Accessibility links

Бүгін Президент Нұрсұлтан Назарбаев биыл күзде парламентке саяси партиялар, сайлау және БАҚ туралы заң жобалары енгізілетінін айтып, елде кезектен тыс парламент сайлауы болмайтындығын мәлімдеді.

Төртінші сайланымдағы Қазақстан Парламентінің ІІ сессиясының ашылуында бүгін сөйлеген сөзінде Президент Н.Назарбаев Мәжілістің кезектен тыс сайлауын өткізуге ешқандай негіз жоқтығын мәлімдеді, деп хабарлады Азаттық тілшісі Астанадан.
«Қазіргі депутаттар құрамын заңды негізде халық сайлады және ол өз жұмысын тиімді атқарып отыр. Сондықтан да Мәжілістің кезектен тыс сайлауын өткізуге құқық та, саяси да негіз жоқ. Сайлау Конституцияда көрсетілген тиісті мерзімде өтеді», - деді Мемлекет басшысы.
Назарбаев жақын уақытта парламентке елдің саяси өмірі үшін маңызды заң жобалары енгізілетінін айтты.
«Саяси партияларды тіркеу кезінде қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету, сондай-ақ, халықаралық және қазақстандық сарапшылардың ұсыныстарын ескере отырып, сайлау туралы заңнаманы жетілдіру – бүгінгі таңда біз атқаратын тағы бір маңызды қадам болмақ. Сонымен бірге, алдағы уақытта бұқаралық ақпарат құралдары қызметін реттеу ісінде бюрократтық кедергілерді алып тастау қажет. Алайда, мемлекет БАҚ қызметінің адамның қадыр-қасиетіне нұқсан келтірмеуін қадағалап отыруы тиіс. Сөз бостандығы дегеніміз – шындықты айту құқығы. Ешқандай да саяси ұрандар өтірікті бүркемелеп, біздің мемлекетіміздің болашағы мен тағдырына қатер төндіретін жала жабу, ұлтаралық және басқа да әлеуметтік жанжалдар туғызбауы керек», - деді Президент.
Сонымен бірге Назарбаев Парламентті жетілдіру қажеттігін атап айтты:
«Біздің саяси жүйемізді жетілдіре түсу үшін нақты қадамдар жасауымыз керек. Мен бұл туралы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Парламенттік Ассамблеясының Астанада өткен сессиясында айтқан болатынмын. Осыған байланысты, екінші партия 7 пайыздық межеден өте алмаған күннің өзінде Парламентті екі партиядан кем болмайтындай етіп жасақтауға құқықтық негіз жасалуы тиіс».
Ал өзі басқаратын «Нұр Отан» партиясының қазіргі кезде Парламентте басым болып отырғаны - «халықтың шешімі», деп түсіндірді Президент Назарбаев.
Бұған қоса ол Конституциялық реформаларды жүзеге асыратын заң жобаларын қабылдауға айрықша назар аудару қажеттігін айтты.
XS
SM
MD
LG