қоғамның назарын өзіне бұрып отырған хаттың мәтінін кімнің жазғаны және оған кімдердің қол жинағандығы әлі де жұмбақ болып отыр. Баспасөз мәслихаты кезінде оппозиция серкелеріне журналистер тарапынан осы сұрақ қойылды. Бірақ, олардың бірде-біреуі ұғынықты жауап берген жоқ. Яғни, 2005 жылы біраз адам қол қойған хаттың мәтінін кімнің жазғанын олар білмейді немесе айтқысы келмейді.
Осы мәселеге байланысты Жалпыұлттық социал демократиялық партиясының төрағасы Әміржан Қосановтың жауабы мынандай болды:
Саясаткер Әміржан Қосанов. Алматы, 8 қазан, 2008 жыл.
«Бұл сұраққа нақты жауап берудің керегі жоқ деп ойлаймын. Біз хатты кім жазды және оған кімдер қол жинады деген ұсақ детальдарды қазбаламауымыз керек. Олай жасайтын болсақ, бұл билік үшін өте пайдалы болар еді. Сондықтан да, олардың біздің арамызға жік салуына жол бермес үшін, бұл сұраққа жауап бермегеніміз тиімді болады».
«Азат» партиясының төрағасы Болат Әбілов Есентай Байсақовтың Украинада баспасөз мәслихатын өткізіп, «2001 жылы болған қылмысқа ешқандай қатысым жоқ» деп айтқан сөзін жеткізді:
«Есентай Байсақовқа осы қылмыс бойынша жала жапқан адам сот процесі басталғанда, өзінің тергеу барысында айтқан сөздерінен бас тартқан. Ол оны полицейлердің зорлық-зомбылығына шыдай алмаған соң айтуға мәжбүр болдым депті. Есентай Байсақовтың қорғаушылары Украинада өткен баспасөз мәслихатында осы фактілерді жария етті. Бірақ, біздің Ішкі істер министрлігі неге екені белгісіз, бұл туралы жұмған аузын әлі ашқан жоқ»
Сонымен қатар, оппозиция жетекшілері Есентай Байсақовтың билік тарапынан қудалануының да басты себептерін түсіндірді. Олардың айтуынша, ағайынды Байсақовтардың меншігінде Павлодар облыстық «Ирбис» телеарнасы болған. 2001 жылы Қазақстанның демократиялық таңдау қозғалысы дүниеге келген соң, оның құрамындағы адамдар осы телеарна арқылы сол уақыттағы биліктің әрекеті туралы айтып отырды. Демократиялық күш өкілдерінің сөздеріне қарағанда, бұл билікке ұнамаған. Оларға қарсы қуғын-сүргін басталған соң, Байсақовтар елден қашуға мәжбүр болды.
Осы баспасөз мәслихатынан соң, Азаттық радиосының тілшісі Ішкі істер министрлігінің өкілі Бағдат Қожахметовке хабарласып, одан осы іс бойынша айыпталып отырған адамның заң алдындағы жазасы қандай болады деп сұрады.
«Арнайы соттың үкімімен екі жыл бас бостандығынан айырылады немесе айыппұл салынады» - деді Бағдат Қожахметов.
XS
SM
MD
LG