Accessibility links

Қазақстан: ЕҚЫҰ-на төрағалық және жауапкершілік


Польша. Қазақ диаспорасы өкілдері ереуіл өткізіп жатыр. 2007 жыл, шілде, Варшава.
Польша. Қазақ диаспорасы өкілдері ереуіл өткізіп жатыр. 2007 жыл, шілде, Варшава.

Ақорда осы жылдың соңына дейін уәделерін орындауға міндетті және жаңа, биік мәртебесіне лайық болу үшін кезектен тыс сайлау өткізіп, көппартиялы парламентін жасақтайды деген әңгіме көп айтылуда. Қазақстанда, шынында да,кезектен тыс парламент сайлауының тағайындалуы мүмкін бе және ол қашан өтуі ықтимал?

Қазақстанда биыл “кезектен тыс парламент сайлауы өтеді” деген әңгіме - Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына 2010 жылы Қазақстанның төраға болатын мәселесі шешілген өткен жылғы “Мадрид саммитінің” ізінше айтыла бастады.
Республиканың мәдениет және ақпарат министрі лауазымынан босатылып, президенттің кеңесшісі қызметіне қайта тағайындалған соң берген көп сұхбатының бірінде Ермұхамет Ертісбаевтың “егер Қазақстанда кезектен тыс сайлау болса, ол келесі жылы өтуі тиіс” деген сөзінен кейін ондай әңгімені тек жатып ішер жалқау ғана айтпаған шығар. Өйткені, “президенттің бұлбұлы” деген лақап аты бар Е.Ертісбаев кезектен тыс сайлау туралы сөзін “байқамай” айтып қалмаса керек.
Аустрия. Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрі Е.Ертісбаев ЕҚЫҰ-ы Тұрақты Кеңесінің отырысынан кейін журналистермен әңгімелесіп тұр. Вена. 26.07.2007.

Оған қоса президенттің кеңесшісі баспасөз құралдарына берген сұхбаттарының көбінде өзін елдің саяси тыныс-тіршілігін болжай білетін, саяси ахуалдың қалай өрбитінін алдын-ала айта алатын “көріпкел” немесе “саяси сәуегей” ретінде көрсетуге тырысады. Оның “сәуегей” болуының сыры, негізінен, Ақорданың ішінде мемлекет басшысына жақын жүруінде болса керек.
Қалай дегенмен де, “президент бұлбұлының” кезектен тыс парламент сайлауы келесі жылы өтуі тиіс деген көріпкел сөзін назарға алсақ, Қазақстанда тағы да кезектен тыс парламент сайлауы бола ма, болса – ол биыл өте ме, әлде келесі жылы өте ме?
Бұл сауалды саяси оппозиция өкілдері мен тәуелсіз саяси сарапшыларға, тіпті тәуелсіз саясаткерге де қойып көрдік. Барлығының да ортақ пікірі – Қазақстанда аяқастынан, күтпеген жерден бәрі де бола береді. Мысалға тәуелсіз саясаткер Балташ Тұрсымбаев:
- Біздің Қазақстанда бәрін де үлгеруге болады, -деп мәлімдесе, саяси сарапшы, Тәуекелділікті бағалау тобының директоры Досым Сәтпаев:
- Қазақстанда бәрі де мүмкін. Бізде сайлау көбіне кезектен тыс өткізіліп келді, Конституция да жиі ауысып келді... – деп жауап берді.
Ал Азаттықпен сұхбаттасқандардың көпшілігі президенттің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаевтың “сайлау өтсе, тек келесі жылы өтуі тиіс” деген сөзінің “сайлау өтеді” дегеніне сенеді де, “келесі жылы” деген бөлігін “қасақана шатастыру” деп қабылдайды. Атап айтқанда, Жалпыұлттық социал-демокатиялық партияның Атырау облыстық филиалының жетекшісі Жұмабай Доспан былай деп мәлімдеді:
- Менің ойымша, осы жылдың желтоқсанынан қалмай, соның алдында Қазақстанда сайлау өтеді-ау деп ойлаймын. Әрине, ресми биліктің, анау Е.Ертісбаевтың “болса, сайлау 2009 жылы болады” деген сөзі бар...”.
Тәуелсіз саясаттанушы Досым Сәтпаев:
- Ресми тұлғалар, мемлекеттік биліктің кейбір өкілдері “егер сайлау өтсе, оның келесі жылы өтуі мүмкін екендігін мәлімдеді. Бұл мәлімдеменің жалған ақпар болуы да мүмкін екенін ескеру керек, -деп атап көрсетті.
Демократиялық “Азат” партиясының Бас хатшысы Төлеген Жүкеев болса, “президент бұлбұлының” сөзін не теріске шығарып, не растап әуре болмай-ақ, ресми билік бері болса биыл күзде, ары кетсе келесі жылдың күзіне дейін сайлау өткізіп, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы сынды халықаралық құрылымның көзін бояу үшін, биліктің өзі аңсағандай, 2 партиядан жасақталған жаңа парламент жасақтайды деп санайтынын атап көрсетті...
Демократиялық “Азат” партиясының бас хатшысы Т.Жүкеевтің бұл пікірі – Тәуекелділікті бағалау тобының директоры, тәуелсіз саяси сарапшы Досым Сәтпаевтың пікірімен толық ұштасады.
Ол парламент сайлауы биыл немесе келесі жылы өте ме, тіпті оппозициядағы кейбір ымырашыл партияның өкілдері парламенттің төменгі палатасына өте ала ма, жоқ па, ондай партиялар Қазақстанда баршылық, оның еш айырмашылығы жоқ деп санайды.
Өйткені,- деп атап көрсетеді Досым Сәтпаев, - ресми түрдегі көппартиялы парламент саяси монополизмді әлсірете алмайды. “Нұр-Отан” партиясының саяси монополиясы қалады, президент билігінің үстемдігі сақталады. Егер парламентке оппозиция өкілдері өте алса да, олар жай әшекей болып қалады. Өкініштісі, ондай жағдай алдын-ала шешіліп қояды, -деп мәлімдейді тәуелсіз саяси сарапшы.
Қорыта келгенде, демократиялық реформаларын тереңдету үшін “Мадрид саммитіндегі” уәделерін орындап үлгермеген немесе орындағысы келмеген жағдайда, оның ішінде шынайы демократиялық сайлау өткізіп, көппартиялы парламентін жасақтамаған күнде Қазақстанның 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету мәселесі қалай болады?
Азаттықпен сұхбаттасқандардың ортақ пікірінше, өзінің Мадридтегі уәделерін жартылай орындауына немесе тіпті орындамауына қарамастан, Қазақстан мәртебелі халықаралық ұйымға белгіленген жылы бәрібір төраға болады. Бірақ одан Қазақстанның халықаралық абырой беделіне орасан зор нұқсан келеді.
Мысалға, демократиялық “Азат” партиясының серкесі Болат Әбілов: “Қазақстанның өз уәделерін орындамауынан тек Ақорданың абырой-беделі емес, бүкіл қазақ халқының абыройына кір келтіріледі” -деп есептейді.
Ал Тәуекелдікті бағалау тобының директоры Досым Сәтпаевтың пікірі бойынша, Қазақстанды Еуропалық ұйымға төраға болу құқынан айыра қоймас. Бірақ бір Қазақстаннан емес, бүкіл бұрынғы Совет республикаларынан қатты көңілі қалады.
-Өйткені,- деп санайды Д.Сәтпаев,- қалай дегенмен де Қазақстан – алғашқы тәжірибе болды. Егер бұл тәжірибе сәтсіз болса, онда басқа бұрынғы Совет елдері үшін, оның ішінде бүкіл Орта Азия елдерінің алдынан еуропалық ұйымның есігі жабылады.
Менің ойымша, деп мәлімдейді тәуелсіз сарапшы Д.Сәтпаев, Қазақстан енді жалғыз өзі үшін ғана емес, кешегі Совет елдері үшін де жауапты екенін сезуге тиіс. Өйткені, тұңғыш рет кешегі советтік республика төраға болайын деп отыр. Қазақстан - жауапкершілікті әлдеқайда кең, терең түсінуі тиіс.
XS
SM
MD
LG