Accessibility links

Қарасай аудандық сотының шешімімен кришнаиттердің храмы бұзылуы мүмкін


Алматы маңындағы кришнаиттер үйі, 27 қазан, 2008 ж.
Алматы маңындағы кришнаиттер үйі, 27 қазан, 2008 ж.

ТМД елдері көлеміндегі "Кришна санасы қоғамының" бірден-бір храмын бұзу мәселесі бойынша сот отырысы 28 қазанға белгіленген.Биліктің талап-арызымен істі Қарасай аудандық соты қарауда.

Кришна храмы әсем де жанға жайлы тыныштыққа бөленген. Храмның іші түрлі-түсті маталармен көмкеріліп, мерекелік әр берсе де, адам мен кеңістік арасындағы қиыры көрінбес рухпен жарасымды үйлесім тапқан.

Біз храмның еденінде отырмыз. Келушілер қарасы көбейіп жатыр. Олардың көбі Алматыдан келгендер. Күн кешкірді, бүгінгі құлшылық күні де аяқталуға жақын.

Кришна храмының ішкі көрінісі. Алматы, 27 қазан, 2008 ж.

«Кришна санасы қоғамы» діни бірлестігінің баспасөзбен байланыс қызметін өз міндетіне алған Максим Варфоломеев былай дейді:

- Кришна дініне сенушілер үшін Кришна құдайы –басты сүйіктілері болып есептеледі. Біз Кришнаны шын тұлға ретінде, ал әлемді соның жаратқаны деп түсінеміз.Ал нақты сүйгеннің жүрегіне жету жолдары қандай болмақ, әрине махаббаттан басқа, ол жаратқанның бәріне табыну мен құлай сүю оған деген сезімімізді жеткізе алады. Бұл сезіміміздің қаншалықты дәрежеде қабылданатынын айту күрделірек: себебі, Құдай ағынан ақтарыла алмайтыны белгілі. Құдай жаратушысының бірі, яғни, Қазақстан мемлекетінің әртүрлі дәрежедегі өкілдері кришнаиттармен тіл табысуды қаламайтыны өз-өзінен байқалып тұр.

Қазақстан үкіметі бірнеше жылдар бойы сотқа шағымданып, үкім шығарып кришнаиттердің қыр соңына түскен. Алматы қаласынан 40 шақырым жерде орналасқан жұмақтың төріндей жайнаған ауылдық қауымның көзін құртты, қазір оның орны ғана қалды. Үйлер қиратылып, жер тартып алынды. Жұрттар тарап кетті, тек қана осы ілімге барынша берілген ең ержүрек дегендері ғана қалды.

Кришнаиттер сиыр мен сүтке қатты мән береді...

Храмның маңызды тұлғалары саналатын алуан қырлы Кришна мен бес діни ілім ұстаздары бүгінгі күнгі кришнаиттердің аса күрделі мәселелерін шешуде. Олар мәселенің негізгісі – ертеңгі күні қауымға қайта соққы берілсе, қолдағы 30 сиырды қайда жібереміз, қалай қараймыз деп бас қатыруда.

Мұндағылар алда болатын соттың соңғы нүктені қоятынына күдік келтірмейді. Сот тыңдауы 13 қазан, дүйсенбіге белгіленген болатын. Сосын оны 10 күнге кейін шегерген. Құлшылық етушілердің әрі сиыр ұстайтын жер, әрі храм ретінде пайдаланып отырған жалғыз мүліктері – фермерлік үйлерін «өзім бердім, өзім алдым» деген оймен тартып алулары мүмкін.

"Кришна санасы қоғамының" фермасы. Алматы, 27 қазан, 2008 ж.

Кришнаиттердің сиыр малына көзқарасын түсінуге болатын сияқты. Әңгіме олардың тамақтануында болып тұр. Кришнаиттердің тамақтану жүйесінде сүт маңызды орын алады. Адам баласына сүт беруде жомарттық көрсетіп келе жатқан сиырды құдайдай көкке көтерудің сыры осында жатса керек. Өз кезегінде алғыс ретінде сиырға ең ыңғайлы да жайлы жағдай жасау олардың міндеті.

Кришнаит ілімімен таныс емес немесе оны танығысы келмейтін қатардағы адамдарды бұл шошындыруы мүмкін. Мүмкін осы түсінік шенеуніктерді жиіркендіріп, бүгінге дейін созылған дауға әкелген шығар.

«...біз бірауыздан жабу туралы шешім шығардық...»

Кришнаиттерді 2002 жылы сәуірде шенеуніктер ең бірінші рет тексерді. Қарасай аудандық әкімшілігінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі бөлімнің бас маманы Сәуле Бабаева «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында:

- Ауданымыздағы күдікті діни қоғамды жабуды ойлап біз арнайы тексеріс жүргіздік. Оған Ұлттық қауіпсіздік комитеті, прокуратура, өрт инспекциясы және тазалық-эпидемиологиялық қызметі қатыстырылды. Сол кезде біз бірауыздан бұл қоғамды жабу керек деп шешім шығардық.

Содан соң жер және мүлік, сот шағымдары құжаттарына қатысты істер басталды.Міне, енді алты жыл өткен соң үкімет тағы да бұл мәселеге қайта айналып соғып отыр. Шағымда Алматы облысы, Қарасай ауданы әкімі Анзар Мұсаханов сиыр қорасы мен фермерлік үйлерін сүріп тастауды сұрап отыр.

Егер храм орнындағы үйді сүріп тастаса, онда бұл діни қоғам ресми мекен-жайынан айрылады. Онсыз олар қайта тіркеле алмайды. Бұл туралы Максим Варфоломеев былай дейді:

- Егер біз қысқа мерзім ішінде мекен- жай тапсақ та бізді қайта тіркемес еді. Олардың ұзақ жылғы тексерістерінің нәтижесі осылай болу керек еді.

Масқараламақ ниетпен қысым жасау

Кришнаиттерден туындаған бұл мәселені тек биліктің діни қоғамның иелігінде болып келген 47 гектар жерді қайтарып алуға тырысуы деп түсінбеу керек. Максим Варфоломеев мәселенің мәні тереңде жатқанына меңзейді.

Оның сөзіне қарағанда, мұндай қысымды Қазақстандағы басқа да дәстүрлі емес діни бірлестіктердің бірталайы бастарынан кешіріп отыр. Мәселе тек жерде емес. Бұл діни бірлестіктердің басты кінәлары – олардың дәстүрлі емес болғандығында. Ерекшелігі, тек кришнаиттер ғана бұқаралық ақпарат құралдарынан өздеріне қолдау табуға тырысқанымен, жағдай жалпыға жайылып кетті. Әйтпесе, дәстүрлі емес діни бірлестіктерді қудалау тәсілі біреу-ақ.

Алматыдағы Хельсинки комитетінің басшысы Нинель Фокина биліктің қудалауына тек дәстүрлі емес діндер ғана ілігеді дейді.

- Қазір алты протестанттық және бес мұсылмандық діндар сотқа тартылуда. Жергілікті билік соттың оларға ғимарат пен жер беру туралы заңсыз шешім шығарғанын мойындауын талап етіп отыр. Үкім шығарылғаннан кейін дау-дамайдың кесірінен қайта тіркеудің болмайтыны белгілі.

Нинель Фокина сондай-ақ аталмыш дәстүрлі емес діндердің беделін түсіруге бұқаралық ақпарат құралдарының да әсері болатынын айтады.

- Бір кездері биліктің ықпалымен жасалған бұқаралық ақпарат құралдарының шабуылдары да аталмыш діни ілімдердің беделін түсірді. Мәселен, бір танымал республикалық газетте жыл басынан бері қарай осындай «әшкерелеуші» материалдардың жүзге жуығы жарияланды. Жергілікті басылымдар мен телебағдарламалардың қандай әрекеттерге барғаны туралы айтпаса да болады.

Кришна қоғамының мүшелері дастархан басында, бұл 2007 жылдың жазы, қазір олардың көбі кетіп қалған

Нинель Фокина керексіз діни бірлестіктер туралы биліктің іс-әрекеті ойластырылып жасалған дейді.

- Әсіресе, саентология шіркеуі, Иегово куәгерлері, протестант қауымы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына кірмейтін кішігірім мұсылман жамағаттары сияқты діни бірлестіктер көп қудаланады. Дәстүрлі құндылықтарды бұзды, тыңшылық әрекетпен айналысты деген сияқты тағылатын айыптың да шегі жоқ. Билік осылайша бақылауға көнбейтін діни бірлестіктерден құтылып, рухани кеңістікті «тазартуды» көздеп отырғандай.

Нинель Фокинаның пікірінше, Қазақстанда өмір сүруге құқы бар бірнеше ғана конфессия бар, олар: православтық христиандар, лютерандар, католиктер мен діни басқармаға қарайтын мұсылмандар.

Нинель Фокина діни сенім бостандығы туралы заңның жаңа жобасын жасауға мемлекеттік саясаттың әсері барын айтады.

- Бұл мемлекеттік саясат. Өзгеріс енгізу туралы заң төменгі палатада екі рет тыңдалды, қазір Сенатта қаралуда.

Нинель Фокина заңға енгізілетін өзгертулердің қазақстандықтардың ғана емес, ЕҚЫҰ-ның тарапынан да сынға ұшырағанын айтады. Сынаушылар өзгерістердегі ұсынылып отырған кейбір жайлар шенеуніктер мен соттарға кез келген діни ұйымның тағдырын өз білгендерінше шешуге мүмкіндік беретінін айтады. Ең бастысы — ұсынылып отырған өзгерістер ар бостандығына да тиым салып, жоққа шығарады.

Нинель Фокина заң жобасының Конституцияға қайшылығын айтады.

- Мемлекеттің кімнің қандай құдайға сиынуын айтатындай қандай құқығы бар? Ол туралы ойлауға да құқығы жоқ. Бұл елдің Конституциясына және адам құқығына қатысты толып жатқан халықаралық келісімдерге қарсы болса да, депутаттар да, заң шығарушылар да қысылып отырған жоқ.

Нинель Фокина егер Қазақстан ар-ұят бостандығына мұндай көзқараспен қарайтын болса, онда БҰҰ мен ЕҚЫҰ-нан шығуы керек дейді. Билік дәстүрлі құндылықтарымызды жат жұрттық ықпалдардан қорғағысы келеді. Ондай жағдайда Конституцияға өзгеріс енгізіп, БҰҰ мен ЕҚЫҰ-дан шығу жағын неге қарастырмайды.

Барлық билік құдайдан...

Тәуелсіз бақылаушылар Қазақстан заңдылықтарында діни ұйымдарға қатысты өзгерістер болатынын қызу талқылауда. Пікірлер әртүрлі.

«Қолданылымдағы тізімнен» демократиялық ұстанымдар негізінде құрылған діни бірлестіктер алынып тасталады. Себебі белгілі басқарушы тұлғалары болмағандықтан билік оларға ықпал ете алмайды.

Танылмаған діни бірлестіктердің қызметшілері өздеріне тиісті жағдай жасалмаса, мұндай құлдыққа бас имейді. Олардың қарсылық шаралары құдайға жасырын түрде құлшылық етуден аспайды, бірақ бұл арқылы мемлекеттің «ішкі жауларының» көбейетіні шындық.


XS
SM
MD
LG