Accessibility links

«Биліктің, шенеуніктің емес, азаматтың, жеке тұлғаның Конституциясы керек»


Астана маңындағы Ақкөл ауылының тұрғындары парламент сайлауында дауыс беріп жатыр. Ақмола облысы, 18 тамыз 2007 жыл

Астана маңындағы Ақкөл ауылының тұрғындары парламент сайлауында дауыс беріп жатыр. Ақмола облысы, 18 тамыз 2007 жыл

Қазақстан Конституциясының «артықшылықтары» мен мемлекеттің дамуына жасаған игі ықпалы туралы баяндамалар Астанада биыл да жасалды. Бұл жолы салтанатты жиын негізгі заңның 15 жылдық мерейтойына арналды. Қазақстандық сарапшылар Конституцияның «жақсылығы мен пайдасы» президенттің өзі үшін ғана жасалып отыр деген пікір айтады.


ТАРИХИ ТАҢДАУ

Тамыздың 27-сі күні Астанада «Конституция - мемлекеттің демократиялық дамуының негізі» атты халықаралық ғылыми тәжірибелік конференция басталды.

Онда сөз алған президент Нұрсұлтан Назарабев «елдің тұмарына айналған - Ата заңның алдында азаматтардың бәрі бірдей тең құқылы» екендігін айтты.

Осы күнге дейін Қазақстанның қол жеткізген бірқатар жетістіктерін атап өткен президент, бұл - конституцияның іс-қимылының және оның аясында қабылданған заңнамалық базасының нақты нәтижесі деген пікір білдірді.

- Қастерлі құндылығымыздың қағидаттарын бұлжытпай орындаудың нәтижесінде қысқа мерзімде біз мызғымас мемлекеттілігімізді орнатып, тәуелсіздігімізді тұғырлы еттік. Ата заң тәуелсіздігіміз бен тұтастығымыздың кепілі ретінде біздің бірлігімізді бекемдеп, елдегі татулық пен тұрақтылықтың берік тұтқасы болды, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Президенттің сөзінше, соңғы 15 жылдық конституциялық даму кезеңінде елде ешқандай саяси дағдарыс болмаған. Барлық мәселелер біртұтас мемлекеттік билік тармақтарының өзара әрекеті туралы конституциялық ережеден ауытқымай шешіліп келген.

"ЕШНӘРСЕ МІНСІЗ БОЛМАЙДЫ"

Саясаттанушы Досым Сәтпаевтың сөзінше әлемде мінсіз ешнәрсе жоқ. Тіпті демократиялық мемлекеттердің өздері әрдайым дамып, жетілу жолында деген ол Қазақстанның жағдайы өзгеше дейді.

- Қазақстанда 1995-ші жылдан бері біз негізгі заңда бірқатар өзгерістердің болғанын білеміз. Бірақ ол өзгерістердің ең басты мақсаты – биліктің бір ғана тармағы – президенттік билікті күшейту еді. Сондықтан Қазақстанның ата заңын демократиялық және мінсіз деп айтуға келмейді, - дейді саясаттанушы.

Қазақстанның тұңғыш Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданған. Алайда 1995 жылдың 30 тамызында жаңа Конституция әзірленіп, жалпыхалықтық референдумда мақұлданды. Кейін ата заң 1998-ші және 2007-ші жылдары тағы өзгеріске ұшыраған еді.

- 2007-ші жылы Конституцияға енгізілген өзгерістер, және соңғы жайттарды бақылап отырса жақын арада тағы да болуы мүмкін өзгерістер, өкінішке қарай азаматтардың құқығын қорғауға негізделмей отыр. Ол өзгерістер Назарбаевтың басқаруындағы бір ғана саяси күштің өкілеттілігін арттыруға рұқсат береді. Осы тұрғыдан алғанда қазақстандық негізгі заң жетілудің орнына бір орында тұрып қалды. Өкінішке қарай осы кезге дейін Конституция билікке заңдылықты қамтамасыз ету үшін қажет болды, - дейді Досым Сәтбаев.

ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ КЕРЕК

Саясаткер Әміржан Қосановтың пікірінше, Қазақстан Конституциясы екі түрлі сезім тудырады.

- Біріншіден Қазақстанның демократиялық, зайырлы, құқықтық ел екендігі Конституцияда жазылған. Азаматтардың саясаи құқықтары да көрсетілген. Бірақ оның бір кемшілігі – Конституцияда көрсетілген талаптарды жүзеге асыратын заңдар шын мәнінде және іс жүзінде бұл құқықтарды таптап тастайды. Саяси бульдозермен өткен сияқты – Конституцияда жазылған құқығыңызды сіз өмірде жүзеге асыра алмайсыз, - дейді саясаткер.

Оның сөзінше бүгінде Қазақстанға жаңа ата заң қажет.

- Қазіргі, жеке бір адамның басына табынған, соның мүддесін қорғайтын Конституцияны өзгерту бүгінгі біздің билікке кедергі келтіреді. Сондықтан олар оны әрдайым мақтайды. Бірақ шындығына келгенде, қазақ халқына басқа Конституция керек. Биліктің, шенеуніктің емес, азаматтың, жеке тұлғаның Конституциясы керек, - дейді саясаткер Әміржан Қосанов.

Айта кету керек, жұма күнгі Астанадағы жиын барысында құқықтық мемлекет институттары мен азаматтық қоғамды дамытуға қосқан үлесі үшін Қазақстан Президентіне Халықаралық заңгерлер одағының - «Фемида» жоғары заңгерлік сыйлығы берілді.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG