Accessibility links

Оңтүстік Осетияның Цхинвали қаласында туып-өскен Луиза Цаплина 30 жылдан астам Алматыда тұрады. Ресейдің Оңтүстік Осетия мен Абхазияның дербестігін жариялағанын естіген кезде оның қуанышында шек болмапты. Мұндай жаңалықты ести салысымен оның әр елде жүрген туған-туыстары бір-біріне жедел телефон шалып, құттықтай бастапты.

- Мен қуаныштан жыладым. Әлі көзіме жас келіп тұр. Білесіз бе, бұл тәуелсіздік тым қымбатқа түсті. Ел-жұрт 20 жыл азап шекті. Қаланың жартысы жермен жексен болды. Қаншама жас қыршыннан қиылды десеңізші?! - деп күрсінді осетин әйел.
Цхинвали тұрғындары Ресейдің Оңтүстік Осетияның тәуелсіздігін мойындаған күнін тойлауда, 26 тамыз, 2008.

Луиза Цаплина жыл сайын туған-туыстарын аралап, Оңтүстік Осетияға екі мәрте ат басын тірейтін. Биыл қақтығыстың кесірінен еліне бара алмай қалған. Ал Цхинвалиде тұрып жатқан туған ағасы мен немере әпкелері соңғы қақтығыс кезінде елден қашып, Владивостокта бала-шағаларымен әлі күнге шейін жан сауғалап жүр. Оның әке-шешесінен қалған екі қабатты сән-салтанатты үйі жермен-жексен болғандықтан, енді ағасы елге оралса, отбасымен қайда баратыны белгісіз.
- Ағам әке-шешемнің менің ұлыма мұра ретінде қалдырған үйде тұрып жатқан. Қазір жөндеуден өткен, үлкен үйіміз дүние-мүлкімен қоса өртеніп, оның тамтығы да қалмапты. Үйдің жанындағы үлкен әсем жүзім бағы да қоса өртеніп кетіпті, - деп көзіне жас алды зейнеткер Цаплина.

Луиза Цаплинаның ұлты осетин болғанымен, грузинше тәрбиленіп, сол тілде білім алған.

- Бүкіл сыныптастарым, достарым грузиндер еді. Олармен жауға айналамыз деп ешқашан ойлаған емеспін. Цхинвалидің төңірегінде грузиндердің де, осетиндердің де ауылдары бар. Бұрын олар - сырттай ешқандай айырмашылығы жоқ, бір-бірімен аралас-құралас жатқан елдер еді. Енді ондағы грузиндер мен осетиндердің арасы не болатынын білмеймін. Саясаткерлер не айтса да, олар жауласуын қоймайды, кектері тарқамайды, - дейді Луиза Цаплина..

Сейсенбіде Ресей президенті Дмитрий Медведев Абхазия мен Оңтүстік Осетияның тәуелсіздігін мойындау туралы Жарлыққа қол қойғанын мәлімдеп, басқа елдерді де осындай қадамға баруға шақырған. Бұл ретте Алматыдағы Грузия мәдени орталығының жетекшісі Нино Чичуаға хабарласқанымызда ол ешқандай пікір білдіргісі келмейтінін ашулы түрде жеткізді:

- Жетеді! Өйткені, жақын күндері Қазақстан Абхазия мен Осетияны мойындайтындығына сенімдімін. Менен неге сұрайсыз?! Одан да Қазақстанның шешімін күтіңіз. Бұл дегеніңіз – үлкен саясат. Қазақстан Ресеймен араздасқысы келмейтіні анық, - деді Нина Чичуа Азаттық радиосына.
Грузин әйелі Гори қаласындағы өзінің қираған үйінен дүние-мүліктерін тасуда, 26 тамыз, 2008.

Ресей басшылығының сейсенбілік ұйғарымына орай Грузияның Қазақстандағы елшісінің кеңесшісі Зураб Козмава: «Ресей өзінің шын бет-бейнесін көрсетті», - деп қысқа қайырғанымен, өздерінің бұл мәселе бойынша арнайы мәлімдеме әзірлеп жатқандарынан хабардар етті.

Әзірше Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Ресейдің шешіміне байланысты мемлекеттің ұстанамын аңғартатын ресми пікір білдірген жоқ. Ресей өз ұйғарымы арқылы Қазақстанды ғана емес, АҚШ, Еуропа елдері, Ресеймен тығыз қарым-қатынастағы барлық мемлекеттерді қиын жағдайға қалдырып отырғанынын айтады Парламент Мәжілісінің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Камал Бұрханов:

- "Былай жүрсе, өгіз өледі. Былай жүрсе, арба сынады» деген осы. Дегенмен, Қазақстан қазір бұл мәселенің саяси, әлеуметтік, экономикалы, геосаяси және әскери салдарларын сараптап, мемлекет басшысы бір тұжырым жасайды деп ойлаймын, - дейді Парламент депутаты. Ол Ресей президенті өз мәлімдемесі арқылы «он жылдан астам уақыт онсыз да іс жүзінде тәуелсіз болып келген елдерді тек заңдастырды» деп есептейді. Екінші жағынан ол Ресейдің шешімі этникалық сепаратизимнің етек алуына түрткі болуы мүмкін дейді.
Бұл уақытта Қазақстанның "Еуропа клубы" Ресейдің шешіміне орай арнайы Меморандум қабылдаған. «Қазақстан Республикасы Грузияның тәуелсіздігі мен территориялық тұтастығын біржақты әрі айқын қолдауы тиіс. Халықаралық коалиция құрамында жанжалдың бейбіт шешілуіне қол жеткізуі керек… Қазақстан Ресей Федерациясының Абхазия мен Оңтүстік Осетияның дербестігін мойындау бойынша біржақты, қауіпті және қате әрекеттерін айыптауы қажет», - деп жазылған 27 тамызда таратылған құжатта.

Дегенмен, Қазақстанның Ресеймен бірге аймақтағы көптеген интеграциялық ұйымдарға мүше екендігін және бұл ұйымдар бойынша оның нақты міндеттері бар екендігін еске салады Қазақстанның Запастағы офицерлер одағының төрағасы Айтқали Есенқұлов:

- Қазақстан да Абхазия мен Оңтүстік Осетияның дербестігін мойындауы керек. Себебі, Қазақстан - Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше мемлекеттердің бірі. Ал бұл ұйымның Жарғысына сай ұйымға кіретін басқа елдер Ресейді қолдауы тиіс. Кезінде АҚШ Косовоның тәуелсіздігін мойындаған кезде басқа НАТО-ға мүше елдер де оны жақтаған жоқ па? Сол сияқты енді Ресейді Қазақстан да, Қырғызстан да, басқа мүше мемлекеттер де қолдауы керек, - дейді әскери сарапшы.
Ресей президенті Дмитрий Медведев Грузия құрамындағы екі елдің дербестігі туралы шешім қабылдағанда “осетин мен абхаз халықтарының тілектерін ескеріп, БҰҰ Жарғысының ережесі мен халықаралық ереженің принциптері туралы 1970 жылғы декларация сынды құжаттарды басшылыққа алғанын мәлімдеді. Алайда, Грузия Мәскеудің бұл шешімін “ашықтан ашық аннексия” деп бағалаған. Ресейдің бұл қадамына бірқатар Батыс елдері – оның ішінде Ұлыбритания мен Франция және Германия наразылықтарын білдірді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG