Accessibility links

Қырғызстан Назарбаевқа тағы бір ескерткіш орнатуы мүмкін бе?

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Ыстықкөлдің жағасындағы Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткіші. Қырғызстан, Шолпан-Ата.

Ыстықкөлдің жағасындағы Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткіші. Қырғызстан, Шолпан-Ата.

Қырғызстанда Назарбаевтың 65 жылдық мерейтойының қарсаңында оған орнатылған ескерткіштің ашылу салтанаты өтті. Сол жылдары Ыстықкөлдің әкімі Тұрысбек Мансұров өз еліндегі халықтың қазақстандықтарға деген махаббатын білдіру үшін Назарбаевқа ескерткіш орнатқандарын мәлімдеген еді. Шындығында Қырғызстан билігі Назарбаевқа ескерткіш орнатуға мәжбүр болды.

Өткен жылы іссапармен Бішкекке барып қарапайым халықпен әңгімелескенімізде олардың көпшілігінің елдерінде Назарбаев ескерткішінің бар екенінен хабары жоқ болып шыққанына көзіміз жетті. Тіпті, мұндай ақпаратты біздің аузымыздан алғаш естіген Құрманбек есімді жас жігіт таң қалғанын жасыра алмай, басын шайқап, биліктің мұндай әрекетін қолдамайтынын жеткізген:

«Мәскеуде Әзірбайжанның бұрынғы президенті Гейдар Әлиевке ескерткіш орнатқанда үлкен жанжал туған. Ескерткіштің орнатылуы жұрттың наразылығын туғызды. Орта Азия елдерінің басшылары басқа мемлекеттерде орын алған оқиғалардан сабақ алса дұрыс болар еді» деді ол Азаттық радиосына.

Уақытында совет одағының құрамында болған мемлекеттер бір-біріне деген достық сезімін сол елде туған ұлы тұлғаларға ескерткіш орнату арқылы білдіретін. Алайда Қырғызстан билігі қазақ ұлтының мақтанышына айналған біртуар ұлдары Абай, Қаныш, Мұхтардан гөрі Назарбаевқа құрмет көрсеткенді қош көрді. Шынтуайтына келгенде, мұндай қошемет қырғыздардың қазақстандықтарға деген құрметін білдіру үшін емес, таза геосаяси мақсатта жасалды.

Бұл ескерткіш Назарбаевқа Асқар Ақаев биліктен кетердің алдында орнатылды. Сол жылдары оппозициялық басылымдардың бетінде Назарбаев пен Ақаевтың арасындағы қарым-қатынастың су мәселесіне байланысты суып бара жатқаны туралы қайта-қайта айтылды. Ауық-ауық жазылды. Ақыр соңында Ақаев Ыстықкөлде экс-құдасы Назарбаевқа ескерткіш орнатып, елдің арасындағы әңгімені саябырсытқандай болды.

Құрманбек Бәкиевтің билікке келуіне мұрындық болған қызғалдақ төңкерісінен кейін, кейбір сарапшылар жаңа президент Ыстықкөлдегі Назарбаевқа орнатылған ескерткішті алып тастауы мүмкін деп болжаған. Бірақ сол жылдары қазақстандық БАҚ басқа тақырып құрып қалғандай, қырғыз еліндегі тәртіпсіздіктерді қайта-қайта айтты. Ресми билік түймедей нәрсені түйедей етіп көрсетуге тырысты. Ақыр соңында Ыстықкөлге баратын қазақстандық туристердің саны күрт азайды.

Бұл туризмнің арқасында мол пайда тауып отырған Қырғызстанға қатты соққы болды. Тіпті, ресми Астана тарапынан ұйымдастырылған қысымға шыдамаған Қырғызстан билігі «журналистер бояуды тым қалыңдатып, Ыстықкөлде демалғысы келетін қазақстандық туристерді үркітіп тастады» деп ақпарат құралдарын жазғырды.

2005 жылдың жазында Қырғызстанның ресми өкілдері Қазақстанға келіп, елдеріндегі жағдайдың тынышталғанын хабарлап, қазақстандықтарды Ыстықкөлге шақырып, үгіт-насихат жүргізді. Осыдан соң Қырғызстандағы жаңа билігі Назарбаевтың ескерткішіне тиіскен жоқ.

Ең алғаш рет Назарбаевтың есімін қошеметтеу туралы бастамалар көтерілгенде, Қазақстан президенті өзінің құрметіне арнап ескерткіштердің орнатылып, көшелердің берілуіне үзілді-кесілді қарсы екенін мәлімдеген болатын. Дегенмен Қазақстан президентіне Ыстықкөлде ескерткіш ашылғанда Нұрсұлтан Назарбаев оған қарсылық білдірген жоқ.

18 маусымда Қырғызстанда республика президенттігіне үміткерлерді ресми тіркеу аяқталды. Енді тура бір айдан кейін Қырғызстан жаңа президентін сайлайды. Жұма күні Қырғызстан билігі Қазақстанның Орталық Азиядағы интеграциялық процестің көшбасшысы болып келе жатқанын мәлімдеді. Қырғызстандағы "Ақ жол" және Қазақстандағы "Нұр-Отан" партиясының бірігіп жұмыс істеуіне байланысты ұсыныстар айтылды. Осыдан кейін үстіміздегі жылы Қырғызстанда Назарбаевқа тағы бір ескерткіш орнатылып жатса, таң қалмаңыз.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG