Accessibility links

«Арселор Миттал Стил Теміртау» акционерлік қоғамына қарасты металлургия комбинатының үш мыңнан аса жұмысышы тағы да 15 күндік мәжбүрлі демалысқа кетеді.

Осы жылдың 1-қазаны күні 4200 жұмысшы мәжбүрлі демалысқа кеткен болатын. Комбинат басшылығы жұмысшылардың кезекті мәжбүрлі демалысқа жіберілуін әлемдік нарықтағы металлургия өнімдеріне деген сұраныстың күрт төмендеуімен түсіндіріп отыр.
ҚазТАГ–қа берген сұхбатында жергілікті кәсіподақ комитетінің бірінші орынбасары Виктор Щетининнің 4200 адам кезектен тыс демалысқа шығарылады деген ақпаратын жоққа шығарған аталмыш комбинаттың баспасөз хатшысы Николай Кубраков, Азаттыққа қазанның 16-да берген сұхбатында, «осы жолы мәжбүрлі демалысқа 3700 адам жіберіледі. Бұл — айдың басында демалысқа кеткен жұмысшылардың санына қарағанда аздау» дегенді айтты. .
— Мұны ауыспалы жұмыс режимі десе де болады. Шығарылған шешім жергілікті кәсіподақпен екіжақты келісімнің негізінде жүзеге асып отыр. Облыс әкімін де бұл жөнінен хабардар еткенбіз. Ол кісі Үкіметтің отырысында аталған жағдайды айтты. Металлургия комбинатының мұндай күйге түсуі әлемдік нарықтағы комбинат өніміне деген сұраныстың жоқтығынан туындап отыр. Бізде жағдай біршама қалыпты деуге болады. Өйткені, Ресей мен Украинадағы металлургия комбинаттарында жұмысшыларды қысқарту басталып кетті деген хабар алдық. Бізде әзірше қысқарту туралы ешқандай әңгіме қозғалған жоқ.
Теміртаудағы камбинатта өнім көлемі де азайды
Осы айдың басында жұмысшыларды мәжбүрлі демалысқа жіберер кезде кәсіподақ комитеті төрағасының бірінші орынбасары Виктор Щетинин ҚазТАГ ақпарат агенттігіне берген түсініктемесінде «Біз қазан айының ортасына таман бұл жағдай дұрысталады деп үміттенеміз» деген болатын.
Бүгінгі қалыптасқан жағдай үміттің желге ұшқанын айғақтап отыр. Кубраковтың сөз ыңғайына қарағанда, комбинат әлемдік нарықтағы бағаның түзелетінінен әлі де үмітті.
— 3700 жұмысшыны қазан айының соңына дейін демалысқа жібердік. Оған дейін дүниежүзілік нарықтағы қазіргі қалыптасқан жағдай оңалатын шығар деген үміттеміз.
Аталған өндіріс ошағы күтпеген өзгерістерге байланысты жұмыс режимін өзгерту туралы әлі нақты шешім қабылдамаған.
Есімін атамауды өтінген комбинат жұмысшысы:
— Дәл қазір 15 күнге тағы да демалысқа жіберейін деп жатыр. Бірақ, демалыс туралы сыбыс көп. Біреулер алты сағаттық жұмыс күнін жасайды десе, басқалар апта күндеріне кезекшілік қояды екен десіп жүр. Мәжбүрлі демалысқа шығару келесі жылдың наурыз айына дейін жалғасады деген де сөз бар. Алайда, өндіріс басшылығы тарапынан нақты бір шешім әлі қабылданған жоқ. Осы жолғы демалысқа шығарылғандардың арасында жаңадан кетіп жатқандар да, бұрын демалысқа кеткендер де бар. Комбинаттағы еңбек күші азайғандықтан, екі адамның жұмысын бір адам атқаруда. Оған қосымша ақы төленіп жатқан жоқ. Демалыстан келгендіктен айлықтың жартысы ғана төленеді. Бәріміздің банктерде несиеміз бар, не істейтінімізді білмейміз.
Демалыстағылар жеке шаруаларын істеп әзірге қамсыз жүр. Мұның аяғы қандай жағдайға апаратыны әзір ешкімнің ойына кіріп шығатын емес.
XS
SM
MD
LG