Accessibility links

Оралдық коммунистердің кеңсесінде өрт шықты


ҚКП Орал қалалық бөлімшесінің кеңсесіндегі өрт шалған сағат. Орал, 15 қазан 2010 жыл

ҚКП Орал қалалық бөлімшесінің кеңсесіндегі өрт шалған сағат. Орал, 15 қазан 2010 жыл

Қазақстан Коммунистік партиясының батыс-қазақстандық бөлімшесінің ғимаратын белгісіз біреулер өртемек болды деп есептейді партия өкілдері. Қалалық бөлімше хатшысы бұл оқиғаны теракт деп бағалайды.


Бұл оқиға қазанның 14-і бейсенбі күні жергілікті коммунистерді бір дүрліктіріп тастады. ҚКП-ның Оралдағы бөлімше қызметкерлерінің айтуынша өрт шыққан кезде кеңседе ешкім болмаған. Партияның батыс-қазақстандық бөлімшесінің хатшысы Оксана Терновская сол күні түскі бірде барлық қызметкерлер үйлеріне қайтып кеткенін айтады.

- Мен саяжайыма қарай кеттім. Кешке біздің кеңсенің өртеніп жатқаны жайлы хабар жетті, - деді Оксана Терновская Азаттық тілшісіне.

Оның ойынша ғимаратқа әлдекімдер қасақана өрт қоюы мүмкін. Оның пікірінше теріс пиғылды әлдекімдер «кеңсені өртеу тұрмақ, тұтас үйді жарып жібермек болған».
ҚКП Оралдағы бөлімшесінің өрт шыққан кеңсесі. Орал, 15 қазан 2010 жыл

- Мұның қасақана өрт қою екеніне бірнеше дәлел бар. Біріншіден, кеңсеге есікті бұзбай кешкі алты шамасында кірген. Бұған дәлел – ыстықтан балқып кеткендіктен алты жарымды көрсетіп тоқтап қалған сағат тілі.

Екіншіден, өрттің шыққан жері – біз ешқашан қолданбай келген розетка. Тергеушілер әлдекімнің розеткаға штепсельдің айырын сұғып кеткенін байқаған. Біздің электр шәугіміміз де ғайып болыпты.

Ал ең сорақы жайт мынау – кеңсемізге әдейі өрт қойғандар газды ашып кеткен. Бүкіл үйді жарып жібергісі келгені анық. Бұл терактіге ұқсайды, -деп тоқтады хатшы.

Оксана Терновская бұл әрекет алдын-ала жоспарланған іс, оппозиция белсенділерін басып-жаншудың тағы бір көрінісі деп есептейді.
Оксана Терновская, ҚКП Орал қалалық бөлімшесінің хатшысы. Орал, 15 қазан 2010 жыл

- Бұл қорқытып-үркіту әрекеті «Народовластие» оппозициялық блогының Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың отставкаға кетуін талап ету бастамасымен байланысты, - дейді Оксана Терновская.

Жергілікті полиция тергеу барысы туралы ақпарат бермей жатыр. Қалалық ішкі істер басқармасының уәжі бойынша өрттен қорғау қызметінің сараптамасы әлі дайын болмағандықтан бұл жағдайға қатысты ешқандай жорамал айтылмайды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG