Accessibility links

Рахат Әлиев Азаттыққа берген сұхбатында Қазақстанда оппозициялық күштер жоқ, елдегі билікке қарсы саяси күштер Ақордадан қаржыландырылады деген еді. Қазақстандық оппозиция мұны жоққа шығарып отыр.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының төрағасы Жармахан Тұяқбай Рахат Әлиевтің елдегі оппозициялық күштерге бағыттап айтқан мәлімдемесі шындыққа жанаспайтынын, ал өздерінің моральдық та, қаржылық жағынан да биліктің көмегіне зәру еместігін айтады.

Жармахан Тұяқбай: Биліктің немесе олигархтардың алдында басымызды имейміз.
- Басымызды иіп, биліктің, әлде болмаса олигархтардың алдына баруымыз социал-демократиялық партия өкілдері үшін ұят нәрсе. Екіншіден, біздің партияның жалпы іс-әрекеттері халықтың, жеке адамдардың ықыласымен, волонтерлік іс-әрекеттерімен қамтамасыз етіледі. Ал, енді біздің аз-маз шығындарымызды жабудың жолы жарнама төлемдері, жеке адамдардың бізге қаражаттай қол ұштарын беру арқылы шешіліп жатады.

«Азат» демократиялық партиясының төрағасы Болат Әбілев те Әлиевтің айтқандарының негізсіз екенін, өздерінің ешқашан билікпен ымыраға келмегендіктерін айтады.

- Оппозиция ешқашан Ақордадан немесе қандай да бір шенеуніктен ешқашан көк тиын да алып көрген емес. Екіншіден, біздің позициямыз ешқашан Ақордадағылармен сәйкес келіп көрген жоқ. Егер де арамызда бірнәрсе болса, біз мұндай жағдайға ұшырамас едік. Билікпен ымыраға келген Президент партиясындағылар жүр ғой, ешқандай қуғындалусыз, жауапқа тартылусыз.

Болат Әбілев: Позициямыз сәйкес келмейтін Ақордадан ешқашан көк тиын да алған емеспіз.
Алтынбек Сәрсенбайұлы атындағы қордың жетекшісі Айдос Сарым дегенмен Рахат Әлиевтің айтқандарының барлығын жоққа шығаруға болмаса да, Әлиевтің бұл жерде өзін сүттен ақ, судан таза етіп көрсеткісі келген ниеті жатқандығын ескеру қажет дейді.

- Рахаттың айтып жатқандарының көбісі рас, шындық. Іштегі жағдайды толық бірден-бір білетін адам - Әлиев. Бірақ, енді ол сол жүйені құрған адамдардың бірі емес пе?! Құқық қорғау органдарының ішіндегі реформалар, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің саяси полицияға айналуына мұрындық болған өзі. Бүкіл қудалаулардың барлығы соның кезінде басталғанын өзі мойындауы керек. Арнайы ақпараттық қызмет те сол Рахаттың кезінде құрылды.

Азаттық тілшісіне жауап берген Рахат Мұхтарұлы елде әлі күнге дейін Әлиевтің айналасында болған адамдарды қудалау жұмыстары жалғасып жатқанын, «ҚазМұнайГаздың» бұрынғы басшысы Серік Бүркітбаевтың құпия қамауға алынуы да сонымен байланысты екенін мәлімдеген еді. Бұл орайда Айдос Сарым Әлиевпен келісуге болатынын, себебі, елдегі жүйе КГБ, НКВД сияқты бұрынғы кеңестік кездегі жазалау институттарын еске салатынын айтады:

Айдос Сарым: Р.Әлиевпен келісуге болатын бір нәрсе - елде кеңестік идеология мен технология әлі күнге дейін сақталып отыр.
- Рахат Әлиев өзі қатысып кеткен жүйенің ең жаман жері - оның жабық күйде жүруі. Ешқандай ақпарат сыртқа шықпайды. Кез-келген елде бір адамды тұтқындау үшін алдымен соттың үкімі қажет, сотта прокурорлар жағы болсын, адвокаттар жағы болсын, жарысып тұрып дәлелдеп шығады, тұтқындауға бола ма, болмай ма? Бізде, өкінішке қарай, кез келген адамды тұтқындауға болады. Адвокаттарын жібермей, неше түрлі психологиялық-физикалық қысым жасайды. Әлиевтің айтып отырғаны дұрыс, сол бұрынғы кеңестік идеология, сол кездегі технологиялар әлі күнге дейін бар.

Тәуелсіз журналист Ермұрат Бапи президенттің бұрынғы күйеу баласымен бір тұста ғана келісетінін жеткізеді:

- Қазақстанда интернетті, электронды поштаны аңдып-бақылайды және сүзіп отырады. Оның (Рахат Әлиевтің – ред.) осы жұмысты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнайы бөлімі атқарады деген пікірі өте дұрыс. Біз оны күнделікті өмірден көріп жүрміз. Редакцияның электронды пошталарының бәрі, интернет желісі түгелдей бақылауда. Біз оны біліп отырамыз. Кей кезде бөтен адамдардың күніне 10-15 рет біздің поштамызға кіргенін байқаймыз. Оның бәрін біздің мамандар көріп, біліп отыр.


  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG