Accessibility links

Бүгін қазақстандық бірқатар ақпарат құралдарында «Миталл Стил Теміртау» акционерлік қоғамына қарасты металлургия комбинатындағы 4200 жұмысшысы кезектен тыс демалысқа кететіні хабарланды.

Аталған компания кәсіподақ комитеті төрағасының бірінші орынбасары Виктор Щетининнің айтуынша, жұмысшыларды мәжбүрлі түрде демалысқа жіберу туралы бұйрық кәсіподақ комитетімен келісілген.
Виктор Щетинин ҚазТАГ ақпарат агенттігіне берген түсініктемесінде, комбинаттағы 4200 жұмысшысының қазан айының 1-15 күндері аралығында демалысқа кетуі мүмкін екенін сөз қылыпты. Сондай-ақ, ол ұжымдық келісімшарттағы ережеге сәйкес, комбинат жұмысы жұмыс берушінің тарапынан тоқтатылатын болса, мәжбүрлі түрде демалысқа шығарылатын жұмысшыларға орташа айлық табысының 50 пайызы төленетінін жеткізіпті.
Ұжымдық келісім-шартқа сәйкес, кәсіпорын әкімшілігі мәжбүрлі түрде демалысқа кететіндерге орташа айлық табысының 50 пайызы көлемінде еңбекақы төлеуге міндетті.
«Бұл шара барлық өндірістер мен құрылымдарды да айналып өтпеді», - депті ол.

Виктор Щетининнің сөзіне қарағанда, мұндай мәжбүрлі қадамға комбинат әкімшілігі әлемдік нарықтағы дағдарыстың салдарынан олардың өніміне деген сұраныстың азайып кетуіне байланысты барып отыр.

- Комбинаттағы өнім 30 пайызға төмендеді. Біз қазан айының ортасына таман бұл жағдай дұрысталады деп үміттеніміз. Ал, әзірше осындай шешім қабылданды. Бұл күндері барлық өндірістер өз жұмысын төменгі мөлшерде жүргізе береді. Энергетика саласы қысқа дайындығын тоқтатпайды. Біз өз жұмысшыларымыздың мүддесін барынша ескеріп, оларға жөндеу жүргізу және тағы да басқа жұмыстар ұсындық. Бұл жұмыстармен осының алдында мердігерлік ұжымдар айналысатын - деді В.Щетинин.
Осы жағдайға байланысты«Арселор Миттал Теміртау» акционерлік қоғамының баспасөз хатшысы Николай Кубраков қазанның 1-і күні Азаттық тілшісіне берген сұхбатында, бүгінгі күні компанияның төңірегінде қалыптасып отырған мәселеге орай ақпарат құралдарында шындыққа жанаса бермейтін түрлі мәліметтердің жарияланғанын айтты.
- Компанияның төңірегінде осындай мәселенің бар екені рас. Бірақ, комбинаттың қанша жұмысшысы мәжбүрлі демалысқа шығатыны әлі белгісіз. Ал кәсіподақ басшыларының 4200 жұмысшы деп айтқан мәліметін растамаймын. Бүгін кешкі сағат алтыда компанияның президенті Франк Паннир баспасөз мәслихатын өткізіп, сол жерде осы мәселеге байланысты толық ақпараттарды жария етеді, - деді ол.
«Миттал Стил Теміртау» жылына 5.5 миллион тонна өнім шығаратын компания. Оның иелігінде 15 көмір шахтасы және темір кен орындары бар. Сонымен қатар, «Миттал Стил Теміртау» Қазақстандағы шойын, құрыш, қалайы, кокс және химиялық өнімдер шығаратын ең ірі қара металлургия кәсіпорыны болып саналады.

XS
SM
MD
LG