Accessibility links

Әдебиеттегі құлдық

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Қазақстан жазушылар одағының Алматыдағы ғимараты.

Қазақстан жазушылар одағының Алматыдағы ғимараты.

Қазір Мемлекеттік сыйлықтан дәмелі ақын-жазушылар президентті мадақтаған шығармалар жаза бастады. Реті келсе де, келмесе де Назарбаевты мақтауды сөз арасына қыстырып жіберу қазақ зиялыларының үйреншікті әдетіне айналды.

Биыл Украина мен Ресей халқы ұлы жазушы Н.В.Гогольдің 200 жылдығын тойлап жатыр. Міне мен түннің бір уағы болғанына қарамастан, алғашқы саны жарық көргеннен бастап орыстардың рухы үшін күресіп, ұлттық мүддесін қорғап талай мықтылармен тіресіп келе жатқан «Наш современник» журналының № 4 санын қызыға, құмарта оқып отырмын. Журналдың бірінші бетінде қысқаша ғана алғысөз жазылып, жанары мұңға толған Гогольдің суреті беріліпті. Орыс халқы үшін қайғырып, қасірет шеккен жазушының аянышты тағдыры туралы жазылған Ю.Убогидің мұңлы повесті адамды терең ойдың тұңғиығына батырады.

Алғашқыда «Современник» деген атпен жарық көрген, негізін орыстың ұлы ақыны А. С. Пушкин қалаған бұл журналдың да шыға бастағанына енді бір ширек ғасырдан кейін екі жүз жыл толады. Ұлы ақынның қайғылы қазасынан кейін біраз уақыт журналға оның ұстазы В.А.Жуковский қамқорлық жасап, кейіннен оны П.А.Плетневтың қолына табыс етеді. Әсіресе бұл журналдың рухани табыстарға қол жеткізіп, қайта түлеуіне зор еңбек сіңірген – орыс ақыны Н.А.Некрасов болды. Ол бұл басылымды жиырма жыл басқарып, орыс мүддесін көздеген мәдени алаңға айналдырды.

Сол уақыттан бері талай өзгерістер болды. «Наш современник» журналына да талай орыс зиялысы басшылық жасады. Бірақ қандай өзгерістер болса да, журналдың басшылығына кімдер келіп, кімдер кетсе де басылымның о бастағы ұстанған позициясы күні бүгінге шейін өзгерген жоқ. Басылым орыстың сөзін сөйлеп, мұң-мұқтажын жоқтаудан танған емес. Ылғи да тек орыстық мүддені сөз қылып, шырылдап келеді. «Наш современник» үшін орыстың сөзін сөйлеген әр зиялысы қымбат. Өлгендерін жоқтатқызбайды, тірілерін аспанға көтереді. Ал орыстың мүддесіне қарсы шыққан «дөкейді» кім болғанына қарамастан жерден алып, жерге салады.

Ана жылдары билік Борис Ельциннің уысында болып, Ресейдің халқы азып-тоза бастағанда «Наш современик» орыс халқының күйзеліп бара жатқанын ашына жазды. Орыстың мүддесі үшін жанын шүберекке түйген зиялылары Борис Ельцинге «биліктен кет» деген сөзді ашық айтты. Жеріне жеткізіп айтты. Батырып айтты. Орыс ақын-жазушыларының осындай өжет мінезін көрген соң, неге қазақ зиялыларында дәл осындай қайсар рух жоқ деп, өз-өзіңнен қамығасың. Қапаланасың

Қазақстандағы билік қаржыландыратын басылымдардың қай-қайсысы да әңгімесінің «біссімәлласын» Мемлекет басшысын, яғни Нұрсұлтан Назарбаевты жер-көкке сиғызбай мақтаудан бастайды. Жалпы кез-келген өркениетті мемлекетте, өз елінің президентін жөн-жосықсыз мақтау мәдениетсіздіктің белгісі болып саналады. Ал қазақ зиялылары мұндай мәдениетсіздіктің жарысында алдына жан салмайды, Назарбаевты мақтаудың майын тамызып, түбін түсіреді.
"Қазақ әдебиеті" газеті мен Ресейдің "Наш современник" журналының 2009 жылғы сандары

Міне, менің алдымда жұма күні ғана жарық көрген «Қазақ әдебиеті» газетінің соңғы саны жатыр. Қазақ әдебиеті, өнері мен мәдениетінің басылымы болып табылатын газеттің бірінші бетінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры Тұрынбек Кәкішұлымен жүргізілген сұхбат жарияланыпты. Сексеннің сеңгіріндегі профессор Тұрсынбек Кәкішұлы газет тілшісіне берген сұхбатында Назарбаев пен өзі жұмыс істейтін мекеменің басшысын, яғни ҚазҰУ-дың ректорын жер-көкке сиғызбай мақтап, бір оқпен екі қоянды атып алыпты.

«2008 жылдан бастап Елбасы ұлттық мәртебесі бар арнаулы университеттердің ректорларын өзі тағайындайтын болды. Бұл-білім ордаларының мән-маңызын өсіріп, оған басшылыққа тағайындалатын адамдардың жеке жауапкершілігін ерекше арттыратын қадам... Осындай ұтымды шешімнің нәтижесінде елімізде жоғары білім берудің көшбасшысы - әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне көрнекті ғалым, профессор, ҚР ҰҒА – сының академигі Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұлов ректор болып келді. Шын мәнінде Елбасымыздың әртүрлі биік лауазымды қызметтерде өзін-өзі дәлелдеген, тапсырылған іске үлкен жауапкершілікпен қарайтын, тындырымды азаматты ұлтымыздың білімі мен ғылымының тетігін ұстап отырған ұжымға басшылық қызметке тағайындап отыратын көрегендік саясатын осы жолы тағы аңғардық» дейді профессор Тұрсынбек Кәкішұлы «Қазақ әдебиеті» газетіне берген сұхбатында.

Егер де талайларға ұстаз болған профессор Тұрсынбек Кәкішұлы өзінің баласымен жасты Назарбаев пен Жұмағұловқа осылай жалпаңдап жатса, «билікке неге жағымпазданасың?» деп басқаларға өкпелеуіміздің реті де, жөні де жоқ екен-ау!

Осыдан бірнеше ай бұрын «Егемен Қазақстан» басылымында профессор Мырзатай Жолдасбековтың Назарбаевты жер-көкке сиғызбай мақтаған бір бет мақаласы жарық көрді. Бір қызығы осы мақаланы оқыған менің бойымда мемлекет басшысына деген құрметтен гөрі жиіркеніш сезімі пайда болды. Орыс жазушысы Достоевский «Қорқыныш әдебиеттегі құлдықты туғызады. Ал, әдебиетте құлдық болмауы тиіс» деп жазған екен. Біз осы қазақтың рухын аздырып-тоздырып бара жатқан құлдықтан қалай құтыламыз? Айтыңызшы оқырман!

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG