Accessibility links

Журналист Кучуковке шығарылған сот үкімі күшінде қалдырылды


Алматы облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқа мәжілісі. Ортада алқа төрағасы - Ержан Тотыбайтегі. Талдықорған, 6 қазан, 2009 жыл.
Алматы облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқа мәжілісі. Ортада алқа төрағасы - Ержан Тотыбайтегі. Талдықорған, 6 қазан, 2009 жыл.

Алматы облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасы «Время» газетінің тілшісі Тохнияз Кучуковке шығарылған үкімді күшінде қалдырды. Кучуков жол апатында кісі өліміне себепкер болды деген айыппен Жовтистен бұрын 4 жылға бас бостандығынан айрылған болатын.

Шешімді оқыған алқа төрағасы Ерхан Тотыбайтегі адвокаттың шағымы қанағаттандырылмады деді.

Енді сотталған Кучуков пен оның адвокаты апелляциялық инстанцияның шешіміне қатысты шығымын облыстық соттың бақылау инстанциясына түсіруді көздеп отыр.

Биыл 28 тамызда Алматы облысының Қапшағай қалалық соты Тохнияз Кучуковты жол жүру ережесін бұзу арқылы кісі өліміне себепкер деген айыппен 4 жылға түрме жазасына кесуге үкім шығарған еді.
Тохнияз Кучуков, "Время" газетінің тілшісі. (Жеке мұрағаттағы сурет).


Бір аптадан соң - 3 қыркүйекте адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық халықаралық бюроның директоры Евгений Жовтис те дәл сондай айыппен 4 жылға бас бостандығынан айрылған болатын.

Жовтистің өзі, «Время» газетіне берген сұхбатында, Кучуковті төрт жылға соттау арқылы прецедент жасап отыр, "мен үшін отырғызған болуы мүмкін» деген болжамын айтқан еді.

«Тохнияз Кучуковты мен үшін отырғызған болуы керек. Егер адам жол жүру ережесін өрескел бұзбаса, мас болмаса, оқиға орнынан қашып кетпесе – онда оны бас бостандығын айыруға ешқандай қажеттілік жоқ. Жазалаудың мақсаты – жөнге салу. Сондықтан 4 жылға соттау жазасының ешқандай қисыны жоқ. Әдетте мұндай іс бойынша шартты мерзім алады. Немесе – егер тараптар бір келісімге келіп жатса – істі жауап тастайды. Бір сөзбен айтқанда, мұндай жазаның шығарылуы мен үшін тіпті түсініксіз» - деген еді Жовтис сол кезде.

Көпшілік сарапшылар Бақанастағы сот процесі Қапшағайдағы сот ісінің көшірмесі болғандығын, сондай-ақ Кучуков пен Жовтис істерінің саяси астары бар екендігін мәлімдеген еді.

«Менің пікірімше, Жовтис ісінде саяси мән бар. Осының алдында ғана журналист Кучуковты дәл осылай соттауы біздің сөзімізді тағы да дәлелдей түседі», - деді «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы Дос Көшім.
«Время» газетінің журналисі Тохнияз Кучуковтың адвокаты Геннадий Нам сотта сөйлеп тұр. Талдықорған, 6 қазан, 2009 жыл.


Қазір Талдықорғандағы абақтыда отырған Жовтистің Бақанас сотының шешіміне апелляциялық шағымы 20 қазанда қаралуы тиіс.

Еске сала кетер болсақ, Кучуков осы жылдың мамыр айында өз көлігімен келе жатып, Талдықорған-Алматы трассасында жаяу кісіні қағып кеткен болатын. Сараптама оның оқиға тіркелген кезде ішімдік қолданбағандығын анықтады. Кучуковтың адвокаты Геннадий Нам сот процесі барысында жаяу жүргіншінің жол ережесін өрескел бұзғанының айғақтары бар екенін алға тартып, соттың мұны ескеруін талап еткен-ді. Алайда сот қорғаушы жақтың бұл уәжін назарға алған жоқ.
XS
SM
MD
LG