Accessibility links

Амантай-қажы Барак Обаманы қолдайды


"Аттан" қозғалысының жетекшісі Амантай Асылбеков Барак Обаманың президент болатындығына сенімді.

"Аттан" қозғалысының жетекшісі Амантай Асылбеков Барак Обаманың президент болатындығына сенімді.

4 қарашада Америкада президент сайлауы өтеді. Оқиға қарсаңында қазақстандық «Аттан» қозғалысының жетекшісі Амантай Асылбеков Америка халқын Барак Обаманы қолдауға шақырды.

Алматыдағы Наурызбай мен Шевченко көшелерінің қиылысында сайлауға түсетін демократиялық партияның өкілі Барак Обаманың кандидатурасын қолдауға бағытталған ұрандар ілулі тұр. Онда, «Барак Обама, «Аттан» қозғалысы саған сәттілік тілейді» деп жазылған. Бұл ұрандардың Алматыдағы екі көшенің қиылысында ілінгеніне 21 күн толыпты. Қозғалыстың жетекшісі Амантай Асылбеков АҚШ-тың келесі президенті болып Барак Обаманың сайланатынына сенімді. Сондықтан ол жалпыға ортақ сайлау туралы заңға қарамастан, ұрандарды президент инаугурациясы аяқталғанша алмайтынын жеткізді.
Амантай Асылбеков Барак Обамадан жауап күтіп отыр.
Таяуда, «Аттанның» басшысы Американың Қазақстандағы елшілігінің өкілдігіне барып, демократиялық партияның бас кеңсесіне телеграмма жолдаған екен. Қажы телеграмманың көшірмесін Азаттық тілшісіне көрсетті. Онда былай делінген: "Обамаға сәттілік тілеймін! Аттан!" Амантай қажының айтуынша, Атлант мұхитының арғы жағындағы елден әлі ешқандай жауап келмеген. - «Қазір сайлау алды үгіт-насихат жұмыстары қызу жүргізілуде. Мүмкін, Барак Обаманың маған жауап хат жазуға қолы тимей жатқан шығар. Бірақ, мен үмітімді үзбеймін. Егер де Барак Обама жеңіске жетіп, таққа отыру рәсіміне мені шақыратын болса, өз қаражатымды жұмсасам да Америкаға барып, оған бата беремін»,- деді Амантай Асылбеков Азаттық тілшісіне берген сұхбатында.
Сондай-ақ, ол Араб Шейхінің (аты-жөнін айтқан жоқ) өзіне сыйға тартқан күміс қылышын да, Барак Обамаға тапсыратындығын айтты. Қозғалыс жетекшісі Демократиялық партияның өкілі жаратушы Алланың бұйрығымен кандидат болып отыр деп есептейді. .
- Америка мен Ресейдің арасы кезекті рет нашарлады. Мен саясаттанушы болмасам да, Джон Маккейннің билік басына келуі ешқандай өзгеріс әкелмейтінін сеземін. Ал Барак Обаманың жүрегінде ізгілік бар. Ол Американың тарапынан болған соғыстардың барлығын тоқтатамын деп дүниежүзі халықтарының алдында уәде берді. Сол себепті, мен оны қолдаймын- деді ол.


Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG