Accessibility links

Бейсенбілік басылымдарда Назарбаевтың Испания королімен кездескені, сондай-ақ, Рахат Әлиевке қарсы тағы да бір қылмыстық істің қозғалғаны баяндалыпты.

«Айқын» газетіндегі Әли Мамайдың «Қатынас көкжиегі кеңейді» деген мақаласында, Испания королі I Хуан Карлостың шақыруымен, президент Назарбаевтың осы елдің Пальма де Майорка қаласына сапар шеккені хабарланыпты. Сапар барысында мемлекет басшысының Испания монархымен ресми кездесуі болған. Кездесуде Қазақстан мен Испания басшылары халықаралық ықпалдастық мәселелерін, сондай-ақ екі жақты қарым-қатынастарды жандандырудың қазіргі жай-жапсары мен келешегін талқылаған.
«Жас Алаш» басылымындағы редакциялық мақалада сыртынан сотталған президенттің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев пен оның сыбайластарына, елдегі бірқатар ірі кәсіпорындардың мүліктерін тартып алуға қатысы бар деген айыппен, жаңа қылмыстық істің қозғалғаны жазылыпты. Мақала авторының айтуынша, қылмыстық іс эпизодтарының бірі - Рахат Әлиев басшылық еткен топтың арақ-шарап өнімдерін шығаратын ірі кәсіпорын мүліктерін тартып алуына қатысты болмақ. «Бұл қылмыстық іс сотқа ағымдағы жылдың соңына дейін жіберілуі мүмкін», - дейді, мақала авторы.
«Ана тілі» газетінде Анар Дүйсенбайқызының мақаласында Қызылорда облысының құқық қорғау органдары «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» және «СНПС-Ай Дан Мұнай» акционерлік компанияларында қызмет атқаратын азаматтардың еңбек шарттарын тексергенде, біршама заңсыз іс әрекеттердің орын алғаны сөз болыпты. Аталмыш қытайлық өндіріс орындарында қолданылып отырған шарттардың Қазақстанның еңбек заңнамаларына, Қазақстан Республикасы еңбек кодексіне қайшы келетіні белгілі болыпты. Алғашқы жарты жылда аталған кәсіпорындарда 38 заң бұзушылық тіркеліпті. Заң бұзушылықтарға жол берген шетелдік компания басшыларына 1,2 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған екен.
«Экспресс К» басылымындағы Күлпаш Қоңырованың «Біз оңтүстікке барамыз» деген мақаласында, таяуда премьер-министр Кәрім Мәсімовтің Пьер Морел бастап келген Еуро Одақтың өкілдерін қабылдағаны айтылыпты. Тараптардың кездесуі жабық есік жағдайында өтіпті. Үкімет басшысының баспасөз қызметі хабарлағандай, кездесуде талқыланған тақырыптардың бірі мұнай тасымалы туралы болған. Еуро Одақтың өкілімен сөйлескен премьер-министр Кәрім Мәсімов қазақстандық мұнайды оңтүстік аймақ арқылы тасымалдау туралы ұсынысқа қолдау көрсеткенімен, Қазақстанның көп векторлы саясат ұстанушы мемлекет екенін де ескертіпті. «Ресми хабарда айтылған «оңтүстік бағыт» деген сөзді талдайтын болсақ, бұл Кавказ арқылы Ресей территориясын айналып өтетін құбыр жолдарын білдіреді», - деп жазады мақала авторы.
«Время» газетінде келер жылдың басында Америка Құрама Штаттарының Қазақстанда жасалған қаруды сатып алуды жоспарлап отырғаны тілге тиек етіліпті. Қорғаныс министрлігі бұл жағдайға байланысты пікір білдірудің әлі ерте екенін ескерткенімен, қазақстандық «Найза» деп аталатын қаруды бірқатар мемлекеттердің сатып алуға қызығушылық білдіріп отырғанын жасырмапты. «Олар «Найза» мен «Айбаттың» мүмкіншілігін Қазақстан мен Ресейдің арасындағы өткен әскери оқу-жаттығу ойындары кезінде көрді», - деп айтыпты басылымға берген сұхбатында Қорғаныс Министрлігінің қару-жарақпен және әскери техникамен қамтамасыз ету бөлімінің бастығы Амантай Жұбатов. Американдықтар «Найзаға» ғана емес, өздігімен қозғалатын «Айбат» минометіне де қызығушылық танытып отырған көрінеді.
XS
SM
MD
LG