Accessibility links

«Лад» славян қозғалысы Қазақстанның басшылығын Оңтүстік Осетия мен Абхазияның тәуелсіздігін мойындауға үндеп, мәлімдеме жасады. Ал Президент Назарбаев Ресей мен Батысты мәмілеге келуге шақырды.

Қыркүйектің 1-күні Интернетте жарияланған ол мәлімдемеде «Ресейдің басшылығында бұл екі мемлекетті Саакашвилидің фашистік жүйесінің геноцидінен құтқарудың басқа жолы болған жоқ. Және, Ресей Грузияның территориялық тұтастығын сақтау үшін барлық мүмкіндіктерді пайдаланды, сондай-ақ бұл Ресейдің кінәсі емес, АҚШ пен НАТО-ға мүше мемлекеттердің қолдауына сүйенген Тбилиси Оңтүстік Осетияның бейбіт халқына күш көрсетіп, сол арқылы халықаралық келісім-шарттарда көрсетілгендей, дауды бейбіт жолмен шешудің механизмін мағынасыз етіп жіберді» деп айтылған.
«Лад» қозғалысы жетекшілерінің айтуынша, Қазақстан мемлекетінің Оңтүстік Осетия мен Абхазияның тәуелсіздігін ресми мойындауы Кавказдағы мәселенің шешілуіне және НАТО-ға мүше мемлекеттердің қолдауымен жаңа әскери қимылға тәуекелдік етіп отырған Саакашвилидің билік жүйесінің сауығуына әсер етер қадам болмақ. Сонымен бірге, "Қазақстан мен Ресейдің арасындағы одақтық тығыз қарым-қатынастың дәлелі және ТМД аумағындағы бейбітшілік пен келісімнің сақталуына себебші болады" екен.
Әйткенмен, осының алдында Қазақстандағы кейбір саяси күштер мен қоғамдық ұйымдар Ресейдің Оңтүстік Осетия мен Абхазияның тәуелсіздігін мойындауына байланысты өзгеше көзқарас білдірген еді. Ұлттық бағыттағы «Ұлт тағдыры», «Желтоқсан ақиқаты» және «Азат» қозғалыстары бірігіп, Кавказдағы қақтығысқа ең алдымен Ресей кінәлі деп айтқан болатын. Олардың пайымдауынша, Ресей осы соғыстың тұтануына түрткі болып, Грузияның территориялық тұтастығына нұқсан келтірді.
Алайда, аталмыш қозғалыстар Ресейдің Кавказдағы әрекетін фашизмге теңеп немесе Қазақстанды осы мәселеге байланысты белгілі бір мемлекетті қолдауға шақырған жоқ. Тек өз көзқарастарын қоғамға жеткізумен ғана шектелді. Славяндар қозғалысының мәлімдемесіне байланысты ұйымның төрағасы Климошенконың өзімен хабарласудың мүмкіндігі болмады.
«Лад» қозғалысының мәлімдемесіне байланысты «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы Дос Көшім Азаттық тілшісіне мынадай пікір білдірді:
- Ресей өзінен бөлініп шыққан мемлекеттерге ықпалын жүргізіп, оларды өз қарамағына тартқысы келеді. Оған көнбегендерді ыдыратып немесе жан-жақты қыспаққа алатындығына көптеген мысалдарды келтіруге болады. Алысқа бармай-ақ, Приднестровьедегі мәселені айтсақ та жеткілікті. Бұл Ресейдің ұлы державалық саясатының жалғасып жатқандығының бір көрінісі. Ал біздегі «Лад» қозғалысының әрбір іс-әрекеті Ресейдің айтуымен жүзеге асып жатқанын көп адам біле бермеуі мүмкін, дегенмен, ақиқат осы. Сондықтан, Қазақстан басшылығы көзді жұмып, Ресейдің айтқанын істеп, Оңтүстік Осетия мен Абхазияның тәуелсіздігін мойындамауы керек.
Ертең бұл Қазақстан үшін сыртқы саясаттағы үлкен қателіктердің біріне айналып шығатыны айдан анық. Десек те, қазақ халқы бір нәрсені ұмытпауы тиіс. Ресейдің орыстарды ғана емес, орыс тілділерді қолдаймыз деп, ашықтан-ашық мәлімдеуі Қазақстан үшін өте қауіпті. Өйткені, ертең «Ладтың» немесе тағы басқа күштің тарапынан осындай жағдай ұйымдастырылып, Ресей Қазақстанның ішіне әскер кіргізетін болса, еліміздің қандай жағдайда болатындығын ойластыруымыз керек.
Мәселен, Ресей басшылығы осыдан біраз уақыт бұрын әлемдегі барлық орыстарды "отандастарымыз" деп жариялап, оларға қолдау көрсету жөнінде арнайы бағдарлама дайындады. Ал енді біздегі тұрып жатқан халықтың 25 пайызын орыс диаспорасы құрайтындығын ескеретін болсақ, мұның территориямыздың тұтастығы мен тәуелсіздігіміз үшін өте қауіпті екенін ұмытпауға тиіспіз.
Жүзден астам ұлт өкілдері мекендеп жатқан Қазақстанда барлығының болмаса да біразының Қазақстан халықтары Ассамблеясының аясында жұмыс істеп отырған мәдени орталықтары бар. Алайда олардың бірде-біреуі осы кезге дейін әлгіндей мәлімдеме жасап, Қазақстан басшылығын Ресейді немесе Батысты қолдауға шақырған жоқ. Осы мәселеге байланысты Қазақстандағы грузин, әзірбайжан, ұйғыр және тағы басқа мәдени орталықтардың өкілдеріне хабарласқан Азаттық тілшісіне олардың барлығы дерлік "саясатқа араласпайтындықтан «Лад» қозғалысының мәлімдемесіне байланысты пікір білдіре алмайтындықтарын" айтты.
Ресейдің әлемді шулатқан қадамынан соң, қазақстандық кейбір сарапшылар президент Назарбаевтың алдында қиын таңдау тұрғандығын айтып, Қазақстанда тұратын 4 миллионға жуық орыстардың біразы Ресей азаматтары екенін, екі мемлекеттің мыңдаған шақырымға созылып жатқан шекарасы мен әуе қорғаныстарының бір екенін мысалға келтірген болатын. Кейбір авторлар Қазақстан Ресейді қолдап, Оңтүстік Осетия мен Абхазияның тәуелсіздігін мойындамайтын болса, оның өз тәуелсіздігін сақтап қалуы қиын болады деген сыңайдағы пікірлерін жариялады.
Дегенмен, қыркүйектің 2 күні парламенттің екінші сессиясының ашылу барысында сөз сөйлеген президент Назарбаев: «Батыс мемлекеттерінің бір жақты баға беру жағдайында, біз Ресей Федерациясының өңірдегі тұрақтылыққа, қантөгісті тоқтатуға қатысты шараларына қолдау білдірдік. Біз 6-баптан тұратын Медведев-Саркози келісімін жүзеге асыру үшін Батыс елдері мен Ресей Федерациясын өзара сес көрсетулерден бас тартып, халықаралық құқықтар негізінде келіссөздер жүргізуге шақырамыз. Бұны бүкіл әлем күтуде», - деп мәлімдеді.
Кейбір сарапшылар кезінде Косованың тәуелсіздігін мойындамай қойған Қазақстан бұл жолы Ресейдің жетегінде кетіп қалатын болса, мемлекет үшін абырой болмайтындығын айтуда.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG