Accessibility links

Британдық арнаулы қызметтің агенттері Қазақстан басшылығымен байланысы бар фирмаға құпия мәліметтерді берді деп күдіктеліп отыр

  • Есен СМАҒҰЛОВ

Лондондағы Парламент үйі

Лондондағы Парламент үйі

Британдық бақылаудың құпия мәліметтері Қазақстанмен тығыз байланысты американдық консалтингтік фирманың қолына түсіп қалған сияқты. Құпия құжаттардың жария болып кетуіне британдық MI6 бақылау қызметінің қатысы бар ма деген күдік туып отыр.

Британдық MI6 бақылау қызметінде жұмыс істеп жүрген екі офицер Қазақстан президентінің отбасына қатысы бар консалтингтік фирмаға құпия мәліметтерді тапсырған болуы мүмкін. Бұл туралы британдық Sunday Times газетінің соңғы санында мақала шықты.
Жарияланымда айтылғандай, MI6-ның қызметкелері құпия мәліметтерді Global Options Management фирмасына сатқан. Мәлімет «американдық әділет министрлігі американдық мұнай компаниялары президент Нұрсұлтан Назарбаевқа және оның жоғары лауазымды шенеуніктеріне пара берген деген мәліметті анықтау үшін тергеу жүргізіп жатқанда» берілген.
Мәлімделіп отырғандай, MI6-ның құпия мәліметтері Қазақстанның саяси және экономикалық мәселелеріне қатысты жоғарыда аталған фирма дайындаған 300 беттік баяндамада пайдаланылған.
Белгілі болған ақпараттың мазмұнына сүйене отырып, Sunday Times «MI6-ның бір офицері МI6 канадалық Hurricane Hydrocarbons мұнай компаниясының ролін және оның Қазақстандағы мұнай кен орындарын игерудегі қаржылық шарттарын "мұқият тергеп" жатқаны туралы мәліметті жайып салғаны» туралы жазады. MI6-ның екінші офицері, арнаулы қызметтің Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Әкежан Қажыгелдинге қатысты мәліметтерін айтып қойған болуы мүмкін»
Британдық бақылау қызметінің ресми өкілдері мен Қазақстан елшілігінің қызметкерлері бұл туралы өздерінің күмәнданатындарын айтты: «Кеше британдық арнаулы қызметтің ресми өкілі MI6 дайындаған хабарлама мен баяндаманың өзара ұқсастығына күмән келтірді. Лондондағы Қазақстан елшілігінің кеңесшісі Арман Байсуанов өз үкіметінің орынсыз және заңсыз әрекеттерге қандай да бір қатысы болуы мүмкін дегенді жоққа шығарды»
Сонымен бірге, Қауымдық палатаның сыртқы істер жөніндегі комитетінің төрағасы Майк Гэйпс британдық бақылау қызметінің офицерлері мәліметтердің агенттік бақылауға алған адамдардың қолына түсуіне қатысы бар дегенге өзінің алаңдайтынын мәлімдеді. «Егер бұл айтылғандар ақиқатқа айналса, өте зор алаңдаушылық туғызуы мүмкін, үкімет бұл мәселеге қатысты тергеу жұмыстарын жүргізеді деп сенемін» –деді ол.
Тыңшылық жанжалдың ортасында баяндамасының көшірмесі лондондық басылымның қолына түсіп отырған Global Options Management консалтингтік фирмасы тұр. Фирманы Қазақстан үкіметінің экономикалық кеңесшісі және «Самұрық-Қазына» ұлттық қорының директоры Александр Мирчев басқарады. «Қазақстандағы билік режимінің оппоненттері Мирчев – Назарбаевтың Вашингтондағы басты адамы, қазақ көшбасшысының байлығының бір бөлігін басқаруға көмектеседі деп мәлімдейді»,– деп айтылады мақалада.
Мирчевтің өзі қандай да бір түсінік беруден бас тартты, ал оның баспасөз- хатшысы Мэтт Лоэр: «Александр Мирчев – Құрама штаттарда тұрады, өзі жұмыс істейтін кез келген елдің заңдары мен ережелерін қатаң сақтайтын, құрметпен аталатын бизнес-кеңесші» ,– дейді.
Sunday Times-тың тілшілеріне Мирчевтің көмекшілері "Мирчев баяндама туралы біледі, бірақ ол қандай да бір ресми мәлімет беруден бас тартты" деп жасырын түрде хабарлаған.
«Мирчев бұған дейін президенттің қызы, опера әншісі, Дариға Назарбаевамен іскерлік байланысы бар екенін мойындайтын. Алайда ол, оның фирмасын Д. Назарбаеваның құжаттар жинау үшін жалдағаны туралы мәліметті жоққа шығарды» , – дейді Sunday Times.
Мұның бәріне Мирчевтің бұған дейін де атышулы істерге қатысы болуы мүмкін деген болжамдардың ақпарат құралдарында айтылғанын қосыңыз. Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев американдық Wall Street Journal басылымына 2008 жылдың 22 шілдесінде берген сұхбатында Мирчевтің Назарбаевтың байлығының бір бөлігін басқарып қана қоймай, қазақстандық оппозицияның мұқиттың ар жағындағы жақтастары туралы ақпарат жинайтыны туралы мәлімдеген.
Өткен жылдың қазанында мәскеулік «Время» газетінің шолушысы Аркадий Дубнов сыбайлас жемқорлық туралы "Қазақгейт" жанжалына қатысты тергеу барысы жайлы ақпараттарды алу мақсатында американдық жоғары лауазымды шенеуніктерге ақша ұсынып, сатып алуға тырысқан, тегі болгар, американдық бизнесмен Александр Мирчевке тағылған айыптаулар» туралы жазған еді.
Соңғы уақытта Александр Мирчев қазақстандық экономиканың басым бөлігін бақылауға алуға мүмкіндік беретін лауазымдарды иеленуде. 2008 жылдың қазанында «Самұрық-Қазына» ұлттық игілік қорының директоры болып тағайындалды, ал оған дейін ол «Қазына» қорының директорлар кеңесін басқарған еді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG