Accessibility links

Асылбек Қожахметов басты айыпталушы болуға дайын


«Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылбек Қожахметов

«Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылбек Қожахметов

Тергеушілер «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылбек Қожахметовке аса ауыр қылмысты жасыруға бастамашы болды деген күдік бойынша айып тағып отыр.

Б.Қожахметовтың сөзіне қарағанда, Асылбек Қожахметов ҚР ҚК-нің 363-ші бабы бойынша қозғалған қылмыстық істе басты күдіктіге айналды.

«Ол аса ауыр қылмысты бүркеу үшін хаттың мәтінін жазып, қол жинады. Бұл адам осы істегі бастамашы ретінде анықталды», - деді ол.
Ішкі істер министрлігі өкілінің мәлімдемесінен соң, Асылбек Қожахметов Азаттық радиосына берген сұхбатында, аталған қылмыстық іс бойынша бастамашы болғандығын жаңа ғана естігендігін айтты:
"Бұл тергеушілердің ойдан құраған шығармашылық ісі, - деп бастады өз әңгімесін саясаткер Қожахметов. - Негізі, бұл хаттың мәтінін кім жазғанын және оған кімдердің қол жинағанын білмеймін. Аталмыш хатқа қол қойған кезімде тіркелмеген «Алға» партиясының басшысы болатынмын. Сол уақытта маған хатшым белгісіз қағазды қолыма ұстатып кетті. Оны ашып қарағанымда, билік тарапынан қудалауға ұшырап жатқан адамдарға саяси баспана сұрауға арналған өтініш хат екенін түсініп, көп ойланбай, оған өз қолымды қоя салдым. Бар болғаны осы. Ашығын айтар болсам, менен осы істегі басты күдікті жасағысы келсе, оған да дайынмын. Бірақ, бұл хаттың мәтінін мен толтырған жоқпын".
«Алға» партиясы Үйлестіру кеңесінің төрағасы Владимир Козловтан да дауға айналып отырған хатқа кімдердің қол қоюға өтініш білдіргенін сұраған едік.

- Мені әзірше тергеушілер шақырған жоқ. Шынымды айтсам, бұл хатты кімдердің әкеп бергені есімде емес. Маған берді – мен қол қойдым. Мен сол уақытта да және қазір де дұрыс істедім деп ойлаймын. Егер де маған осы хатты қазір әкеп берсе де, оған тағы да қол қояр едім. Неге? Өйткені, ол адамның кінәсі сотта әлі дәлелденген жоқ – сондықтан да ол мен үшін әлі қылмыскер емес. Бар болғаны осы. Ал Қазақстанның соты қандай екенін біз барлығымыз жақсы білеміз, - деді Козлов Азаттық радиосына.

Сонымен қатар, Астанадағы брифингте Бағдат Қожахметов «Азат» партиясының төрағасы Болат Әбілевтің осы іс бойынша түсініктеме беруге шақырылғанын айтты. Және ол «бәлкім, Болат Әбілев бұл істе жаңа статус бойынша сұралатын шығар» деді.
Бұдан басқа, Ішкі істер министрлігінің өкілі Төлен Тоқтасыновқа тоқталды. Ол да аталған қылмыстық іс бойынша күдіктілердің бірі болып саналады.
- Тергеушілер Украина билігіне жолданған өтініш хатқа қол қойған Төлен Тоқтасыновпен 2-3 айдан бері кездесе алмай жүр. Оның өзі және жақын туысқандарының айтуынша, Төлен Тоқтасынов Моңғолияда емделіп жатыр. Бірақ, ол 9-шы қазан күні келетіндігін айтты. Тоқтасынов келген соң, одан да сұрау алынады.
Б.Қожахметовтың айтуынша, Қазақстан мен Украинаның құқық қорғау органдарының арасында жұмыстар жүргізілуде.

«Ішкі істер министрлігі мен Украинаның прокуратурасы бір-бірімен хат жазысып жатыр. Заңсыз саяси баспана алған қазақстандық азаматтарды елге қайтарып, оларды заң алдында жауапқа тарту үшін бірлескен шаралар қолға алынды. Дәл қазіргі уақытта Украинаның Бас прокуратурасы өзінің зерттеулерін бастады. Ал қорытындыларын бізге хабарлайды», - деді Бағдат Қожахметов.

Бүгін Астанада өткен брифингте белгілі болғандай, 2005 жылы Украина билігіне саяси баспана сұрау туралы жолданған өтініш хаттың арқасында заң алдында жауап беруден Есентай Байсақов қана емес, оның інісі Жұмабай Байсақов та қашып жүр делінді. Бағдат Қожахметовтың айтуынша, Жұмабай Байсақовқа қарсы Павлодар облыстық қаржы полициясының департаменті тарапынан салық төлеуден жалтарғаны және мүлікті заңсыз иеленгендігі үшін қылмыстық іс қозғалған.

Оппозиция өкілдері Арман Жекебаев пен Талғат Қожахметовке (соңғысы Асылбек Қожахметовтың інісі) байланысты да хатқа қол қойған. Олардың екеуіне де салық төлеуден жалтарғандығы үшін айып тағылып отыр. Ал Сергей Горбенкоға жекешелендіру кезінде өзінің қызмет мансабын асыра пайдаланды деген айып тағылды.

2005 жылы «Әділетті Қазақстан» қозғалысының құрамында болған оппозиция өкілдері саяси қудалауға ұшыраған қазақстандық бір топ азаматқа Украина билігінен саяси баспана беру туралы өтініш хат жолдаған болатын. Аталған хатқа Болат Әбілев, Асылбек Қожахметов, Владимир Козлов, Төлен Тоқтасынов және марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлы қол қойған. Саяси баспанаға зәру болғандардың бірі -Есентай Байсақов 2001 жылы 18-ші маусымда «Химпродукт» компаниясының директоры Борис Костановты өлтіруге тапсырыс беруші ретінде күдіктеліп отыр. Қазір Қазақстанның Ішкі істер министрлігі жоғарыда аты аталған оппозиция өкілдеріне қылмыстық кодекстің 363-ші бабы бойынша аса ауыр қылмысты бүркеді деген айып тағып отыр.
Ал ел Президенті Назарбаевтың кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев 4-ші қазан күні Азаттық радиосына берген сұхбатында осы қылмыстық іске байланысты былай деген болатын:
«Президент әкімшілігінің, одан да бұрын мемлекет басшысының, бір сөзбен айтқанда, елдің саяси басшылығының ол іске ешқандай қатысы жоқ. Мен мұны барлық жауапкершілікпен айтып отырмын. Бұл Ішкі істер министрлігінің, менің ойымша, еш ойластырмай қолға алған бастамасы болды».
XS
SM
MD
LG