Accessibility links

Шәкіртақы 300 доллардан кем болмасын деген талап қояды студенттер


"Рух пен Тіл" студенттік клубының белсенділері Айгерім Қасымова,Асылбек Құрманәлі,Жанболат Мамай,Мақсат Жанділда, Айдар Жақсыбеков. Алматы, 29 қазан, 2008 ж.

"Рух пен Тіл" студенттік клубының белсенділері Айгерім Қасымова,Асылбек Құрманәлі,Жанболат Мамай,Мақсат Жанділда, Айдар Жақсыбеков. Алматы, 29 қазан, 2008 ж.

Алматы жоғары оқу орындарының студенттері Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Ашық хат жолдап, әлеуметтік жағдайларының әлсіздігін алға тартты.

Хатқа қол қойған 8000 студент әлеуметтік тұрмыс-тіршіліктерінің күн өткен сайын нашарлап бара жатқандығын ғана айтып қоймай, қоғамдағы болып жатқан кейбір саяси мәселелерге де тоқталыпты. Олар өздері білім алып жүрген оқу орындарының басшылары сайлау науқаны кезінде билік партиясы «Нұр Отанға» мәжбүрлі түрде дауыс бергізетіндігін де атап өткен.
Сонымен, аталған хатқа қол қойған студенттер бүгінгі таңдағы экономикалық және әлеуметтік жағдайға ғана емес, қазақстандық қоғамда қалыптасып отырған саясатқа да көңілдері толмайтындығын білдірді. Хатта айтылған мәселелерге сүйенетін болсақ, студенттердің мұндай қадамға баруына ең алдымен жоғары оқу орындары басшыларының ұстанып отырған бағыты итермелеген көрінеді. Өйткені, олар айлығы мен шайлығына жетпейтін 7500 теңге шәкіртақыға ғана емес, басты проблема ретінде университет ректорларының үлгерімі жақсы студенттерді ғана жатақханамен қамтамасыз етіп, қалғандарын далада қалдыруларына баса назар аударған. Мұны студенттер адам құқығының тапталуы деп есептейді.
Әлеуметтік сұраныстары мен күнкөріс деңгейіне қажетті барлық шығындарды есептей келе студенттер президент Н. Назарбаевтан студенттің айлық шәкіртақысын 35 мың теңгеге( 300 долларға жуық ) көтеруді басты талап етіп қояды.
Президент Назарбаевтың атына ашық хат жазған Алматының жастары жоғары оқу орындары басшыларының демократиялық принциптерге нұқсан келтіріп отырғандығына да тоқталып, саясаттан да шет қалмайтындықтарын білдіреді. Аталған мәлімдемеден қысқаша үзінді:
... «Студенттерді сайлау учаскелеріне топырлатып апарып, биліктің «Нұр Отан» партиясына дауыс бергізу оқиғалары туралы да естіген боларсыз. Бұған да қарсылығымызды білдіргіміз келеді. Қысқасы, бізге өз еркіміз бен пікірімізді, көзқарасымыз бен ойымызды ашық білдіруге жағдай жасалуы шарт. Еліміздің демократиялық партиялары, қоғамдық ұйымдары мен қозғалыстарының қатарына өткен студенттерге қысым жасалмауы тиіс. Өз атыңызға арналған үндеуді дайындаған, қол жинаған әрі қолдаған студенттерге қысым жасалмауын да сұраймыз. Мұны өз бақылауыңызға алсаңыз деген өтініш білдіреміз».
29 қазан күні Азаттық радиосына келген бір топ студенттер жоғарыда аталған мәселелерді тереңірек айтып берді. «Рух пен тіл» жастар клубының жетекшісі Жанболат Мамайдың пікірінше, билік тарапынан қазақстандық жастарға ауыз толтырып айтарлықтай көңіл бөлініп жатқан жоқ. Сондай-ақ, ол білім ордалары басшыларының студенттерге қиянат жасап отырғанын айтты:
«Алматы жоғары оқу орындарында білім алып жүрген студенттердің көбісі пәтер жалдап тұруға мәжбүр. Ал оларға университет басшылығы жатақхана жетіспейді деп айтатын көрінеді. Мұндай жетіспеушіліктің бар екенін жоққа шығармаймын. Өйткені, кезінде жатақханалардың көбісі сатылып кетті».
Азаттық тілшісі белсенді жастарға президентке ашық хат жазуға бастамашылдық жасаған студенттердің артында қандай да бір саяси топтың мүддесі жоқ па деген сұрақ қойған еді. Бұл сауалға жауап берген Жанболат Мамай қазақстандық қоғамда жастардың мүддесі туралы айтатын уақыттың пісіп-жетілгенін жеткізді. Ол қазақстандық жастардың Еуропаның дамыған мемлекеттеріндегідей көшеге шығып, өз құқығын талап етуге әлі дайын емес екенін түсіндірді:
«Біз осыдан біраз уақыт бұрын Алматыдағы жатақханалардың бірінің алдында ақпарат құралдарының өкілдерін шақырып, наразылық акциясын өткізбек болғанбыз. Ондағы мақсатымыз – шалғайдағы ауылдардан келген студенттердің жатқханалардағы өмір сүру деңгейін көрсету болды. Бірақ, бұл әрекетімізді уақытша тоқтата тұруға мәжбүр болдық. Себебі, сайлау кезінде ешкімнің еркіндігі және құқығымен санаспай «Нұр Отан» партиясына мәжбүрлі түрде дауыс бергізетін ректорлар мен декандардың кейбір студенттерге зияны тиіп кете ме деп ойладық».
Дегенмен, Азаттық радиосына сұхбат берген студенттер ешқандай билік жүйесінің адам бостандығына ұзақ уақыт шектеу бола алмайтындығын айтты. Олар 1986 жылы Алматының мыңдаған жастары Кеңес үкіметінің тоталитарлық жүйесінен қаймықпастан алаңға шыққанын мысал ретінде алға тартты. Сонымен қатар, студенттер бүгінгі бюрократиялық қоғамда өмір сүріп жатқан жастарға көптеген шектеулер қойылып жатса да, олардың басым бөлігінің демократияға деген сенімдерінің мол екенін тілге тиек етті. Бұған дәлел ретінде президент Назарбаевтың атына арналған мәлімдемеге бір айдың ішінде 8 мың студенттің қол қойғанын айтты.
Осы мәселеге орай, «Ар. Рух. Хақ» қоғамдық ұйымының төрағасы Бахытжан Төреғожинаға хабарласқанымызда, ол да жоғары оқу орындарында білім алып жүрген студенттердің бостандығы мен құқығына көп жағдайда нұқсан келтіріліп жататынын айтты:
«Билік партиясына мәжбүрлі түрде дауыс бергізу сияқты мәселелер кеше ғана пайда болған жоқ. Бұл әсіресе өз құқығын жақсы білмейтін бірінші курстың студенттеріне қолданылады. Егер де олар дауыс бермеуге де құқылы екенін білер болса, «Нұр Отанды» қолдағаны былай тұрсын, көбісі сайлау учаскесіне де бармас еді деп ойлаймын. Әрине, бұл проблеманы бір күнде жеңу мүмкін емес. Дегенмен, біз де өз тарапымыздан шама-шарқымыз жеткенше әрекет етіп жатырмыз. Қазір Алматының бірнеше жоғары оқу орындарында омбудсментті (құқық қорғаушы) сайлауды жүзеге асырудамыз. Олар тікелей студенттермен жұмыс істейтін болады. Ал президентке ашық хат жазған студенттерге келетін болсақ, мен оларды қолдаймын. Өйткені, бұл жастардың артында қандайда бір саяси күш тұрған жоқ. Бұл олардың өз бастамасы. Ал билік оған міндетті түрде назар аударуы тиіс. Себебі, жастар қоғамның негізгі күші екенін ұмытпауымыз керек», - деді ол.
Осы мәселеге байланысты Алматыдағы бірнеше жоғары оқу орындарының ректораттарына хабарластық. Олардың арасында С.Асфендияров атындағы медициналық, әл-Фараби атындағы ұлттық және Т.Рысқұлов атындағы экономикалық университеттер бар. Өкінішке қарай, аты аталған оқу орындарының бір де біреуінен ешқандай мәлімет ала алмадық. Дегенмен, Алматыдағы жоғары оқу орындарының бірінде дәріс беретін ұстаз аты-жөнін атамауды өтініп, сауалдарымызға жауап беруге келісті:
«Алысқа бармай-ақ, осыдан бірнеше жыл бұрын болған мәслихат сайлауын айтайық. Біздің факультеттің деканы сол күні таңғы сағат 7-де қасына 7-8 мұғалімді алып (оның ішінде мен де бармын), жатақханаға ертіп барды. Демалыс күні болғандықтан студенттердің барлығы дерлік өз бөлмелерінде ұйықтап жатты. Әр қабаттағы барлық бөлмелерді деканның өзі аралап шықты. Оның қолында 300 студенттің тізімі болды. Сол күні жатақханаға қонбай қалғандардың бөлмеде бірге тұратын жолдастарынан телефон нөмірлерін алып, барлығына хабарласып шықты-ау. Оларға біздің университетте орналасқан сайлау учаскесіне келуді талап етті. Әйтеуір, сол күні жатақханадан 180 адам жинадық. Сайлау учаскесіне жақындағанымызда деканымыз студенттерді «кімге дауыс беру керек екенін білесіңдер ғой, мені ұятқа қалдырмаңдар» деп ескертіп қойды. Айтпақшы, жатақханада болмаған студенттердің куәліктерін де сұратып алды. Олар үшін басқа біреулер дауыс берген болатын».
Ал Президентке ашық хат жолдаған жастар қазақстандық қоғамдағы саяси күштерден де қолдау күтеді.
«Парламенттегі бүкіл орынды жаулап алған «Нұр Отан» партиясының да, Болат Әбілов басқаратын «Азат» партиясының да көмегінен бас тартпаймыз», - дейді алматылық жастар.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG