Accessibility links

Билік қоғамдық ұйымдарға тағы бір мәрте қол созған болды


Жолымбет Бәйішев, Жоғарғы Соттың судьясы. Алматы, 23 қараша 2010 жыл

Жолымбет Бәйішев, Жоғарғы Соттың судьясы. Алматы, 23 қараша 2010 жыл

Билік өкілдері азаматтық қоғамды белсенді болуға шақырады. Ал үкіметтік емес ұйымдар болса, билік тарапынан тосқауылдар көп дейді. Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығына қорытынды жасауға жиналған азаматтық қоғам өкілдері билікке өздерінің «өкпе-назын» айтып тарады.


Шығыс Қазақстан облысында адам құқығын қорғаумен айналысатын «Дом» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Майра Әбенова қазіргі уақытта өзі құрған бірлестіктің жұмысын жалғастыруға күш салып отыр. Бұл ұйымға жергілікті салық орган өкілдерінің корпоративті табыс салығын төлеуді міндеттегенін, соның кесірінен ұйымның банкротқа ұшырап, жұмысы тоқтап қалғанын осыған дейін Азаттық радиосы хабарлаған болатын.

ТОСҚАУЫЛ

Маманның сөзіне қарағанда, әдетте, қоғам игілігі үшін жұмыс істейтін, коммерциялық мақсатты көздемейтін қоғамдық бірлестіктер мұндай салық түрін төлеуге міндетті емес. Бар кінә адам құқығы мәселесін жиі көтерген үкіметтік емес ұйымның жұмысына келіп тірелетін көрінеді. Оның айтуынша, мұны тіпті биліктің өзі ашықтан-ашық мойындайды екен. «Бірақ, берілетін мен де жоқ» дейді алдағы жоспарларымен бөліскен Майра Әбенова.
"Дом" қоғамдық ұйымының президенті Майра Әбенова (оңжақта). Алматы, 23 қараша 2010 жыл

- Салық комитеті салған салық көлемі яғни, 1 миллион 800 мың теңгеден астам қаржыны жинауға кірістік. Бес жылдың ішінде бұл салықтың үстемақысының өзі үш миллион теңгеге жуықтаған. Бірақ, маусым айында Салық кодексіне өзгертулер енгізілгендіктен, енді оның үстемақылары жойылып кетті. Қазір мойнымызда тек корпоративті табыс салығы ғана тұр, - деді Майра Әбенова.

Ол өзі құрған екінші «Дом» қоғамдық қорының да жағдайы бүгінгі таңда мәз емес екенін айтып берді. Оның айтуынша, осыдан екі ай бұрын ауыл тұрғындарымен жиын өткізгені үшін полиция еш негізсіз қордың мүлігін машинаға басып алып кеткен. Және қор жетекшісінің үстінен қылмыстық іс қозғауы мүмкін екендіктерін де ескерткен. Осы секілді полициядан көрген құқайларын айтып тауыса алмаған Майра Әбенова сөз арасында биліктің қазіргі таңда үкіметтік емес ұйымдарды керексіп отырғанына да күмән келтірді.

Бұл турасында Семей қаласының ішкі істер басқармасы өкілдері ешқандай жауап бермеді.

«ҮЕҰ ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫН НАСИХАТТАСЫН!»

Майра Әбенова сияқты көптеген белсенді қоғамдық тұлғаларды біз Алматыда қарашаның 23-і күні басталған «Қазақстан азаматтық кемелділік деңгейіне жетті ме? Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуінің қорытындысы: азаматтық қоғамның көзқарасы» атты үкіметтік емес ұйымдардың форумында кездестірдік. Бұған елдегі әртүрлі бағытта жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдар мен министрлік өкілдері, депутаттар жиналды.
Мәдениет вице-министрі азаматтық қоғамды «аса белсенді емессіңдер» деп кінәлап та алды.

Форумның алғашқы сессиясы үкіметтік емес ұйымдар мен билік, бизнестің қарым-қатынасы мәселесіне арналды. Онда мемлекеттік орган өкілдері биліктің азаматтық қоғаммен диалог орнатудан қашпай, керісінше белгілі бір деңгейде олардың жұмыс істеуіне жағдай жасап отырғанын айтысты. Ұйымдарға мемлекет тарапынан бөлінетін гранттар сөз болғанда мәдениет вице-министрі азаматтық қоғамды «аса белсенді емессіңдер» деп кінәлап та алды.

- ...Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстардың кезектерін қалыптастыру бойынша ұсыныстар. Біз осы жайында үкіметтік емес ұйымдарға хабарласқан кезде өкінішке орай, олардың барлығы да белсенділік танытпайды. Есесіне барлық тізім жасалып, байқау өткеннен кейін барып, көптеген хаттар түседі. Сол себепті байқаудың алдында белсенді болу керек, - деді Мәдениет вице-министрі Ғазиз Телебаев.

Дәл осы тұста «Аман-саулық» қоғамдық қорының жетекшісі Бақыт Түменова кейбір үкіметтік емес ұйымдардың биліктің саясатын жарналамалап, үгіт-насихаттаушы топқа айналып кеткенін, бұған мемлекеттің өзі итермелеп отырғанын сынап, қарымта сұрақ қойды.
Жолдаудың қандай әлеуметтік әсері (эффектісі) болуы мүмкін?

- Жолдаудың қандай әлеуметтік әсері (эффектісі) болуы мүмкін?...Жолдау туралы айту – бұл басқа функция. Бұл үкіметтік емес ұйымдардың функциясы емес, - деді ол.

Алайда үгіт-насихат жұмыстарына үкіметтік емес ұйымдардың араласуын оң бағалаған вице-министр алдағы уақытта да мұндай бастаманың жалғаса беретініне сенім білдірді.

- Қаржы бөлу туралы шешімді мемлекет басшысының өзі жолдауда айтқан болатын. Бұған қоса, мемлекеттік билік жүйесінің бар екенін білесіздер. Бұл президент әкімшілігінің тапсырмасымен жасалып отыр, - деп жауап берді мәдениет вице-министрі Ғазиз Телебаев.

«ЖАҒДАЙ ЖАСАМАСА ҚОЙСЫН, КЕДЕРГІ ЖАСАМАСЫНШЫ!»

Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіне қорытынды жасауға келген азаматтық қоғам өкілдері жиын барысында елде бір жылдың ішінде бәлендей ештеңе өзгермегенін және қандай да бір өзгерістің болуына бұл мерзімнің тым аз екенін айтысты. «Төрағалық – бір күндік», сондықтан Қазақстанның демократия стандарттарына ұмтылуы - қауіпсіздік ұйымына төраға болу емес, шын мәнінде демократиялы елге айналу ниетінен туындауы тиіс десті. Ал биліктен тепіреш көріп отырған ұйымдар «билік жағдай жасамаса да, тек кедергі жасамасыншы» деп тілек білдірді.
Заңды мәселелерді көтерсек болды, қаржы полициясы, салық комитеті ізімізге түседі.

- Елде болып жатқан оқиғаларға билікпен қатар азаматтық қоғам да жауапты. Бірақ қазіргі уақытта билік азаматтардың белсенді болуына мүдде танытпай отыр. Олар «бәрі сендерге байланысты» дейді. Сөйте тұра, белсенді азаматтарды басып тастайды. Белсенді ұйымдар мемлекеттік қызметкерлердің өз міндеттерін қалай атқарып жатқаны турасында, бюджетке қатысты заңды мәселелер көтереді. Бірақ осы мәселелерді көтерсек болды, қаржы полициясы, салық комитеті ізімізге түседі. Осыдан кейін азаматтық белсенділік туралы қалай әңгіме айтуға болады? Азаматтар белсенді болудан қорқады, - деді «Дом» қоғамдық қорының жетекшісі Майра Әбенова.

Мамандардың келтірген дерегі бойынша, 2008 жылы Қазақстанда 21 500 үкіметтік емес ұйым тіркелген.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG