Accessibility links

ҰҚК-нің хабарлауынша, президенттің бұрынғы күйеу баласы республикадағы бірнеше ірі кәсіпорындарды күшпен тартып алғаны үшін, тағы да жауапқа тартылмақшы.

ҚР-сының ҰҚК-нің баспасөз қызметі төрағасының орынбасары Елсін Бекішев бейсенбі күні Азаттық радиосына Рахат Әлиевке қатысты қылмыстық істің қозғалғанын растағанымен, толыққанды мәлімет беруден бас тартты:
- Біз мұны жоққа шығармаймыз. Бірақ, тергеу жұмыстарына байланысты мәлімет беру әлі ерте, – деді ол.
Жергілікті ақпарат агенттіктерінің таратқан мәліметтеріне сүйенсек, жаңа қылмыстық іс бойынша Рахат Әлиев пен оның сыбайластарына республикадағы ірі бірнеше кәсіпорындарды күшпен иеленді деген күдік келтіріліп отыр. Елдегі кейбір сайттардың жазуына қарағанда, Р.Әлиев басқарған қылмыстық топтың күшпен тартып алған кәсіпорындарының арасында шарап өнімдерін шығарумен айналысатын республикадағы ірі кәсіпорын да бар көрінеді. Ақпарат көздері рейдерлік әрекеттер нәтижесінде түскен табысты Р.Әлиев мемлекеттік төңкеріске дайындық жасауда пайдаланған деген дерек келтіреді.
22 шілдеде Батыстың Wall Street Journal басылымындағы мақалада Рахат Әлиевтің президентті сынаған пікірі жарық көрген болатын. Кейбір сарапшылар президенттің бұрынғы күйеу баласының төңірегіндегі болып жатқан жағдайды осы бір оқиғамен де байланыстырып отыр.
Мысалы, саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедов құқық қорғау орындарының Рахат Әлиевке қатысты тағы бір қылмыстық іс қозғауын биліктің оған қайтарған қарымтасы болды деп бағалайды:
- Сондағы мәліметтерді орысша айтқанда «нейтрализация» жасау үшін қазір Рахат Әлиевтің тақырыбын қайта көтеріп жатыр деп ойлаймын. Оған қазақстандықтардың наразылығын тудыртып, шетелдіктер үшін де сөйтіп көрсету үшін істеп жатқан әрекеттер бұл.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Әміржан Қосанов бұл ақпаратты қоғамдағы әбден ушыққан рейдерлік әрекеттерді ресми биліктің тұңғыш рет мойындауы деп санайды:
- Біздің билік осы күнге дейін Қазақстанда шынымен де бой алып, өрістеп келген, заңға, ережеге айналған «рейдерлік» деген ұғымды бірінші рет ашық мойындап, оны тек қана Рахат Әлиевке ғана теліп отыр.Бірақ Қазақстандағы рейдерлік әрекеттер тек Рахат Әлиев есімімен ғана байланысты емес. Жалпы рейдерлік феноменіне келетін болсақ, оның ар жағында үлкен-үлкен қазіргі билік басында жүрген азаматтар тұр. Бір нәрсе анық: егер де сол азаматтар ертең билікке жақпай қалса, билікке сын айта бастаса немесе билікпен тіл табыса алмай қалса, олардың бұл әрекеттері ашылады. Биліктің басында басты рейдерлер отырған кезде біз тек осылай жалпақ тілмен айтқанда, көрпенің бір шетін ғана ашып қоямыз.
Кейбір сарапшылар, ресми билік Рахат Әлиевтің рейдерлік әрекеттерін әшкереленіп жатқанмен республикада өзгенің бизнесін күшпен тартып алу әрекеттерінің тиылатындығына сенімді емес. Кәсіпкерлерді және меншік иелерін қорғау одағының президенті Василий Резванның айтуынша, қазіргі кезде рейдерлік әрекеттер құқықтық жағынан қорғалмаған кәсіпкерлерді зар илетіп отыр:
- Бүгінгі таңда кәсіпкерлердің барлығы дерлігі өз істерін жауып жатыр. Біздің жүргізген әлеуметтік сауалнама бойынша, кәсіпкерлердің 90 пайызы өз істерін тастап, тұрақты түрде жалақы алып тұратын жұмысшы болғысы келеді. Ешкім тәуекел еткісі келмейді. Қазіргі таңда қарақшылар акциялар, банктер, сот арқылы өзгенің меншігіндегі бизнесті тартып алуда. Рейдерлік әрекеттің қарапайым түрлерінің бірі тексеріс жасау. Кәсіпкерді жүйкесіне тию үшін, шаруасын тоқтату үшін тексеріс жасайды. 5 рет, 10 рет, кейде 20, тіпті 70-тен астам жасалған тексерістер болды. Бұл үшін олар алдымен ақпарат жинайды. Олар бақылаушы органдар арқылы және сот арқылы жұмыс жасайды.
Қазақстанда рейдерлік әрекеттерден қанша адам зардап шеккені белгісіз. Мамандардың айтуынша, өткен жылы рейдерлік әрекет бойынша бірнеше қылмыстық іс қозғалған. Ал осы жылдың аяғына дейін Рахат Әлиевке қатысты жаңа сот процесі басталуы мүмкін.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG