Accessibility links

Ұлттық қауіпсіздік комитеті тәуелсіз газет редакторын мәжбүрлеп Таразға алып кетті


ҰҚК Жамбыл облыстық департаментінің мәшинесі. Алматы, 1 желтоқсан 2008 жыл.

ҰҚК Жамбыл облыстық департаментінің мәшинесі. Алматы, 1 желтоқсан 2008 жыл.

Алматыда шығатын «Алма-Ата инфо» тәуелсіз газетінің меншік иесі және бас редакторы Рамазан Есіргеповты желтоқсанның 1-і күні Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері Алматыдан Таразға алып кетті. Туыстарының айтуынша, осыдан 10 күн бұрын газетте жарияланған мақалаға байланысты ҰҚК қозғаған тергеу ісінде Есіргепов куәгер ретінде аталыпты.

Рамазан Есіргеповтың әйелі Раушанның айтуынша, өткен сенбі күні басылым редакциясы орналасқан олардың жекеменшік үйіне қауіпсіздік комитетінің өкілдері келіп тінту жасап, редакцияның біраз заттарын алып кеткен.

- Үйге келгендердің қолдарында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Жамбыл облыстық департаменті шығарған қылмыстық іс қозғау туралы қаулысы ғана болды, прокурордың санкциясын көрсетпеді. Біз онсыз үйімізді тінткізбейтінімізді айтып қарсы болған едік, олар темір

Раушан Есіргепова: Үйімізді тінтуге келгендердің қолында прокурордың санкциясы болған жоқ. Алматы, 1 желтоқсан 2008 ж.
сүймен, басқа да құралдар алып келді. Содан кейін біз қалалық прокуратурадан кезекші прокурордың келуін сұрадық. Ақыр соңында Медеу ауданының прокуроры келген соң олардың айтқанына еріксіз көндік. Қарашаның 29-ы күні сағат 14-те басталған тінту шаралары түнгі сағат 2-ге дейін жалғасты. Редакцияның компьютерлерін, тағы басқа заттарды алып кетті. Ал жексенбі күні олар Рамазанға Алматы қаласындағы ҰҚК департаментіне шақырту қағазын тастап кетіпті, біз оны кешірек байқадық.

Бүгін, 1-ші желтоқсанда, сағат 11-де сол шақырған мекемеге келіп, Рамазан ішке кірді, мен сыртта қалдым. Ал арада біраз уақыт өткенде ол маған өзін осы жерден бірден Таразға алып кетпек болып жатқанын хабарлап үлгерді. Міне, қазір сағат 15.20 болды, олар Рамазанды әлі ұстап отыр. Мен жаңа ғана әлгі Тараздан келдім деген Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілімен сөйлесіп, одан Рамазанды Таразға әкетуге негіз болатын құжатты көрсетуін сұрадым. Ол өзінің ештеңе білмейтінін айтып, барлық мәселені істі жүргізетін тергеушіге сілтеді. Мен тергеушімен де тілдесіп, Рамазан куәгер ретінде Таразға өз күшімен баруға дайын екендігін айтып едім, ол келіспеді. Тіпті, жоғары қан қысымы бар Рамазанға үйге кіріп, киімін ауыстырып, дәрі алуына да мұрсат бермей отыр. Міне, олар мына тұрған «H070NS» нөмірлі көлікке мініп келді, - деді Раушан Есіргепова Азаттық тілшісіне ҰҚК Алматы департаменті алдында тұрған «Mercedes E220» маркалы жеңіл автомобильді көрсетіп.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері осыдан бір тәулік бұрын тәуелсіз газет редакциясынан алынған компьютер жабдықтарын автокөлікке тиеп жатыр. Алматы, 1 желтоқсан 2008 ж.
Аталған көліктің жүк қоятын бөлігіне екі жігіт компьютерлердің бірнеше процессорларын тиеді. Осы жерде тұрған Рамазан Есіргеповтың ұлы Тахнур бұл заттардың сенбіден жексенбіге қараған түні газет редакциясын тінту барысында алынғанын айтты.

Осылайша, тәуелсіз газеттің бас редакторының туыстары мен әріптестері ҰҚК Алматы департаментінің ғимаратына кірер есіктің алдында оны іштен алып шығып, әлгі аталған көлікке мінгізер деген оймен күтіп тұрғанда, Рамазан Есіргеповты ғимараттың екінші басындағы қақпадан басқа бір жеңіл автомашинаға салып алып бара жатқанын байқап қалған бір танысы айқай салып, жиналғандар сол жаққа ұмтылды. Бірақ, жаңағы автокөлік қатты жылдамдықпен қозғалып, лезде қарасын батырды. Ал Есіргеповтың туыстары мініп келген машинаның алдына әлдекім шағын автобусты кесе-көлденең қойып кеткендіктен, олар қашқан автокөліктің ізіне түсе алмады.

Раушан Есіргепованың айтуынша, ҰҚК-нің Жамбыл облыстық департаменті қозғаған қылмыстық іске 21-ші қараша күні «Алма-Ата» инфо апталық газетінде орыс тілінде жарық көрген «Елді кім басқарады – президент пе, әлде ҰҚК ме?» деп аталатын мақала негіз болған. Мақалада ҰҚК-нің төрағасы Амангелді Шабдарбаевқа Жамбыл облыстық департаменті бастығының жолдаған қызмет хаты

"Алма-Ата инфо" газетінің 21 қараша 2008 жылғы санында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жұмысы жайында құпия құжаттардың жариялануы қылмыстық істің қозғалуына түрткі болды.
жарияланған. «Құпия» белгісімен жазылған хатта салық төлеуден жалтарған деген негізбен «Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарсы қылмыстық іс қозғалғаны және серіктестіктің құрылтайшысы С.Б.Махмадовтың Қазақстан президентінің Жамбыл облысына сапары кезінде онымен кездесуге тырысып жатқаны туралы баяндалған.

Осы мақаласында «...ҰҚК-тің қазіргі қалыптасқан жұмыс жүйесі мемлекеттің негізі мен конституциялық құрылысын шайқалтады» деген тұжырым жасаған автор Рамазан Есіргепов - бұған дейін де бірнеше рет заң алдында жауапқа тартылған журналист.

Биылғы қазан айында Рамазан Есіргепов билік өзінен кек қайтару мақсатында оның ағасы Мұқатай Есіргеповті жазықсыз түрмеге отырғызды деп мәлімдеме жасаған болатын. Ал қарашаның 13-і күні Бас прокуратураның ресми өкілі Сапарбек Нұрпейісов азамат Рамазан Есіргепов сөз бостандығы және ақпарат тарату еркіндігіне байланысты конституциялық құқығын жеке бас мүддесі мен шындықты бүркемелеуге пайдаланып жүр деп, журналистің өзін кінәлаған-ды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG