Accessibility links

Айнұр Құрманов бостандыққа шықты


Айнұр Құрманов Алматыдағы №1 қалалық аурухана жатақханасының тұрғындарының құқығын қорғап сөйлеп тұр. 21 тамыз 2008 ж.

Айнұр Құрманов Алматыдағы №1 қалалық аурухана жатақханасының тұрғындарының құқығын қорғап сөйлеп тұр. 21 тамыз 2008 ж.

Билікті мысқылдап, әжуалайтын акция өткізгені үшін сотқа тартылып, абақтыға жабылған оппозиция белсендісі жұма күні бостандыққа шықты.

Қазақстанда тіркелмеген «Талмас» қоғамдық ұйымының жетекшілерінің бірі Айнұр Құрманов сот шешімімен өзіне берілген әкімшілік жазаны толық өтеп шықты. 15 тәулік бойы Алматы қалалық Ішкі істер департаментінің жанындағы әкімшілік қамауға алынған адамдарды ұстайтын арнайы қабылдау орнында қамауда отырған Құрманов бүгін сағат 12-де босатылды.

Оппозиция белсендісін сыртта оның әріптестері және баспана мәселесіне қатысты билікпен арадағы даулы мәселеде Айнұрды өздерінің жанашыр ретінде танитын Алматының Шаңырақ, Бақай, Красный Трудовик секілді елдімекендері мен бірқатар жатақханалардың тұрғындары қарсы алды.

Айнұр Құрманов 30-шы тамыз күні тіркеуде жоқ «Нұр Отар» деп аталатын жастар ұйымы атынан Конституциядағы заңдардың толыққанды орындалмай жатқанын айтып, Алматының орталығындағы бір алаңда билікті мысқылдап, әжуалайтын акция өткізген болатын. Сол үшін ол әкімшілік жауапқа тартылып, 15 күнге абақтыға жабылды.

Кеше Алматының ауданаралық әкімшілік соты «Талмас» қоғамдық ұйымының жетекшілерінің бірі Ризада Жақыпбектің ісін қарап, оған әкімшілік заңды бұзғаны үшін ең төменгі бес айлық есептік көрсеткіші көлемінде айыппұл салды.

Ол 10-шы қыркүйек күні Алматыдағы даулы аудандар мен жатақханалардың тұрғындарының басын қосып, қалалық әкімшіліктің алдында наразылық акциясын ұйымдастырды және сол жерде белсенділік танытып, қоғамдық тәртіпті бұзған деп айыпталды.

Ризада 10-шы қыркүйек күні Алматы әкімшілігінің алдына келген тұрғындардың атынан қала әкіміне жазылған 6 талаптан тұратын үндеу оқыған еді.

Айнұр Құрмановтың абақтыдан шыққан сәтінде түсірілген видеоны көріңіз.

XS
SM
MD
LG