Accessibility links

Қазақстандағы баспасөз құралдары елдегі дағдарысты саяси жағдайларды үлкен сақтықпен хабарлайды. International Media Support қоғамдық ұйымы (Дания) және «Әділ сөз» қоры (Қазақстан) бірлесіп жүргізген кешенді зерттеу осындай нәтиже көрсетіп отыр.

Қазақстандағы «Әділ сөз» қоғамдық қорының өкілдері жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында терроризм, ұлтаралық, дінаралық қарым-қатынас тақырыптарының қамтылуын 2005 жылдан бері қадағалап келе жатқандығын айтады. Екі жылдық зерттеудің нәтижесі елдегі ұйғыр және өзбек тілдеріндегі ақпарат құралдарының ешбірі ұлт мәселесіне қатысты тақырыптарды көтермейтіндігін анықтап берген.

«Әділ сөз» қорының Қоғамдық сараптама орталығының жетекшісі Ғалия Әженованың айтуынша, аталған тілдегі басылымдардың барлығын өкімет қаржыландырады.

Даниялық International Media Support қоғамдық ұйымы өзінің зерттеуінде бұл мәселеге тереңірек үңіле түсіпті. Яғни, зерттеуге қатысқан саясаттанушылар мен лингвистер ұлтаралық қақтығыс, экстремизм және терроризм тақырыптарының ақпарат құралдарындағы көрінісін қарастырған. Мониторинг нәтижесі аталған тақырыптарға қалам тартқан журналистердің материалдарында объективтіліктен гөрі субъективтілік басым екендігі анықталған. Қазақстан Журналистері Одағының төрағасы Сейітқазы Матаев зерттеудің осындай қорытындысымен толық келіседі.

- Бұл мәселені біз де зерттеп көрген едік. Мәселен, өткен жылы Маловодное ауылында қазақтар мен шешендердің, Атырауда түріктер мен қазақтардың, Шелек ауылында қазақтар мен ұйғырлар арасында кикілжің болғаны белгілі. Мұндай тақырыптарда екі жақтың да пікірі ескерілуі тиіс. Бұл - әлемдік журналистиканың тәжірибесі, - деді Сейітқазы Матаев.

- Осы мәселелерге байланысты журналистер материалдарды аз жазады, мүлде жазбайды, өзіндік этикалық заңдылық шекараларын білмегендіктен тақырыптан бас тартады. Мәселе жабулы күйінде қалмайды. Бұл мәселелерді айту керек. Сол арқылы қоғамдағы күмәнді көзқарастар сейілетін болады, - деді «Әділ сөз» өкілі.

2007 жылы наурыздың 17-күні Маловодное елді-мекенінде болған қақтығыстан кейін ҚР Бас прокуратурасы ұлттық, діни тұрғыдағы араздық тудырушылар заң бойынша жазаланатындығы жөнінде БАҚ өкілдеріне ескерту мәлімдеме таратты. Бірқатар сарапшылар мұндай мазмұндағы мәлімдемелер елдегі сөз бостандығын шектейді деген пікір білдірген болатын.

Қазақстандық журналистер цензураны бейнелейтін қуыршақты өртеуде. Алматы, 24 маусым 2006 ж.
Алайда ұлтаралық қақтығыстар, терроризм немесе экстремизм туралы тіпті жазбай қоюға тағы да болмайды дейді сарапшылар. Ғалия Әженованың айтуынша, билік немесе басқа тараптардан жасалатын қысымшылық сөз болып отырған тақырыптардың аз қамтылуына себеп болып отыр.

"Әділ сөз" қорының өкілдері Ғалия Әженова (оң) мен Наталия Стеблюк Қазақстандағы сөз бостандығын қолдауға арналған наразылық митингінде. Алматы, 24 маусым 2006ж.
- Осы топтағы басылымдардың, мәселен, ұйғыр мәдениетінің кемшін тұстары немесе жетістіктерін көтеретіндей мүмкіндіктері жоқ. Содан кейін қазақ және орыс тіліндегі басылымдарды зерттедік. Ұлт мәселесіне арналған тақырыптар қазақ тілінде жиірек, орыс тілінде арагідік кездесетіндігі анықталды, - деді Ғалия Әженова.
XS
SM
MD
LG