Accessibility links

Махмет Құлмағамбет. Советтік Қазақстанның аты аңызға айналған диссиденті


Махмет Құлмағамбеттің жаназасында таратылған қағаздың нұсқасы. Мюнхен, 8 желтоқсан 2008 ж.
Махмет Құлмағамбеттің жаназасында таратылған қағаздың нұсқасы. Мюнхен, 8 желтоқсан 2008 ж.

Осыдан қырық күн бұрын, қарашаның 8-і күні, Мюнхен қаласында 79 жасында Махмет Құлмағамбет дүниеден өтті. Советтік дәуірде шетелге қуылып, Қазақстанның тәуелсіздігі үшін күрескен, тұлғасы қарама-қайшылыққа толы Махмет туралы марқұмның Отанында көп ешкім біле бермейді. Антисоветтік насихаты үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылған қазақ диссиденті Махмет Құлмағамбет сот кескен мерзімді советтік лагерлерде бастан аяқ толығымен отырып өтеп шықты. Советтік баспасөз оған «елден безген» деген айдар тақты. Совет дәуірінде «қой терісін жамылған қасқырдың» «улы жебелері» жайында мақалалар жазып, «радиодиверсантты әшкерелеудің» арқасында мансабы жоғарылаған журналистика профессоры Сағымбай Қозыбаев өз пікірін әлі күнге өзгерткен жоқ.

МАХМЕТ САЯСИ ҚУДАЛАУҒА 32 ЖАСЫНДА ТАП БОЛДЫ

Советтік лагердің барлық қорлық-сұмдығы мен жындыхананың «емін» басынан өткерген Махмет Құлмағамбетке 1979 жылы Батысқа эмиграцияға кетудің сәті түседі. Ол 1980 жылдан бастап Американың Азаттық радиосының сол кезде Мюнхенде орналасқан орталық редакциясында жұмыс істей бастады. Радиода Махмет Құлмағамбет аздаған үзіліспен 1995 жылға дейін еңбек етіп, зейнетке шықты.

Азаттық радиосынан Махмет жүргізген хабарларды тыңдаған Рахима Нұриден өзінің ғылыми еңбегінің бірнеше бетін Махмет Құлмағамбетке арнады. Осы еңбектің негізінде 1994 жылы аутор «Қазақ тілінде хабар тарататын батыс радиосы» атты кітап шығарды.

Қазірде Астанадағы Лев Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінде оқытушы болып істейтін Рахима Нұриден Азаттық радиосының тілшісіне әңгімелейді:

- 1990 жылдардың басында осы ғылыми еңбекті жазып жүргенімде мен үнемі Азаттық радиосын тыңдадым. Махмет Құлмағамбеттің ядролық сынақ полигоны, бұрынғы совет әскерлері туралы және басқа – саяси тақырыптарға арналған хабарлары есімде қалды. Әңгіме тақырыбы советтік режим, советтік билік, КГБ туралы болғанда Махметтің дауысында эмоциялық өзгеріс пайда болатын. Осы биліктен зардап шеккен адамның советтік атаулының барлығына деген ашу-ызасы байқалатын. Ал бірақ, әңгіме қазіргі заманға – тәуелсіз Қазақстан тақырыбына ойысқанда Махметтің дауысында елдің жаңаруына деген үміт нышаны білінетін.

Махмет Құлмағамбет 1930 жылы Қостанай облысының Меңдіқара ауданында дүниеге келді. 1949 жылы орта мектепті аяқтағаннан кейін Қазақ мемлекеттік университетінің филиология факультетіне түсті. Оны тәмамдаған соң Түркменстандағы Чарджоу педагогикалық институтында, содан кейін Қырғызстан астанасындағы медициналық және политехникалық институттарда маркстік-лениндік философиядан сабақ берді.

1958 жылдан бастап Махмет Құлмағамбет Қазақ ғылым академиясының Философия және құқық институтында ғылыми қызметкер болып жұмыс істеді. 1963 жылы сталиндік атышулы 56-шы бап бойынша – «антисоветтік үгіт-насихаты» үшін айыпталып, сот үкімімен жеті жыл қатаң тәртіптегі лагерде жазасын өтеуге және оны өтегеннен кейін үш жылға жер аударылуға кесілді. Сол кезде ол небары 32 жаста болатын.

Түрмеден босап шыққан соң ол Сібірдегі әртүрлі құрылыстарда жұмыс істеді, соның ішінде Коми АССР-індегі газ құбырын салуға қатысты. «Мен қалай газ құбырларының құрылысшысы болдым» деп аталатын кітабында Махмет Құлмағамбет өзі айдауда болған жылдары басынан кешкендері жайында баяндайды. Осылайша ол өмірінің 10 жылын советтік лагерлерде, бұрынғы ГУЛАГ-та өткерді.

МАХМЕТ ҚҰЛМАҒАМБЕТТІҢ АЙДАУДА БОЛҒАНЫ ТУРАЛЫ КІТАБЫНАН

«Таңертеңгілік КПЗ-да (алдын ала қамау камерасы) маған 200 грамм нан мен бір кружка қайнаған су берді. Содан кейін теміржолдағы милиция бөліміне апарып, Коми АССР-і Усть-Выминский ауданына жер аударылғаным туралы анықтама берді. Сол жерден СМП-257-ге (құрылыс-монтаждау поезы) жұмысқа қуды…

…Осылайша мен аш қалпымда, темекісіз, қалтамда түгім жоқ көшеде қалдым. Сататын да ештеңем жоқ. Оң қапталында жалғыз қалтасы бар түрме бушлаты немесе сұр шүберектен тігілген баскиім кімге керек дейсің?..

…Егер бөтен ауыздан қалған ас қалдықтарын ішсем ше деген ой келді. Жоқ, мен ондай масқараны өзіме өзім кешіре алмаспын. Әлде жұмысшылардан ақша сұрап көрсем бе? Олар жайдан жай бере салмайды: бұл жерде қайыршы мен қаңғыбас аз деймісің. Еріксіз өзіңнің жағдайыңды айтып сендіруге тырысуың керек. Бірақ – ұят!

Бес сом ұрлап алсам ба? Қайда түнеп шығамын? Жоқ, деймін өзіме өзім, түрменің киімінде ондайдың ешқайсысы қолымнан келмес. Алабұртқан ойым: қылмыс жасау – тағы да түрме, сөйтіп өмір бітеді дейді. Ал екінші жағынан, енді ұрлық жасап, кісі тонап сотталар болсам менің дұшпандарым қалай қуанар еді!

Микуниде мен секілді жер аударылып келгендердің барлығының тағдыры осындай екенін көп ұзамай білдім. Өмір сүретін ешқандай қаражаты жоқ оларды осында алып келіп далаға лақтырғандай тастайды екен. Көпшілігі шыдамай ұрлық жасауға барады. Алайда, кішігірім елдімекенде ұрлық затты сату қиын болғандықтан олардың түгелге жуығы тез тұтылады. Ал мемлекетке бұдан тек пайда ғана: бір жағынан еңбекпен түзеу лагерлеріндегі тегін жұмыс күші толығады, ал екінші жағынан – жергілікті халықтың жер аударылып келгендерге деген өшпенділігі артып, олар жер аударылғандарға қарсы милицияға құлшына көмектесетін болады».

Біршама уақыт Махмет Құлмағамбет жүкші болып істейді: цемент, әк пен шынымақта түсіреді. «Цемент өкпеңді бітейді, әктің шаңы көзің мен қолқаңды ашытады, ал шынымақтаны түсірген соң бүкіл денеңді инемен піскілегендей сезінесің».

Махмет Құлмағамбет естелігінде айдауда жүріп өзі жолыққан адамдардың арасында мемлекеттің қазынасындағы ақшаны жеке бас пайдасына жаратушылардың түрлі қитұрқы әдістері, жалған құжат толтыру арқылы өзгенің ақысын жеушілердің алдап-арбауы туралы жазып, советтік қоғамда кең тараған бұндай құбылыстарды бүге-шігесіне дейін суреттейді.

«Дударевтің мансабының жоғарылауында қандай құпия бар? Біріншіден, менің ойымша, басшылардың алдында құлдық ұрып, құрдай жорғалауында. Екіншіден, Дударев ақылды алаяқ болатын. Үшіншіден, ол өзіне керек жерде өзгелерге өз адамындай боп көрінетін. Ең алдымен, ол өзін жоғары көтерген Житенев пен Агеевтің сенімдеріне кіріп алды. Олардың келісімі арқылы «өлі жандарға» жалақы есептеген Дударев ақшаны соларға да берді, «іске» де жұмсады.

...Данилов бетондағы тұздың болаттың коррозиясын күшейтетінен бейхабар прораб Қадыр Әлиевке ерекше құрмет көрсетті. Ұйымдастырушылық қабілеттен жұрдай сауатсыз прораб Әлиевті студенттер үнемі күлкіге айналдыратын. Ал Данилов бұл ақымақ – табысқа кенелудің таптырмайтын көзі екенін бірден ұқты. Сөйтіп оны заңсыз ақша табу, студенттердің командирлерінен пара алу үшін мықтап пайдаланды.

Сөйтіп, жеме жемге келгенде Даниловтың өзі сүттен ақ, судан таза боп шықты. Ол өз ісін өте қулықпен жасады: заңсыз атқарылған жұмыстар туралы оның бір де бір жазбасы болмай шықты, барлық бұйрықтарды ауызша беріп отырған. Еңбек жасап, табыс тапқысы келген студенттерді каторгалық жұмысқа шегіп, солардың арқасында шаруашылық жетекшілеріне арам ақшаға қарық болудың көзі болған «студенттік бизнес» - бүкілодақтық құбылысқа айналды».

СОВЕТТІК БАСПАСӨЗ ОҒАН «ЕЛДЕН БЕЗГЕН» ЖӘНЕ «ҚОЙ ТЕРІСІН ЖАМЫЛҒАН ҚАСҚЫР» ДЕГЕН АЙДАР ТАҚТЫ

Өз кітабында Махмет Құлмағамбет айдауда болған 10 жылдың ішінде басынан кешкен қиындықтарды әңгімелейді. Совет түрмесінде отырғандардың, «өзгеше ойлайтын» деген диагнозбен жындыханада жатқандардың, Сібірдегі газ құбыры құрылысын салушылардың қилы тағдырлары және советтік шынайы өмірдің өзге де көптеген қырлары жайында деректермен баяндалған.

Бұлардың барлығы туралы Махмет Құлмағамбет 1982 жылы Батыс Германияның теледидарынан да айтқан еді. Осы хабардың ізінше «Известия» газетінде жарияланған, Махмет Құлмағамбетті «әшкерелейтін» мақалада, оның айтқандарының барлығы «ойдан құрастырылған, арсыз өтірік» деп жазылды.


ПРОФЕССОР ҚОЗЫБАЕВ "ОНЫҢ РАДИОСЫН ТЫҢДАМАҒАН", БІРАҚ ОЛ ТУРАЛЫ ЖАЗҒАН

Азаттық радиосы туралы советтік Қазақстанда баспадан шыққан «Улы жебелер» атты кітабында аутор Сағымбай Қозыбаев (қазір Қазақстан журналистика Академиясының президенті) сол радиода жұмыс істеген өзгелермен бірге Махмет Құлмағамбетті де «әшкереледі».

Антиамерикандық насихаттың барлық ережелеріне сүйеніп жазылған осы кітаптан қысқаша үзінді келтірейік:

«Ол өзін өзі ұлы адам етіп көрсетуден кенде емес. Осыдан бірнеше жыл бұрын, Азаттық радиобекетінің табалдырығын алғаш аттағанда, микрофоннан оны танымал советтік диссиденттердің бірі деп атады. Ал батысгермандық теледидар мен шпингерлік көбікауыз баспасөздің арқасында ол тіпті «еңбегі сіңген профессор» боп шыға келді.

Жаңа өмір Махмет Құлмағамбетовке тамаша болып көрінді. Енді ше! Көксегеніне жетті - СССР-ден кетті. Оның үстіне қолдаушылар да бірден табыла кетті. Нұсқау беру деген желеумен бірнеше мәрте АҚШ-қа сапарына доллармен қарызды да аяған жоқ. Содан кейін оған микрофоннан сөйлеуге рұқсат берді.

Бірақ Құлмағамбетовтың «жұмақ өмірі» ұзаққа бармады. Ондай өмірдің өңі тез оңа бастады. Және ондай болуға кінәлі, жаңа жерде ол өзін Солженицынның ізбасары және шәкіртімін, «өзгеше ойлайтын қазақтардың әкесімін» деп мәлімдегенінен емес. Ондай мәлімдемелермен бұл радиода ешкімді таң қалдыра алмайсың – соңғы жылдары бұл жерде ондай «әкейлердің» талайы болған. Мұнда келіп-кеткен ондайлар жайлы тіпті ешқандай естелік те қалған жоқ».

Сағымбай Қозыбаевтың «Улы жебелер» кітабы 1986 жылы Алматыда басылып шықты. Сол жылдың аяғында Желтоқсан көтерілісі болды. Көп ұзамай Қазақстан тәуелсіз ел атанды, советтік насихатпен бірге антиамерикандық байбалам да тынды. Алайда бұл қазақ саяси эмиграциясының қайраткерлерін өз халқына жақындата алмады.

Азаттық радиосының тілшісі осы мақалаға материалдар жинақтау кезінде Қазақстан журналистика Академиясының президенті профессор Сағымбай Қозыбаевқа телефон шалған еді. Совет заманында «Улы жебелер» және «Қой терісін жамылғандар» деген екі кітабында Азаттық радиосы және оның қызметкерлері туралы жазған профессордан Махмет Құлмағамбеттің журналистік еңбегі жайында сұраған болатынбыз:

- Мен батыстың бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс істеген біздің отандастарымыз туралы екі кітап жаздым, соның ішінде ол туралы да жазғам. Екінші кітап «Қой терісін жамылғандар» деп аталады. Қазір о дүниелік болған кісі туралы айтып жатқаным әдепсіздеу болар. Ол кісі туралы пікірімді өзгерткенім жоқ. Мен оның қандай журналист болғаны туралы білмеймін, оның радиосын тыңдаған емеспін, ал, меніңше, ол кітап жазбаған. Және де ол туралы телефон арқылы айтпаймын, себебі сіз журналистсіз бе, жоқ па – оны білмеймін. Қалай болғанда да, менің пікірім субъективті болып қалады.

Еуразия Ұлттық Университетінің оқытушысы Рахима Нұриден өз ғылыми еңбегінде былай деп жазады:

- 1990 жылдардың басынан Махмет Құлмағамбет Азаттық радиосындағы өз хабарларында посткеңестік республикалардағы оқиғаларға баса назар аударады. Журналист мәскеулік «Известия», «Труд», «Советская Россия» секілді және өзге де көптеген басылымдардағы, сондай-ақ Парижден шығатын «Русская мысль» газетіндегі мақалаларға талдау жасап, олардағы Қазақстан туралы материалдарға кеңірек тоқталады. Оның берген түсініктемелері және ой-толғамдары әлгі мақалаларды толықтырып, тереңдігімен және танымдылығымен тартымды шықты.

МАХМЕТ ҚҰЛМАҒАМБЕТ – САНАУЛЫ ҚАЗАҚ ДИССИДЕНТТЕРІНІҢ БІРІ

Көршілес Ресеймен салыстырғанда, советтік Қазақстанда коммунистік догмаға қарсы ашық күреске шығып, қандай да бір қоғамдық ісімен танылған диссиденттер некен-саяқ болғаны белгілі. Бір қызығы, Қазақстанда бұл қоғамдық құбылысты зерттеушілер саны одан да аз. Жаңа тарих мамандарының ешқайсысы да бұл атаудың дәл анықтамасын берген емес немесе Қазақстанда диссидент деп кімді атауға болады, бұл қозғалыс қай кезден тарихи бастау алады деген тақырыптарды ешкім әлі тереңірек қозғаған жоқ.

Ресейлік талдаушылдардың көпшілігі диссиденттікті хрущевтік жылымық кезеңінен бастап тарқатады. Дәл сол кезден бастап интеллигенцияның көрнекті өкілдері коммунистік үгіт-насихатпен қабыспайтын еркін ойларды айта бастады. Өзгеше ойлайтындар қозғалысы жайында қалам тартып жүрген қазақстандық зерттеуші Андрей Свиридов Галина Свиридовамен бірлесіп жазған «Қазіргі Қазақстан: қоғамдық өмірдің жиырма жылы» атты еңбегінде 1960-1970 жж. Қазақстандағы диссиденттерге қатысты бірен-саран саяси істер ғана айтылған.

Ал Махмет Құлмағамбеттің ісі туралы Қазақстанда 1990 жылы желтоқсанда «С-Демократ» бейресми газетінде алғаш рет жазылды. «Өзі келген кейбір неортодоксалды қортындыларға сүйенген ол, кеткен қателіктерді түзеуге бағытталған, барынша ақ ниетімен жазған ойларын Орталық Комитетке жазуды жөн көрді. Сол кездегі қалыптасқан дәстүр бойынша, ол ісі үшін лагерден бір-ақ шықты», - деді осы газетке берген сұқбатында мәскеулік зерттеуші Людмила Алексеева.

Людмила Алексееваның айтуынша, лагерде Махмет тағы бір сотталған диссидент – жазушы Юлий Даниэлмен бірге отырған. «Даниелдің әйелі Лариса Богораз арқылы Махмет туралы мәскеулік адам құқығын қорғаушылар естиді. Түрмеден босап шыққан соң солардың көмегімен Батысқа кеткен ол кейін Азаттық радиосының редакциясында жұмыс істеді», - деп жазады Андрей және Галина Свиридовтар 2006 жылы Алматыда жарық көрген кітабында.

Осылайша, 1960 жылдардың басындағы Махмет Құлмағамбеттің диссиденттік қызметі 1970 жылдары, кейіннен горбачевтік қайта құру дәуірінде жалғызілікті диссиденттердің күресінен жалғасын тапты. Олар да көп емес, саусақпен санарлық қана – Хасен Қожа-Ахмет, Кәрішал Асан-Ата. Осылардың қатарында Алмас Естеков те бар.

Махмет Құлмағамбет 20 шілде 1930 жылы дүниеге келді. 1963 жылы Қостанай облыстық соты саяси бап бойынша оны 7 жыл түрме жазасына және 3 жылға жер аударуға үкім шығарды. Дубравлаг пен Владимир түрмесінде мерзімді жазасын толық отырып шыққан ол Коми АССР-інде Ухта қаласында айдауда болды.

  • 16x9 Image

    Гүлбану ӘБЕНОВА

    Гүлбану Әбенова - 2008 жылдың тамызына бері Азаттық радиосы сайтының авторларының бірі. Мәскеу гуманитарлық университетінің тарих факультетін тәмамдаған, Ұлттық өнер академиясында театр сыншысы оқуын бітірген, Евразия ұлттық университетінің магистратурасын «Әлеуметтану» мамандығы бойынша аяқтаған. «Экспресс К» газетімен, басқа да қазақстандық басылымдармен әріптес болған. 1999 жылдан бері Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

XS
SM
MD
LG