Accessibility links

Әкежан Қажыгелдин: Назарбаевтың қасіреті сол - ол бүкіл ұлтты өз қателіктерінің құрбаны ғып отыр


Әкежан Қажыгелдин Азаттық радиосына берген сұхбатының жалғасында кезінде Рахат Әлиев пен Заманбек Нұрқаділовтің әр түрлі жағдайлармен өзіне келіп жолыққанын есіне алды. Сондай-ақ қуғындағы оппозиция жетекшісі Назарбаевтың уақыты өтіп бара жатқанын айтады.


Сұхбаттың соңы. Басын мына арадан оқи аласыз.


РАХАТ
ӘЛИЕВТІ ДЖЕЙМС ГИФФЕНМЕН САЛЫСТЫРУҒА КЕЛМЕЙДІ

— Қазақстандық оппозиция жетекшілерінің бірі бұл атышулы халықаралық жанжалға Қазақстан мен қазақ халқының еш қатысы жоқ, сол себепті «Қазақгейт» деген атауды өзгертіп, бұл істі тікелей қатысы бар адамның атымен атайық деп бастама көтерген еді...

— Негізі бұл іс «Қазақгейт» деп аталмайды.

— Жоқ, әңгіме бұл істің Батыс бұқаралық ақпарат құралдарының жарияланымдарындағы атауы туралы болып отыр.

— Бұл іс журналист Стив Левиннің жүрдек қаламымен «Қазақгейт» аталды, ол осы атауды алғашында «Уотергейттің» баламасы ретінде алып еді, содан әрі қарай қолданысқа еніп кетті.

Журналистер бұл істің атауын қалауларынша өзгерте алады деп ойлаймын. Бірақ атауын ауыстырғанымызбен, істің мазмұны өзгермейді ғой. Құрама Штаттар өз азаматын Қазақстан нарығының активтерін алу үшін американдық компанияны келісімнен тыс ақша төлеуге мәжбүр етіп, ол ақшаны Қазақстанның жоғары лауазымды бір азаматына бергені үшін айыптайды. Айыптаудың мәні осы.

Бірақ, сіздің сұрағыңызды пайдалана отырып, бір ерекше жайтты баса айтқым келеді. Рахат Әлиевке оннан аса айып тағылғанына назар аударыңызшы.

Қазақстан бұл істен Джеймс Гиффен ісіне ұқсастық іздейді. Мәселен, Джеймс Гиффен бір әрекеті арқылы 9 заң бұзушылық жасады. Ал Рахат Әлиевке 11 немесе 15 қылмыс таңылып отыр, мәселе оның санында да емес, осынша қылмыс жасаған ол ұзақ жылдар мемлекеттік қызметте отырған адам ба, әлде қанішер ме? Осының өзі біздің елде қаншама шешімін таппаған сұрақ барын көрсететінімен келісетін шығарсыз?!

Бірақ Рахат Әлиевке өзінің істеген істеріне, демек оған солай жасауға "мұрсат" етілген істерге байланысты ғана кінә тағылғанын айта кетейін. Оның ісіне қатысты пайдаланылған қарулардың өзі неге тұрады? Мен осы қарулардың көптеген қылмыстық істерге қатысы болды ма деп қорқамын. Бұған бір адамды кінәлі қылғанмен, бұл істің кең жайылғаны анық.

Мен бұл істі объективті деп ойламаймын. Қандай да бір объективті іс, объективті шағым болғанмен, оны дәл қазіргі Рахат Әлиевтің жағдайымен өлшеу керек.


РАХАТТЫҢ АЛЕКСАНДР МИРТЧЕВКЕ ҚАРСЫ АЙҒАҚТАРЫ ҚАНШАЛЫҚТЫ ДӘЛЕЛДІ?

—Қазақстан үкіметінің ресми хабарларында Болгариядан шыққан, қазіргі кезде АҚШ азаматы Александр Миртчев немесе Мирчев деген біреудің аты «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры Директорлар кеңесінің тәуелсіз мүшесі ретінде жиі аталады. Бұған дейін де ол екі холдинг бірікпей тұрып-ақ осылардың бірінің Директорлар кеңесінің тәуелсіз төрағасы ретінде оның аты аталып жүретін. Онымен жеке таныстығыңыз бар ма немесе сіз ол туралы не білесіз?

— Менің білуімше, АҚШ-тың Әділет министрлігі тексеруге шындап кіріскен тәрізді. Заңды тұлғаның, Манхэттен оңтүстік округі федералдық прокурорының мекен-жайына байланысты бұл іс осында қаралуда. Әңгіме Нью-Йорк қор биржасының листингіндегі GlobalOptions компаниясы туралы. Бұл GlobalOptions-тің мүддесін көздейтін соның еншілес компаниясы болып саналады.

Және бұл ұйым ұзақ уақыт бойы Қазақстан Республикасы басшылығының заңдық тапсырмаларын орындап келіпті-мыс. «Еншілестің» аты — Krull UK, ал оның иесі және басқарушысы Александр Миртчев болған.

Соңғы 15 жылда біздің елге бір қырсық үйір болды. Бізге келген шетелдік кеңесшілердің ешқайсысы да біз үшін пайдалы ештеңе шешкен жоқ. Бізге ылғи осындай алаяқтар тап болады. Александр Миртчевті негізінен тек қана Қазақстан елшілігі мен қазақстандық басшылар жеке мүдделері үшін жалдап алған лоббистік фирмалардың қызметкерлері біледі, оны басқа ешкім танымайды.

Александр Миртчевтің заңсыз әрекеті іс жүзінде зерттелуде, бұл туралы Рахат Әлиевтің австриялық басылымдарға берген соңғы сұхбатынан және The Wall Street Journal газетінен оқуға болады. Қазір Батыста жүрген Рахат Әлиев негізсіз ештеңе дей алмайды, әрбір дәлелі мен таратып отырған хабарламаларын қандай да бір дерекке сүйеніп айтады, әйтпесе оның өзі сотқа тартылуы мүмкін.

Сондықтан мен оның айтқандарының ойдан шығарылмағандығына сенемін, мұның бәрі болып жатқан жайттар. Бұдан басқа соңғы 4 жылдан астам уақытта Қазақстан үкіметінің Александр Миртчевтің компаниясына 40 миллион долларға жуық ақша жұмсағаны белгілі болды. Мен мұны көп ақша деп санаймын.

Біздің ұлттық қорымызда шетелдіктердің не істеп жүргенін түсінбеймін, біздің өз мамандарымыз жоқ па?! Соншама ақша төлеп, ұлттық құпияларымызбен бөлісетіндей-ақ олар қандай жоғарғы қабілеттің иесі екен?! Миртчев болсын, басқа болсын мен бұған үзілді-кесілді қарсымын. Бізге Джеймс Гиффеннің ісінің өзі жетіп жатыр.


ҚАЖЫГЕЛДИН ӨЗİНİҢ АҚОРДАМЕН БЕЙРЕСМИ КЕЛІССӨЗДЕРİ ЖАЙЫНДА

— Әкежан мырза, кейбір интернет сайттары мен форумдарда сіздің үнсіздігіңіз Қазақстан президентімен биресми келіссөздің нәтижесі деген ақпараттар бар, тіпті бұл туралы Азаттыққа сұхбат берген сіздің серіктестеріңіздің бірі мәлімдеген-ді. Егер мұндай келіссөздің жасалғаны немесе жасалып жатқаны рас болса, онда бұл кімнің бастамасымен жүзеге асуда, Қазақстан үкіметінің атынан сізбен кім сөйлесті және бұдан бұрын мемлекет басшысының атынан Рахат Әлиев келіссөз жүргізіп пе еді?

— Рахат Әлиев 1999-2000 жылдары маған келіп кездесіп жүрді, басында оның адамдары менімен Вашингтонда кездескен. Кейіннен Рахат Әлиевтің өзі президент Н.Назарбаевтың өкілі ретінде келіп жолыққан.

Сөйтіп біз екі күн бойы әңгімелесіп, 1999 жылғы сайлаудан кейінгі менің айналамда болып жатқан оқиғаларды талқылағанбыз. Бұдан басқа ол екеуміздің кездескенімізді, не жайында сөйлескенімізді растайтын бір хаттамаға қол қоюды ұсынды. Мен оның бұл ұсынысына таң қалсам да, қол қойған болатынмын.

Осыдан бірнеше аптадан кейін Назарбаевтың айналасындағы біреулердің осы хаттама туралы «сыбыс» таратып жібергені рас, бұл ақпарат сол заматта-ақ батыстық басылымдарда жарық көрді.

Мен сізге екі нәрсені айтайын. Нұрсұлтан Назарбаевтың осы процестен не күткені маған белгісіз. Бірақ ол бұл майдандасудың абайлап қарамаса қауіпті болатынын білді.

Мысалы мұндай кикілжің екі жыл бойы Америкадағы үміткерлердің арасында да болған, ал сайлаудан кейін Маккэйн Барак Обаманы жеңісімен құттықтап, сөз сөйледі. Обаманың жеңісін мойындап, өз жақтастарын елдің басына түскен қиын жағдайда оны қолдауға шақырған Маккэйннің сөзінен қаншама қадір-қасиетті аңғарамыз? Өзіңе қарсы шыққан адамның бәріне пышақ сұғып немесе у ішкізу керек пе сонда? Осының бәрі жанды жабырқатады.

Сол кезде Рахат Әлиев шынымен-ақ пайдалы бірнәрсе істегісі келген шығар деп ойлаймын, өзінің қатысуы мен кінәсінен басталған қудалау процесін тоқтатқысы келді ме екен?

Сол кездегі жағдайлар үшін Рахат менен жақында ғана кешірім сұрады. Мен оның бұлай істеуге батылы жеткенін баса айтқым келеді. Және өз кезінде ержүректік танытқан, иманды болғыр Заманбек Нұрқаділовті де өмірімнің соңына дейін сыйлап өтемін.

Өмір ертеңмен түгесілмейді, саясаткерлер өз қателіктерін мойындаулары керек. Қазақстан саясаткерлерінің, оның үстіне қазақтардың мәңгі жауласып кетуі мүмкін емес. Біз бір-бірімізге де, халқымызға да жау емеспіз. Мүмкін келіспей қалған шығармыз, қарсылас та болған болармыз, бірақ біз жауласқан жоқпыз — мен бұған сенемін.

Ал кездесуге қатысты мен сізге мынаны айтайын. Саясаткер және бұрынғы үкімет басшысы ретінде менің әр елде жоғарғы дәрежелі таныстарым өте көп. Ал олардың әрқайсысымен кездескенім мен не айтқанымызды айта берсем, менімен кездесуден жұрт бас тартпай ма?

Мен қазір еш нәрсеге түсініктеме беруге дайын емеспін. Мен тек қана бір нәрсені — өз еліме қайтқым келетінін айта аламын. Мен өз елім үшін, әсіресе дәл қазіргідей қиын жағдайда, көп пайдалы іс атқара алатынымды білемін.

Міне осы сыңайда келіссөздер жасалуда, олардың немен аяқталарын көрерміз, бұған алып-қосарым жоқ.


ӘКЕЖАН МЕН РАХАТТЫҢ ОДАҚ ҚҰРУЫ МҮМКІН БЕ?

— Әкежан мырза, белгілі жағдайлармен қазір Рахат Әлиев екеуіңіз саяси кедергілердің ( баррикаданың ) бір жағындасыздар. Ол сізге Назарбаев режиміне қарсы саяси серіктес болуды ұсынған жоқ па? Қалай ойлайсыз, бұлай болуы мүмкін бе?

— Ол екеуміз кедергінің бір жағындамыз деп айта алмаймын. Ол екеуміздің еліміздің шекарасының бір жағына кетуіміз, демек сыртта болуымыздың себептері түрліше.

Өкінішке қарай, ол менің елден кетуіме себепші болған. Бір-бірімізге үнемі өкпе арта беру де керек емес, айттым ғой, ол үшін Рахат кешірім сұраған. Бірақ бұл біздің бір партия болуымызды немесе қол ұстасып кеткенімізді білдірмейді. Бұл оңай шаруа емес және мұндай мәселелер кешірім сұраумен ғана шешілмейді деп ойлаймын.

Мына нәрсені тағы да қайталап айтқым келеді: біз бір-бірімізбен күресте өзара өкпемізді емес, еліміздің жайын көбірек ойлауымыз керек. Өйткені бір адамға зиян жасау арқылы еліміздің беделіне нұқсан келтіріп, зардбымызды тигіземіз.

Бізді тыңдап отырғандар мен өкпесі барларға айтарым, бәрін таразыға тартып отыру керек. Рахаттың айналасындағы жағдай да оның саяси күресті емес, жеке басының қауіпсіздігін ойлағандығынан туындап отыр деп ойлаймын.

ПАРЛАМЕНТ САЙЛАУЫ МЕРЗІМІНЕН БҰРЫН БОЛАДЫ, БІРАҚ ОППОЗИЦИЯ БІРІГЕ АЛМАЙ ЖҮР
- Әкежан мырза, Қазақстанда Сізді қалай болғанда да белсенді саяси қызметтен біршама алыстап қалды деген пікір қалыптасып қалды. Сіз бұған не дер едіңіз.
- Олай дейтіндей, менің тарапымнан үнсіздік болған емес. Мен мысалы, 12 айдың ішінде екі рет Венада, үш рет Страсбургте болдым, бір рет Парижде болған үлкен шараға қатыстым, екі мәрте Брюсселде болдым. Ол жерге әртүрлі елдерден менің үзеңгілестерім келді, әрине, ол жерге сіздер келе алмадыңыздар, ол енді сіздердің мекемелеріңіздің бюджетіне байланысты, бірақ сондықтан сіздер мені көрмесеңіздер, онда мені үн-түнсіз жатып алған екен деп түсінуге болмайды ғой.
Жоқ, біз жұмыс жүргізіп жатырмыз. Мен өз жұмысымды бір сәтке де тоқтатқан емеспін. Әлі де еңбегімді жалғастырып келемін.
- Сіз Страсбургте болған кездесуіңізде Қазақстан Конституциясының жаңа жобасына қатысты құжатқа қол қойғаныңыз туралы естігенбіз.
- Иә, ондай болды. Одан кейін де тағы да басқа кездесулер болды. Ең басты менің уайымым, мен елде емеспін ғой, шет жердемін. Егер өз елімде болсам, онда мүлде басқаша әрекет еткен болар едім.
Жақында парламент сайлауы болатынына мен кәміл сенімдімін. Бірпартиялы парламент болуы мүмкін емес.
Мен елдегі демократиялық бағыттағы әріптестеріммен үнемі әңгімелесу үстіндемін. Әзірше олардың күштерін бір партияға біріктіру қолымнан келмей жатыр. Бұл біздің оппозицияның, біздің азаматтық қоғамымыздың өте-мөте үлкен кеселі.
Былай болуы да мүмкін, мысалы, оларға 10 орынға квота береді де, сол орындарға 10 партияның өкілдері келеді. Бірақ, саяси ортада өзінің жұмыстарымен беделге ие болған партиялар бар да, тек тіркелгені болмаса, партияның жұмысын шетке ысырып қойған партиялар да бар.
Егер осы 10 орынға 10 түрлі ұйымнан адамдар келетін болса, онда әрине, өте өкінішті. Онда парламентте басқа пікірдегі адамдар жиналғанның орнына, бәрі бәз баяғыдай болады да қояды. Қазіргі кезде болып жатқан экономикадағы қиындықтар президентке алдын- ала хабарлануы керек еді.
Кез келген үкіметтің әдеті, туындаған мәселелер туралы президентке дер кезінде хабарламайды. Ал ондай мәселемен бетпе-бет келгенде, алдымен олар «бәрі де бақылауда, бәрі де жақсы» деп мәлімдейді. Бірақ біз бәрін көріп, біліп отырмыз, ешқандай тәртіп, ешқандай бақылау жоқ, қазір біз үлкен экономикалық қиындықтардың алдында тұрмыз, ол қиындықтардың әлі де қаншаға созылатыны тағы белгісіз.
Бірақ, жалпылама кедейлік басталғанын көріп отырмыз, коммуналдық қызметтерге, отынға, халық кеңінен қолданатын тауарларға баға мен тарифтер өсті. Қылышын сүйреткен қыс кезінде кезек тәртібімен электр энергиясын да әр түрлі сылтаулармен өшіріп отырмақ. Шындап келгенде, мұның бәрі кедейленгеннен емес, осының бәріне керек қаржыны бере алмайтын бюджет қалтасы тесік болғандықтан. Үкіметтің ең үлкен қателігі – дағдарысты бәрі - үкімет те, қоғам да бірге жеңуі керек дейтінінде. Қоғам дағдарысты қалай жеңбек, егер олар үкіметтің не істейін деп отырғанын білмесе? Ол не қылған құпиялылық?
Алдымызда бізді күтіп тұрған үлкен жаңалықтың бірі.— Министрлер кабинетінің ауысатынына мен кәміл сенімдімін. Менің ойымша Кабинеттің ауысуы саясаттың ауысуына ұласса, сөйтіп, экономика мен саяси жүйеде жаңалану дәуірі басталса жақсы болар еді. Бәрі мен ойлағандай бола ма, жоқ па, оны әзірше білмей отырмын.

ТИМУР КҰЛЫБАЕВ ІЗБАСАР БОЛА АЛМАЙДЫ, СЕБЕБІ НАЗАРБАЕВ БИЛІКТІ ЕШКІМГЕ ДЕ БЕРМЕЙДІ.
- Қазақстандағы тәуелсіз басылымдар «Самұрық-Қазына» ірі холдингінің басшылығына екінші күйеу баласы Тимур Құлыбаевты қою арқылы Назарбаев өзіне мұрагер таңдады деген пікір білдірді. Сіздің бұған көзқарасыңыз қалай?
- Тимур Құлыбаев мұрагер болады дегендердің басы да аяғы да мен емес. Менің сізге айтарым, Нұрсұлтан Назарбаев билікті беруге даяр емес.
Ол бұл билікті осы күйінде қалдыра алмайды. Егер ол командасын ауыстырса, үлкен ауыстырулар жасаса, оның ішінде егерде өзі кенеттен демалысқа кетуді ойласа, онда ол, ең алдымен, мына жүйесіне жан бітіруі керек.
Ол билікті бөлу керектігін білгенмен, оның саяси жүйесі жұмыс істеп тұрған жоқ.Оған алланың берген уақыты жете ме, жетпей ме, кім білсін, дегенмен ол осы мәселені жақсы түсініп отыр.
Оның қатты айтылмаған, әлденелерді меңзеген сөздері шынымен оның өз сөздері, мәселе оның оны кіммен және қашан бастауын білмей отырғандығында.
Ол қазір өз айналасындағыларға сенбей отыр. Билікті осы түрімен қалдыруға және болмайды. Ол ешқандай да мұрагер ұстай алмайды, себебі, оның жанындағылардың мүдде қақтығыстары орасан зор.
Енді Грузия мен Украинадан кейін,көршілерге де бізде не болып жатқаны қызықтырақ болмақ. Президент билігін Тимурға бере алмайды. Сондықтан бұл жерден ерекше нәрсе іздеудің керегі жоқ.
Мұның бәрі оның айналасына сенімсіз қарауынан болып отыр. Тимурдың тағайындалуы оның холдингтегі жұмыс барысын бақылауы үшін керек.
Бірақ менің ойымша осы екі институтта не болып жатқанын оның өзі де білмейді-ау деп қорқамын. Соңғы 5-6 жылдың көлемінде ол бізге бір «қараңғы орман» болды ғой. Ең жақсысы, Назарбаев осы институттардың жұмысын өзі қолына алып, бәрін орын-орнына қойса, Қазақстан тарихында жақсы атымен қалар еді.
Барлық саясаткерлер қателеседі де, жеңіске де жетеді. Бірақ жіберген қатені мойындап, одан қорытындылар шығарып, оны жүзеге асыру маңызды.Бірақ біртұтас ұлтты өз қателігінің құрбаны етуге болмайды.Біз қазір осы қателіктердің тұтқынына айналдық.
Сондықтан атышулы даудың «Қазақгейт» деген атын өзгерту туралы ұсыныс бар. Бұл барлық қазаққа, сізге де, кейбір детальдар туралы сұрап алып, артынан түсініктеме бергіздіретін маған да жайсыз.
Мен, міне 4 жыл болды газеттер мен журналдардың бірде-біреуіне осы шулы жайт туралы тіс жарған емеспін. Олай істегім келмейді.
НАЗАРБАЕВ ЗАМАНБЕК ПЕН АЛТЫНБЕКТІҢ ЕРЛІК ӨЛІМІНІҢ ҚҰПИЯСЫН АЙТУЫ КЕРЕК
- Әкежан мырза, бүгінгі әңгімемізде марқұм Заманбек есімі де аталды. 12 қарашада белгілі саясаткердің қазақстандық құқық қорғаушылардың ресми пікірі бойынша "өз үйінде атылып өлді, бір емес, бірнеше рет өз кеудесінен атты, әрі ең соңғы тексеру оғын басынан атып, сосын өзін ақ сейсепке орап қойған" деп түсіндірілген марқұмның өлгеніне 3 жыл толады.
- Бұл, әрине, қасақана кісі өлтіру. Құқық қорғаушылардың бұлай көрсеткені сәтті болған жоқ, әрине. Өкінішке орай, біздің оппозиция өкілдері мұндай жағдайда европалық құрылымдардан осындай мәселелерді шешетін мамандар шақырту туралы ұсынысымызға жүрдім бардым қарады.
Бірақ, бәрібір олармен келісім жасау керек еді. Ол қызметі үшін ақша да сұраған жоқ. Мұны өздерін жапа шегушілер деп санайтын адамдар немесе туыстары жасағаны дұрыс болғанымен, ешкім де олай еткен жоқ.
Дегенмен, менің ойымша ерте ме кеш пе бұл ашылады, Бұл қатігез, қарау қылмыс. Оның үстіне Заманбек Қалабайұлы сияқты азаматты өлтірді.
Онымен арадағы қарым-қатынасым талас тартысты болатын: ол сұрақ беретін, мен жауап беретінмін.
Бірақ ол ержүрек адам болатын. Арамызда жүріп, марқұм болып кеткен кесек тұлғалы азамат еді! Мұндай адамдар қазақ жерінде күнде туа бермейді.
Онымен таласуға да болатын, Келісуге, келіспеуге де болатын. Ол өзінше кеңестік кезінше сауатты болатын, Мүмкін экономика мәселесіне тереңдеп бара алмаған шығар, әйткенмен, жауапкершілік, ұлттық сезімі ұлтжандылығы ерекше болатын.
Осындай адамның арамызда болмауы өкінішті.Заманбек, Алтынбек сияқты адамдар жастарымызға тәрбие беру үшін де керек еді.
Назарбаев өмір бойы жанымызда бола бермейді. Уақыт өткен соң басқа адамдар келеді. Сөйтіп, еліміз басқаша даму жолына түседі.
Біз пікір таластыруды әлі де үйрене алмай келеміз. Даудың аяғын өлімге соқтырамыз, Бұл елімізде болған оқиғалардың ішіндегі ең сорақысы.
Бұған Нұрсұлтан Назарбаев жауап беру керек деп ойлаймын. Мүмкін бір жауабы бар да шығар.
Меніңше, ол осының бәрі қалай болғанын іші сезеді. Әсіресе, мемлекеттік құрылымдардың қатысы бар Алтынбектің өлімі туралы.

- Азаттық радиосына берген сұхбатында Рахат Әлиев Қазақстанда оппозция дейтіндей саяси оппозиция жоқ, барлық оппозициялық партияларды, олардың қатарында Жармахан Тұяқбайдың Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы, Болат Әбіловтің басқаруындағы Азат демократиялық партиясы бар, президент әкімшілігі қаржыландырады, олардың әрбір әрекеті ҰҚК тарапынан бақыланып отырады деп мәлімдеді. Сіз мұндай айыптаумен келісесіз бе?

- Маған бұл айыптаумен келісу қиын. Өйткені менің қолымда оған дәлелдер жоқ. Жарияланған "телефон тыңдауларын" тыңдап, оның мәтінін оқығаным шындық.. Шындығында мен ондай әңгіме болған деп ойлаймын және ол (аудио) өте мүқият жазылғанына күмәнданбаймын.

Бірақ онда ескеретін екі нәрсе бар. Біріншісі, ақшаның президент әкімшілігінен алынатынын нақты дәлелдеу керек, ол егер дәлелденсе, онда соны жасап отырған саясаткерлердің абыройсыздығы болады.

Бірақ партияның өзі бұдан қадір-қасиетін неге жоғалтуы керек?! Партияға тұлғаларға, идеяларға сенген адамдар кірді. Мен Жалпыұлттық социал демократиялық партияның құрамында жұмыс істейтін Әміржан Қосановтың президент әкімшілігінен ешқандай ақша алмағанына сенімдімін. Ондай болмағанын мен 99 пайыз сенімділікпен айта аламын.

Ал облыстар мен аймақтарда, қалаларда жұмыс істеп жатқан белсенділердің бұл жерде кінәсі қандай? Мен олардың бәрі бірдей қуыршақ деп айтпаған болар едім.

Екіншіден, егер президент әкімшілігі оларды шынында қаржыландырып отырса, мен оларға жомарттау болып, ақшаны көбірек салсаңдар, сонда ғана бұл шындық сияқты көрінеді деген ұсыныс айтар едім.

Ал адамдардың өзара байланысына келер болсақ, ондай байланыс, қарым-қатынас болуы керек. Бұл деген саясат қой. Саясат дегеніміз – ымыраласу өнері, саясат – кездесулер, сол арқылы ортақ көзқарасты табуға тырысу. Бір-бірін тоқпақтау деген ескі советтік пәлсападан қалған.

Екінші жағынан алып қарағанда, тағылған айыптар жеңіл емес. Бірақ ол бүкіл оппозицияға емес, жекелеген, нақты адамдарға айтылса керек. Мен егер бұл төңіректегі айтыс-тартыс жалғаса берсе, Рахат Әлиевте оның шын мәнінде сондай екенін дәлелдейтіндей материалдар табылатын болар деп ойлаймын.

Дегенмен де оппозицияға бір соққы берілді. Ол соққы бүкіл саяси элитаға да бағытталды, егер менімен келіссеңіз. Елде болып жатқанның бәрі, онда қуыршақтарды қалаған жағына бағыттап отырғандар бар дегеннің өзі - өте өкінішті әрине.

Қажыгелдин Қазақстандағы дағдарысты ауыздықтауға араласуға дайын

- Әкежан мырза, Кәрім Мәсімов үкіметінің отставкаға кететіні туралы ерінбегеннің бәрі де болжап айтып келді. Мұндай жорамалды сіз де айтып қалдыңыз. Бірақ қазақ политологтарының айтуынша, үкіметті алмастыру үшін президент Назарбаевтың кадрлар қоры сарқылды. Қазақстанда жоғары класты, дағдарысқа қарсы сауатты қимыл-әрекет жасай алатын топ-менеджерлер табыла ма? Ел ішінде дағдарысқа қарсы тиімді бағдарлама жасап, оны жүзеге асыра алатын топ-менеджерлер командасын жасақтау мүмкін бе?

- Мені өзін асыра бағалап отыр деп ойламаңыз, бірақ ондай команданы жинай алар едім және менің дайын, түзілген бағдарламам көптен бері жатыр. Осы мүмкіндікті пайдаланып айтып қалайын, мен бір жыл бұрын елдің жоғары басшылығына бізді қандай проблемелар күтіп тұрғаны жайында ескертіп, хат жолдаған болатынмын.

Мен қабілетті команданы жинайтыныма сенімдімін және оның қатарында шетелдіктер болмайды, ол команда тек қазақстандықтардан құралар еді. Біздің үкіметке жетіспейтін ең басты нәрсе - мінез бен батылдық, біршешімдік.

- Әкежан мырза, сіздің сол бір жыл бұрынғы хатыңызға президент әкімшілігінен немесе Нұрсұлтан Назарбаевтың өзінен қандай да бір реакция немесе жауап болды ма?

- Сіз маған өкпелемеңіз, мен бұған түсініктеме бермеймін. Тек қана айтарым, Нұрсұлтан Әбішұлының мінезіне тән өзіндік бір сипат бар. Біз оған жақсы деп те, жаман деп те қарай аламыз. Сіз білесіз, кейде ол жақсы да.

Ол кабинетті тағайындаған кезде оған шексіз сенім артады. Одан кейін көңілқалушылық кезеңі және бір жанжалдар басталады, жүйелік келіспеушіліктер немесе қарама-қайшылықтар, мәселен менің жағдайымда... Сол кезде ол үкіметті қорғайды, оған бұл ретте лайықты бағасын беру керек, ол дұрыс істейді.

Бірақ қайта-қайта сене беру де жақсы емес. Басқаларға да жұмыс істейтін мүмкіндік беру керек. Қазіргі үкімет жұмысының тиімсіз екендігі айдан анық. Сол кабинеттің жұмысының барлық теріс салдарын ол көріп отыр және бұл әділетті де, өйткені кім тағайындаса, сол жауап береді.

- Әкежан мырза, сұхбатыңызға рахмет.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG