Accessibility links

Үш жыл өтсе де, үш оқтың құпиясын билік те, оппозиция да аша алмады


Заманбек Нұрқаділов Еуропа сапарынан кейін Алматы әуежайында. наурыз, 2005 ж..
Заманбек Нұрқаділов Еуропа сапарынан кейін Алматы әуежайында. наурыз, 2005 ж..

Осыдан үш жыл бұрын 2005 жылдың 12 қарашасы күні кешке жақын сол кездегі Назарбаев режимінің ең қатал сыншысы, диссидент Заманбек Нұрқаділов өз үйінде оққа ұшты. Ол биліктің қудалауында болды, оппозиция да оны құшақ жайып қарсы ала қоймаған еді.


Үш жыл өтті, бірақ Заманбек Нұрқаділовтың өлімі жұмбақ күйінде қалып отыр. Ресми тергеу -зерттеу қорытындысы бойынша, оппозициялық саясаткер екі оқты жүрек тұсынан атып, тағы бір оқты басына тигізіп, өзіне -өзі қол жұмсап өлген. Бірақ Нұрқаділовтің өлімі туралы мұндай қорытындыға сенгендер тым аз болды. Керісінше бұның өте қаталдықпен, аяусыздықпен кісі өлтіру екендігіне әлі күнге дейін сенетіндер көп.

Өзінің оппозициялық бағытымен жалғыз қалған сұрапыл соғыс жылдарының перзенті
2005 жылдың 12-ші қарашасы күні болған трагедия туралы осы уақытқа дейін аз айтылған жоқ. Заманбек Қалaбайұлының өмірлік жолы және трагедиялық өлімі туралы әлі де талай жазылатын шығар. Ал бүгін біз Заманбек Нұрқаділовтың ел есінде қалған сөздері мен саяси қадамдарына тоқталғымыз келіп отыр. Сонымен, Зәкең өмірінің соңғы жылдары халықтың есінде қандай адам ретінде қалды? Ол кіммен күресті және кімге қарсы күресті? Оның бүгінгі билік жүйесіне ашық түрде қарсылық білдіруіне қандай себептер әсер етті деген сұрақтарға жауап іздедік. Қысқаша айтқанда, Зәкеңнің ішкі жан-дүниесіне үңілгіміз келді.
1996 жылы Заманбек Нұрқаділовтің «Не только о себе» деп аталатын автобиографиялық кітабы жарық көрді
Бұл Нұрқаділоовтің саяси қуғынға түскен алғашқы кезеңі болатын, дегенмен, саясаткер ол кезде 2004 жылдың сәуір айындағыдай Назарбаевтың құрған жүйесіне ашық түрде қарсылық танытқан жоқ еді. Кітапта ол өзінің келбеті мен болмысын шынайы көрсетуге тырысады, сол арқылы оқырманын баурап алады.
"Менің басқа адамдардан айырмашылығым жоқ. Мен де басқалар сияқты жазу үстеліне отырғанымда, тек жазу үстелінің үстінде ғана емес, басқа уақыттарда да үнемі өзімнің беделімді ойлап, өткен уақыттағы екіұшты бір жағдайларға байланысты, өзімді биіктен көрсете алмаған кездер үшін, өзімді қолайсыз сезініп, жекелеген түзетулер арқылы қайталанбас беделімді қайтарып алуға тырыстым", - деп бастайды Нұрқаділов өзінің мемуарын.
Оның өзі жазғанындай, Заманбектің балалық шағы кедейлікте өткен. Бір сөзінде әкесін көрмегендігін айтады. Әкесі соғысқа кеткенде, ол шешесінің құрсағында қалған. 1943 жылы Заманбек туған соң, араға бір жыл салып, 1944 жылы оның әкесі Қалабай соғыста қаза табады. Ол өзі айтқандай, жоқшылықта өмір сүрсе де, құрбы- құрдастарының арасында белсенді, бала кезінен бастап әлем әдебиетіне деген ықыласы ерекше болған екен. Оның әдебиетке деген сүйіспеншілігі соңғы демі үзілгенше сақталды. Нұрқаділов билік басында қызмет етіп жүрген кезінде ақын-жазушылар мен мәдениет қайраткерлеріне қолынан келгенше көмектесуге тырысты. Олардың арасында ол өзін еркін сезінетін, өйткені, Заманбек оларды өзінің туысқаны деп есептейтін. Заманбек Нұрқаділовтің осы мінезін олар да жақсы білді, кейбір кезде өздерінің жеке басының мүддесі үшін де пайдаланды.
Шынын айту керек, ол қызметтен шеттетіліп, билікпен арадағы қарым-қатынасы қатты нашарлап кеткен соң, көптеген жолдастары одан теріс бұрылды. Сол уақытта ол жалғыз қалғандығын түсініп, біржола шығармашылыққа бет бұрды. Өлең жазумен айналысып, Шығыстың шайырларын аударумен шұғылданды. Ол Хафиздің, Рудакидің, Омар Хайямның, Румидің, Саадидің, сонымен қатар, Пушкиннің, Лермонтовтың, Николай Гумилевтің өлеңдерін қазақ тіліне аударды. Бірақ, бұл еңбектердің барлығы Заманбек Нұрқаділовтың өлімінен кейін ғана жарыққа шықты.
Заманбек өз ұстазы Қонаевты қатты құрметтеді

Заманбек Нұрқаділовке ең алғаш жоғары партиялық элитаға жол ашқан Дінмұхамед Қонаев болатын. Димаш Ахметұлы бірде құрылыс нысандарын аралап жүріп, құрылыс жұмыстарын басқарып жүрген күш-қуаты мол жас жігітті байқап қалады. Ол кезде, нақтырақ айтар болсақ, 1973 жылы Заманбек Қалабайұлы құрылыс монтаж басқармасында жұмыс істеп жүрген. Арада шамалы уақыт өткен соң, Нұрқаділовты Алматы облыстық партия комитетінің құрылыс бөліміне нұсқаушылық жұмысқа шақырады. Кейінірек Дінмұхамед Қонаев билік тарапынан қудаланғанда Нұрқаділов басқалар сияқты одан теріс айналған жоқ, шамасы келгенше оған көмектесуге тырысты. Нұрқаділовтің шынайы болмысын суреттейтін эпизодтардың бірі оның өз кітабында да жазылған. «Не только о себе» кітабынан қысқаша үзінді:
«Коммунистік партия таратылып, арада бірнеше апта өткен соң, менің кабинетімдегі жоғары басшылармен жалғанған арнайы телефон шырылдай жөнелді.
- Заманбек, қалқам сен бе?- деген өзіме таныс, ешуақытта ұмытылмайтын дауыс естілді. Сол мезетте орнымнан қалай тұрып кеткенімді байқамай қалдым.
- Сәламатсыз ба, Димаш Ахметұлы! Денсаулығыңыз жақсы ма?
-Денсаулығым ба? Әзірше жаман емес.
- Хал-жағдайыңыз жақсы ма? Сізге менің көмегім керек пе?
Телефон сымының аржағында Димаш Ахметұлының күлкісі естілді.
- Мүмкін, көмектесе алатын шығарсың?
- Димаш Ахметұлы сіз айтсаңыз болды. Не керек бәрін жасаймын.
- Рахмет. Заманбек. Менің саған телефон шалғандағы себебім мынау. Сен білесің ғой, партияның Орталық комитетін таратып жіберген соң, Орталық комитеттің іс басқару жұмысын да тоқтатты. Сонымен бірге, менің «Волгамды» да біржаққа беріп жіберді. Немере інімде «Жигули» бар. Ол көлікке отыру үшін менің жасым мен бойыммен біраз қиналуға тура келеді. Та-ак. Маған «Волга» сатып алуға көмектесер ме едің?
- Айтқаныңыз орындалады, Димаш Ахметұлы. Бүгіннен қалмай өзіңіз айтқан көлікті аласыз.
- Өте жақсы болды. Ал ақшаны саған немере інім Диар әкеп береді.
Мен сол мезетте «Қазавтомобильдің» басқарушысына телефон шалдым. Одан мемлекеттік баға бойынша «Волга» бар ма деп сұрадым. Ол маған түсініксіз сылтауларын айта бастады. Мен оны бірден орнына қойдым.
- Бір сағаттан соң Димаш Ахметұлының үйінің алдында кілтімен бірге «Волга» тұрсын. Мені түсіндің бе? Әйтпесе, сазайыңды тартқызамын. Сен мені білесің,- дедім.
Арада бір сағат емес, қырық минут өткен соң, көлікті Төлебаев көшесіндегі Димаш Ахметұлы тұратын үйдің алдына апарып қойды. Кейінірек Қонаев маған телефон шалып, өз рахметін айтты. Одан соң, мен: қайран, Димеке, қалайша біз сіз туралы ұмытып кеттік деп ойладым».

Заманбектің демаршының жалғыз -ақ жұмбағы - ол Назарбаевтың саясатына қарсы болды
«Болашақта мені көптеген күмәнге толы жағдайлардың күтіп тұрғанына сенімдімін. Адамдарға шынайы керек болу үшін ақыл мен ерік-жігердің көп қажет болатыны сөзсіз. Тағдырдың тәлкегіне ұшырасаң да, осы үшін ғана қайтып бас көтеруге болады» - деп аяқтайды өз кітабын Заманбек Нұрқаділов. Бұл кітап Заманбек Нұрқаділовтың трагедиялық өлімінен 9 жыл бұрын жарыққа шықты. Дегенмен, ол өзінің ақ қағаз бетіне түскен ойларында, газет бетіне басылған сұхбаттарында өмір мен өлім тақырыбына жиі-жиі оралып отырды.
Заманбек Нұрқаділовты тірі кезінде сынаушылардың көп болғаны белгілі.
Бірақ, ол да бұғып қалмай, айтқысы келгенін іште сақтамайтын. Әрине, ондай жанжалдардың барлығы көп ұзамай ұмытылатын. Тіпті, оның ешқайсысы сотқа да жеткен емес. Алайда, Заманбек Қалабайұлының 2004 жылдың 11 сәуірінде жасаған саяси мәлімдемесі оның мемлекеттік қызметтегі карьерасына біржола нүкте қойды. Осы тұста Зәкеңнің арқасына «пышақ ұрғандар» да болмай қалған жоқ.
Заманбек Нұрқаділовтың президент Назарбаевқа жасаған мәлімдемесінен соң, оны жұмыстан босату үшін сол уақыттағы премьер-министр Даниал Ахметовтың өзі Алматыға келген болатын. Ахметов журналистерге берген түсініктемесінде:«Нұрқаділов мырза өз қызметін дұрыс атқармады. Басқару деңгейі өте төмен болды..»,-деп айтқан еді.
Зәкеңе күйе жағу Даниал Ахметов айтқан сөздермен біткен жоқ. Заманбек Қалабайұлы Төтенше жағдайлар жөніндегі Агенттікті басқарып отырған кезде оның орынбасары болған Нұрахмет Бижанов көптің көңілін күпті еткен ешкімге белгісіз тағы бір «құпияларды» сыртқа шығарды. Оның айтуынша, Заманбек Қалабайұлы соңғы жарты жылда өз міндетін тиісінше атқармаған. «Түске дейін жұмыста болады да, түстен кейін кетіп қалады, маскүнемдікке салынып жүр деп айтсақ та болады ... » деген еді.

Саяси мәлімдемесіне бола өзін қоғамға маскүнем етіп көрсетпекші болғандарға кернеген ашу -ызамен Нұрқаділов Дания Ахметов пен Нұрахмет Бижановқа, сол лас айыптаулардың бәрін эфирге берген "Хабар" арнасына қарсы сотқа миллиондаған айыппұл талап еткен арыз-шағым түсірді. Бірақ ол ішінен өзіне қарсы жасалып жатқан әрекеттердің артында кім тұрғанын, тапсырыс берушінің кім екенін жақсы білетін.

Ендігі жерде Заманбек Нұрқаділовты тоқтату мүмкін емес еді. Ол Нұрсұлтан Назарбаевты сынаудың барлық мүмкіндіктерін жібермеді. Газеттерге мақалалар берді, митингтерде, оппозиция қайраткерлерімен кездесулерде ойындағысын іркіп қала алмады. Бұдан соң Заманбек Нұрқаділов Парламент депутаттарына мемлекет басшысы Конституцияны бұзып отырғандықтан, оған импичмент жариялау туралы ұсыныспен хат жолдайды, одан біраз уақыт өтісімен Алматының Медеу аудандық сотына Назарбаевқа қарсы талап арыз түсіреді.

Келесі кезекте Нұрқаділов президент Н. Назарбаевқа 1 мамыр күні Республика алаңындағы халық серуені кезінде кездесіп, барлық мәселені бетпе-бет талқылайық деген ұсынысын ел алдында жария етті. Белгіленген күні Нұрсұлтан Назарбаев алаңдағы мінберге көтеріліп, ешкімнен де, Нұрқаділовтен де "қорықпайтынын" көрсетті. Бірақ та бұл кездесу тең күштердің, тең жағдайдағы кездесуі емес еді.
Дәлірек айтқанда ешқандай кездесу болмады, өйткені Назарбаевтың күзеті Нұрқаділовты оған жақын маңайлата қойған жоқ. Есесіне алаңда Нұрқаділовке қарсы денелі келген, еңгезердей жігіттер тобы шабуыл жасамақшы болып, олардың бірі лақтырған тас көздеген нысанасына дәл тимей Нұрқаділовты жанап өтіп, аман қалған еді.


Заманбек өлімінің құпиясы Қазақстан тарихындағы ең бір үлкен жұмбақ

Заманбек Нұрқаділов билікпен біржолата ат құйрығын үзіскен соң, оппозиция да оны құшақ жайып қарсы алған жоқ. Ол бүгінгі оппозицияда жүрген кейбір саясаткерлерге де ара-тұра қарсы шығып тұрды. Тіпті, 2005 жылдың басында Жармахан Тұяқбайды «биліктің оппозицияға жіберген тыңшысы» деп айыптаған болатын. Сол жылы біресе болады, біресе болмайды деген президент сайлауы өтті. Әрине, бұл сайлаудың қорытындысын көру Зәкеңнің маңдайына жазылмапты. Дегенмен, қазақстандық оппозиция бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, Жармахан Тұяқбайды президенттікке үміткер етіп жариялағанда да, Заманбек Қалабайұлы шетте қалып қойды.

Ол осылайша бірте-бірте қоғамдық өмірден оқшаулана берді. 2005 жылдың жазында Заманбек Нұрқаділов өзінде бір чемодан "әшкерелеуші" материалдар бар екендігін мәлімдеді. Осы кезде ол тек бірен -саран журналистермен ғана араласып, соларға шерін тарқататын еді. Олардың қатарында "Нави" интернет газетінің тілшісі Асхат Шәріпжанов болған-ды, Асхат та Нұрқаділовпен кезекті кездесуден кейін жұмбақ жағдайда қаза тапты.

2005 жылдың 12 қарашасы күні президенттік сайлау науқаны қызып жатқан шақта Заманбек Нұрқаділов өз үйінің төрінде оққа ұшты. Бұл өлім шындығы мен жұмбағы әлі анықталған жоқ.

Заманбек өмірінде өзінің үзеңгілесі, әрі шәкірті Алтынбекпен жиі айтысып, пікір таластырып жүретін. Алтынбек Сәрсенбайұлы да Заманбек Нұрқаділов сияқты билік баспалдағының шыңына жетіп тұрып, бір-ақ күнде мәнсапты тәрк етіп, Қазақстанның Ресейдегі елшісі, Қазақстанның ақпарат және мәдениет министрі қызметтерінен бас тартып, оппозиции қосынына кеткен болатын. Өмірлерінің соңғы айларында екеуі түсінісіп, бір-бірімен ортақ тіл табыса білген еді.

Заманбектің өлімінен кейін арада үш ай өткенде Алтынбек те қастандық құрбаны болды.Сөйтіп азғантай уақыттың ішінде оппозиция екі бірдей көрнекті өкілінен, басшысынан қапияда айрылып, жаңа қалыптасып келе жатқан азаматтық қоғамға қатты соққы тиді. Алтынбек өлімінің де құпиясы әлі ашылған жоқ, оның үзеңгілестері Алтынбекті тұрмыстық дүрдараздық негізінде өлтірді деген ресми қорытындыға сенбейді де, келіспейді де.

Заманбек Нұрқаділов соңғы демі үзілгенше күресумен болды. Ол өзінің басына түскен қиыншылықтарға қарамастан, ешуақытта мойыған жоқ. Зәкең тәуелсіз газеттердің біріне берген сұхбатында, президент Назарбаевтың мұрагерін білетіндігін, әзірше оның есімін ел-жұртқа жариялай алмайтындығын да мәлім еткен болатын. Дегенмен, Заманбек Нұрқаділовтың өлімі қандай жұмбақ болса, ол айтқан адамның есімі де қазақстандықтар үшін жұмбақ болып қалды.

Қоғам қайраткері Заманбек Нұрқадiловтің қазасына орай ақын Иран-Ғайыптың шығарған өлеңi.

XS
SM
MD
LG