Accessibility links

Алдағы үш жылда Ақтөбе облысына 3 мыңға жуық оралман отбасылары көшіп келмекші. Бұл туралы Үкіметтің «Нұрлы көш» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі жұмыс тобының Ақтөбеге келген сапарында мәлім болды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жауапты хатшысы Тамара Дүйсенова оралмандарды орналастыратын облыстардың мүмкіншіліктерін қарап, саралау үшін бес жұмыс тобы құрылғандығын мәлімдеді.


Облыс әкімінің орынбасары Жеткерген Оралмағамбетов «Нұрлы көшпен» ілесе келген шеттегі ағайындар Мұғалжар, Темір, Хромтау, Қарғалы, Мәртөк аудандарына қоныстандырылады дейді. Ол үшін алдын-ала тыңғылықты даярлық керек. Үй-жайын, ер-азаматтарға жұмыс орындарын ертерек қамдамаса болмас.

Сонымен «Нұрлы көштің» әдеттегі оралмандар көшінен қаншалықты айырмасы бар?

Министрліктің мәліметіне қарағанда, 1991 жылдан бастап, 1 миллионға жуық оралман атажұртына туын тігіпті. Ал, кейбір дерек көздеріне үңілсек, келген олардың 100 мыңнан астамы кері қайтып кеткен.

Шетелден қоныс аударғандар Қазақстанда әлеуметтік қиыншылықтарға кезігеді: көбіне тұрақты табыс көзі болмайды, күнкөріс төмен. Квотасыз келсе, әр адам 100 мың теңге көлемінде бір реттік жәрдемақы алады. Егерде, бір үйде 5 ересек жан болса, олардың мемлекеттен алатын көмегі 500 мың теңгеден аспайды. Ал, мұндай сомаға қаладан бір бөлмелі пәтер де ала алмайсың. Сондықтан да көшіп келгендер қала сыртындағы саяжайларды сатып алып, бірнеше отбасы болып бірігіп тұрады. Осылайша, квотаға іліккен санаулы ғана оралманды мемлекет баспанамен қамтамасыз етуге міндетті болса, қалғандарына ондай бақыт бұйыра қоймады. Сондықтан да, бір реттік берілетін жәрдемақыға саяжай сатып алып, баспана тұрғызып жатқандар қатары әлі жалғасып келеді.


Осы кезге дейін Ақтөбе облысына 6 мың оралман отбасы көшіп келді. Көпшілігі алыс аудандарға емес, Ақтөбеге таяу орналасты 1995 жылы Қарақалпақстаннан оралған Дәмегүл Өтепова отандастарының мұндағы ахуалын жақсы біледі. Оның «Оралмандарды бейімдеу орталығын» ашам деген ұсынысы қаржы жоқтығынан жүзеге аспай тұр.

«Келген бауырларымыз тағдыр тәлкегіне тап болып жатыр. Әсіресе, Ираннан 90-шы жылдары оралмандардың алғашқы легі көшіп келгенде, кейбір жергілікті адамдар тарапынан қысым көрді. Қазір, Аллаға шүкір, ондай шеттету азайып келеді. Бірақ, қайыршылық күй кешіп жүрген оралман саны азаймай тұр. Әйтеуір, өз еліне оралғасын, бала-шағасын жеткізгесін, тәуба деп отырады. Оралманның баласын қаладағы таңдаулы мектеп, таңдаулы балабақша қабылдамайды. Тіпті, саяжайда тұратындардың балаларын қала мектептері жолатқысы жоқ. Орыс тілін білмейсің деп жұмысқа алмайды. Оның үстіне, Қарақалпақстан оқу орындарының дипломдарын бұл жақтағылар менсінбейді. Құжат әзірлеу де қиынның қиыны. Жер алу үшін қажетті құжаттарды даярлайсың. Әрі қарай үнсіздік. Басқа жақтан келген ағайынға ең алдымен жер, сосын шағын несие берілсе, шаруасын жүргізіп әкетуге көп көмегі болар еді», - дейді Дәмегүл Өтепова.

Көші-қон департаментінің басшысы Кенжеғали Толықбаев 2010 жылдан бастап, Ақтөбе облысына көшіп келетін әрбір оралманға 1 миллион теңге жәрдемақы бөлінетіндігін жеткізді. Мұнымен бір кезде, еліміздің оңтүстік өңірін таңдаған әр оралман 500 мың теңге алады. Осы кезге дейін, көшіп келушілер табиғаты жайлы оңтүстік өңірлерді таңдаған болса, ендігі кезекте олар солтүстік, орталық және шекараға жақын елдімекендерге қоныстандырылады. Орталық даму аймағына кіретін жәрдемақы коэффициенті де екі есе өсті.

«Бірақ, - дейді Кенжеғали Толықбаев, - оралмандар енді қайда тұратындарын өздері таңдамайды. Біздің ұсынған жерімізге баруы тиіс. Сол үшін де әрбір оралманның әлеуметтік құжатын әзірлеуді бастаймыз. Әр азаматтың жасы, білімі, еңбек тәжірибесі, мамандығы сарапқа салынады да, жұмысқа тұруына лайықты ауданға жіберіледі. Жастар арнайы техникалық училище мен кәсіби мектептерде оқытылады».

Осылайша, атағы зор «Нұрлы көш» арқылы мемлекет оралмандарға басқа көзбен қарайтындығын білдіріп жатыр. Астанадан хабар жеткенімен, облыстарға «Нұрлы көшке» даярлыққа бір жыл ғана мерзім берілді. Ақтөбеге келетін 3 мың отбасыны қабылдауға үш жылдық бюджеттен 1-1,2 миллиард теңге бөлінеді.

Ал, ақтөбелік оралман Дәмегүл Өтепова болса, мәселе ақшаны оңды-солды шашуда емес, жұмысты үйлестіре білуде дейді. Бүгінде елді- мекендердің мәселесі бастан асып жатыр: ауылдар құрып барады, іргелі шаруашылықтар қиратылды, жұмыссыздық өршіп тұр. Мұндай жағдайда оралманды ерекше орналастыру жоспары бәз-баяғы қалпына қайта түседі. Ауылдардың экономикалық негізі мықты болмайынша, әдемі сөйлеу жөнсіз. Қуатты шаруашылықтар қайта жанданып, ауылдың еңсесі көтерілмесе, «Нұрлы көш» те әдеттегі көп бағдарламаның бірі болып қалады дейді көпшілік пікірі.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG