Accessibility links

Жүрегін дерт шалған сәбилер саны артып барады


Туа бітті жүрек ауруы бар нәресте. № 1 перинатальдық орталық. Алматы, 24 тамыз 2010 жыл
Туа бітті жүрек ауруы бар нәресте. № 1 перинатальдық орталық. Алматы, 24 тамыз 2010 жыл

Туа біткен жүрек ақауы бар балаларға қолдау көрсетіп жүрген қоғамдық ұйымдар, үкіметтен жәрдем сұрап отыр. Олар жүрек кінәраты бар балалардың шетінеуіне жол бермес үшін алдымен ана құрсағында жатқанда диагноз қойып бақылауға алу қажет екенін айтады.


Осы орайда арнайы бағдарлама әзірлеген қоғамдық ұйым өкілдері, 24 тамыз күні Алматыда баспасөз мәслихатын өткізіп журналистерге бағдарламаны таныстырды.

ЖҮРЕГІ ӘЛСІЗ НӘРЕСТЕГЕ НЕ КӨМЕК?

Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, Қазақстанда жыл сайын үш мыңнан астам нәресте туа біткен жүрек ақауымен дүниеге келеді. Олардың 10-15 пайызы ғана бір жасқа дейін өмір сүретінін айтады мамандар. Яғни ондай сырқаты бар сәбилерге бір жасқа дейін ота жасау қажет. Өкінішке қарай, салмағы 7-8 келіге толмаған балаларға Қазақстанда операция жасауға мүмкіндік жоқ. Оның үстіне квота кезегін күткенше 3-4 жылдың жүзі өтетінін айтады баспасөз мәслихатына қатысқан Алматылық тұрғын Андрей Дегтяренко.

Ал ақылы ота жасату Қазақстанда 15 мың АҚШ доллары тұрады. Сондықтан ата-аналар балаларын Ресейге апарып жүр.

- Ресейдің Новосібір және Томбы қалаларында операцияның құны 7 мың АҚШ доллары тұрады. Жол мен жатар орынды есептегенде 8 мың доллар болады. Және мамандары да тәжірибелі, - дейді жақында ғана жеті айлық сәбиінің жүрегіне ота жасатқан Андрей Дегтяренко.

Мамандардың айтуынша, бүгінгі күні Қазақстанда операция кезегін күтіп отырған сәбилердің саны бес мыңға жетеді. Ал ота тек Астана мен Алматы қалаларында жасалады. Оның өзінде баланың салмағы 8 келіден асқан болуы керек.

ҚАЗАҚСТАНДА ЖАСҚА ТОЛМАҒАН БАЛАҒА ОТА ЖАСАЙ АЛМАЙДЫ

Туа біткен жүрек ақауы бар балаларға жәрдем көрсетіп жүрген қайырымдылық ұйым өкілдерінің айтуынша, Қазақстанда сәбилерге ота жасайтын емханаларды айтпағанда балаларға арналған операция үстелі мен ота кезінде қолданатын аспаптар да жоқ. Ал перзентханалар, туа біткен жүрек ақауы бар нәрестелерді дүниеге әкелуге және содан кейін оларға күтім жасауға арналған мамандандырылған аппаратуралармен жабдықталмаған.
Жүрек ақауы бар сәбилердің шетінеуіне жол бермеу туралы конференцияны ұйымдастырушылар. Алматы, 24 тамыз 2010 жыл

- Жерінің асты мен үсті байлыққа толы Қазақстанда туа біткен жүрек ақауы бар бір жасқа дейінгі нәрестеге ота жасай алмай отыр дегенге сенгім келмейді. Тіпті, операцияға қажетті құрал-жабдықтар да жоқ қой. Меценаттардың көмегімен өткен жылы Алматыдағы А.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми-хирургия орталығына медициналық құрал жабдықтар әпердік, - дейді «ДОМ» қоғамдық қорының директоры Аружан Сайын.

ЕРІКТІ ДӘРІГЕРЛЕРДІҢ БІРЛЕСТІГІН ҚҰРУ

Қоғамдық ұйым өкілдерінің айтуынша, қазіргі таңда дәрігерлер ана құрсағындағы сәбиінің туа біткен жүрек ақауы бар екені анықталса, оны алып тастауға кеңес береді. Көп жағдайда мамандар, перзентханамен хирургиялық орталықтар арасында байланыс жоқ екенін айтады. Соның кесірінен көптеген нәрестелер перзентханада шетінеп кетеді.

Сол себепті қоғамдық ұйымдар, жүктілік кезінде диагностикалау жөнінде бағдарлама әзірлепті. Ол бағдарлама бойынша Қазақстанда ерікті дәрігерлердің мемлекеттік емес бірлестігін құрып, ол мамандарды Ресейге жіберіп оқытып, тәжірибе жинақтау көзделген.

- Біз неге Ресейді таңдап отыр десек, біздің мамандардың көбісі өкінішке қарай ағылшын тілін білмейді. Сондықтан оларға тіл жағынан жеңіл болу үшін Ресейді таңдап отырмыз, - дейді «ДОМ» қоғамдық қорының директоры Аружан Сайын, Азаттық радиосының тілшісіне.

Аружан сайынның пікірінше, егер Қазақстанның бес аймағында балаларға ота жасайтын мүмкіндігі бар емханалар салатын болса, көптеген мәселелер шешімін табар еді.

«БҰЛ САЛАНЫ ДАМЫТУ ҮШІН УАҚЫТ ҚАЖЕТ»

Қазір Қазақстанда туа біткен жүрек ақауы бар балаларға Алматыдағы А.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми-хирургия орталығы мен Астана қаласында ғана ота жасалады. Оның өзінде жоғарыда айтқандай тек салмағы 8 келіден асқан балаларға ғана. Ал басқа облыстарда бұл саланы дамыту үшін әлі де болса уақыт қажет, - дейді Алматыдағы педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының кардиохирургі Гүлжан Сәрсенбаева.

Ал денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі, қазір облыстарда ашылып жатқан кардиологиялық орталықтарда балаларға арналған бөлімшелері де бар екенін айтады.
XS
SM
MD
LG