Accessibility links

Бейсенбі күні «Нұр Отанның» Алматы қаласындағы филиалында бірнеше партиялар мен ұйымдардан құрылған әлеуметтік дау-жанжалдарды шешу мен қарастыру жөніндегі Қоғамдық Кеңестің кезекті отырысы өтті.

Бұл жолғы басқосуда даулы жатақханалардың тұрғындары мен өз жұмысшыларына бір жылдан астам уақыт жалақы төлемей отырған «Қуат» корпорациясының және «Халыққа баспана қалсын» қоғамдық ұйымының төңірегіндегі бірқатар мәселелер талқыланды. Уақытша болса да күн тәртібіне қойылған кейбір мәселелердің шешімі табылғандай болды.
Алматының Қалқаман шағын ауданындағы №1 ауруханаға қарасты жатақхананың төңірегіндегі туындаған даудың жалғасып жатқанына бір жылдан асты. Қаладағы басқа да даулы жатақханалар тәрізді оның да тұрғындарын күштеп шығаруға байланысты бірнеше рет әрекет жасалды. Биылғы жылдың шілде айында жатақхана тұрғындарын кезекті рет күштеп шығаруға сот орындаушыларына көмек ретінде аурухананың бас дәрігерінің бұйрығымен күзет қызметкерлері де араласып, соның салдарынан баспанасын қорғауға шыққандар соққыға жығылған болатын. Бұл туралы көптеген басылымдарда айтылды.
Бүгін осы мәселенің бетін ашуға келген №1 аурухананың бас дәрігері Назарбек Бейсен, Қоғамдық Кеңестің төрағасы мен оның мүшелеріне әңгіменің арқауына айналған жатақхананың төңірегіндегі дау туралы түсіндіріп берді. Оның айтуынша, бұл жатақхана кезінде аурухананың кір жуатын бөлімі болған. Бірақ, өзінің алдындағы басшылар қызметкерлерге баспана тауып бере алмай қиналғандықтан, осы кір жуатын бөлімнің ғимаратын жатақханаға айналдырған екен. Соңғы бір жылдың ішінде оның тұрғындарын күштеп шығаруға 13 рет әрекет жасалған. Солай бола тұрса да, сот шешімі әлі күнге дейін орындалмай жатыр. Сондай-ақ, бас дәрігер аурухананың кір жуатын орны болмағандықтан, жатақхана тұрғындарын шығаруға мәжбүр болып отырғанын айтты.
Асылбек Қажахметов полицейлердің қарапайым тұрғындарға қол көтеруін заңсыз деп айтты
Бұл мәселе Қоғамдық Кеңестің тарапынан талқыға салынған соң, оның төрағасы Тоқмұхамед Садықов аурухананың бас дәрігері мен қалалық денсаулық сақтау мекемесінің басшысы Зәуреш Аманжоловаға оқу жылының басталғандығын және жылыту мерзімінің жақындап қалғанын айтып, жатақхана тұрғындарын баспанадан шығару мәселесін келесі жылға дейін тоқтата тұруды сұрады. Ал осы жатақхананың кейбір тұрғындары өздерінің қалай соққыға жығылғанын айтпақ болып еді, жиынды жүргізіп отырған Тоқмұхамед Садықов, «аурухана басшысының сөйлегені жетеді, сендер тыныш отырыңдар», деп оларға зекіп тастады.
Сәулет-құрылыс академиясына қарасты жатақхана тұрғындарына да сөз берілген жоқ. Бұл мәселе бүгінгі басқосуда талқыланғанымен, оның тұрғындарының көкейіндегі негізгі сұрақтарға жауап табылмады. Себебі, ол жерге оқу орынның бірде-бір өкілі келмеді.
Ал баспаналары үшін өздерін өртемек болған бұрынғы №1 автопарктің қарамағындағы жатақхана тұрғындарының мәселесі мүлдем қаралмай қалды. Қоғамдық Кеңестің төрағасы оның тұрғындарының сөйлеуіне де мүмкіндік берген жоқ. Тоқмұхамед Садықовтың айтуынша, автопарктің қарамағында болған жатақхананың мәселесіне байланысты арыз түспеген соң, ол күн тәртібіне енгізілмеген. Алайда, сәрсенбі күні жатақхананың тұрғындары өздерін күштеп шығаруға келген «Файнекс Корпорейшен ЛТД» компаниясының өкілдері мен сот орындаушыларына «Нұр Отан» партиясының хатын көрсеткен еді. Бұл хатта «осы мәселе бейсенбі күні қоғамдық кеңесте қаралатындықтан, жатақхана тұрғындарын күштеп шығару уақытша тоқтатылсын», деп жазылған болатын.
Қолдарындағы хатты көрсеткен жатақхана тұрғындарының сөзіне ешкім көңіл бөлген жоқ. Тек жиналыстың соңында «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылбек Қожахметов, автопарктің қарамағында болған жатақхана тұрғындарының мәселесін келесі бас қосудың күн тәртібіне енгізетінін айтты.

Әлеуметтік дау-жанжалдарды қарастыру мен шешу жөніндегі Қоғамдық Кеңестің кезекті бас қосуы
Ал «Қуаттың» директорлар кеңесінің төрағасы Олег Нам компанияның ішкі мәселелерінің біртіндеп шешіліп жатқанын айтып, жылдың соңына дейін бүкіл қызметкерлерінің жалақысын төлеп бітетіндігі туралы уәде берді. Сонымен, дау-жанжалдарды шешу мен қарастыру жөніндегі Қоғамдық Кеңестің кезекті отырысы осымен бітті. Күн тәртібіне енгізілген мәселелер талқыланғанымен, олардың біразының шешімі бұлыңғыр болып қалды.

Ал «Шаңырақ», «Қарасу» сияқты ықшам аудандардан келген тұрғындар өздерінің баспанасының қиратылып жатқанын айтса да, олардың сөзін ешкім құлағына да ілген жоқ. Тоқмұхамед Садықовтың өзі жиналыстың біткенін жариялап, асығыс кетіп қалды. Басқосуға көңілі толмаған даулы жатақханалардың тұрғындары «Нұр Отанның» қалалық филиалында өткен бұл жиында өз мәселелерінің шешілмегеніне налып тарасты.
XS
SM
MD
LG