Accessibility links

Тұрғын үйде болған өрт себептері тексерілуде


Электр кабелдерінің бәрі жанып кеткен, 22 қыркүйек, 2008 жыл

Электр кабелдерінің бәрі жанып кеткен, 22 қыркүйек, 2008 жыл

21 қыркүйек күні түнде Алматы қаласының Зенков көшесіндегі № 33 үйдің электр желілері жүргізілген шахтасы өртке оранып, кәмелетке толмаған үш бала түтінге уланды. Қазір олар ауруханада жатыр.

Кейбір тұрғындардың айтуынша, өрт шамамен түнгі сағат 11- ден 30 минут өткенде басталған. Оны осы тұрғын үйдің алаңқайында ойнап жүрген кішкентай балалар байқап қалып, есіктің аузында тұрған күзет қызметкерлеріне хабарлаған. Өрт сөндірушілер келгенше тоғыз қабатты үйдің 6-шы қабатына дейінгі барлық электр желісі жанып кеткен.

Осы жағдайға байланысты Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің Алматы қаласындағы бөліміне хабарласқанымызда, ол жақтағылар «оқиға тексеріліп жатыр, оның себеп -салдары шамамен 10 күн өткен соң белгілі болады» деп жауап берді.

Электр желілері шахтасы өртке оранған тұрғын үйге барғанымызда, бізді «Отан» деп аталатын жекеменшік пәтерлер кооперативінің (ЖПК) төрағасы Виктор Васильев қарсы алды. Ол әуел баста оқиға болған жерді көрсетпейтіндігін, тіпті аталған жағдайға байланысты ешқандай пікір білдірмейтіндігін айтты. Осы кезде Өртпен күрес департаментінің анықтау қызметкерлері келіп, солармен бірге оқиға болған жерді көрудің мүмкіндігі туды.

Мамандар өрттің себеп-салдарын анықтауда. 22қыркүйек, 2008 жыл.
Аталған департаменттің қызметкерлерімен өртке оранған 6 қабаттың барлық электр желісі шахталарын көріп шықтық. Шахтаға жақын орналасқан кейбір пәтерлердің сыртқы есіктері де өрттен зақымданыпты. Дегенмен, біз осы оқиғаның салдарынан зардап шеккен балалардың ата-аналары мен басқа да тұрғындардың пікірін білмек болғанымызда, олардың ешқайсысы біздің сұрақтарымызға жауап берген жоқ.

Өртпен күрес департаментінің анықтау бөлімінің маманы Арман Бекентаев Азаттық тілшісіне берген сұхбатында, бұл төтенше жайтқа негізі қандай себептердің әсер еткені әлі белгісіз екенін айтты.
«Өрттің орын алуына электр қуатының шамадан тыс көбейіп кетуі, желінің жоғары қысымды көтере алмауы немесе белгісіз біреулердің қасақана жасаған әрекеті болуы мүмкін екенін де жоққа шығаруға болмайды. Қазір тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқандықтан, оның себебі туралы алдын - ала айту мүмкін емес»,-деді ол.

Ал Виктор Васильев бұл тұрғын үйде әлі ұзақ уақыт электр жарығы болмайды дейді.
«Мен бірнеше жылдан бері тұрғындарға электр желілерін ауыстыратын уақыт жетті деп айтып жүрдім. Бірақ менің сөзіме жан баласы құлақ асқан жоқ. Ал енді болса, барлығы жанып кетті. Тұрғындар өз қалталарынан ақша шығарып, желілерді түгелімен жаңартпайынша, бұл үйде электр жарығы болмайды. Жалпы мен маман емеспін. Сонда да айтайын, менің пікірімше, электр желілері үлкен қысымды көтере алмағандықтан, жанды», -деді ол.

ЖПК төрағасы өртеніп кеткен электр желілерін көрсетті. 22қыркүйек, 2008 жыл.
ЖПК төрағасының және тұрғындардың сөзіне қарағанда, бұл үйді «Базис А» құрылыс компаниясы 1997 жылы пайдалануға берген. Содан бері электр желілері бірде-бір рет жаңартылмаған. Осы жылдардың аралығында Зенков көшесінде орналасқан № 33 тұрғын үйдің астыңғы қабаттарына түрлі заттарды саудалайтын бірнеше дүкендер салыныпты.
"Бұл жағдай да электр желілерін істен шығаруы мүмкін",- деді мамандар.
Медеу ауданына қарасты тұрғын үйлер мен кеңселердің электр желілеріне тікелей жауапты болып саналатын ГЭС-5 мекемесіне хабарласқанымызда, ол жақтан қандай да бір пікір алу мүмкін болмады. Ал статистика бойынша, Алматыдағы өрттің 10 пайызы электр желілерінің істен шығуынан болады екен.
XS
SM
MD
LG