Accessibility links

Виктор Цойдың кебін «Нұр Отанның» депутаты Ерқанат Тайжанов киюі мүмкін бе?


Ерқанат Тайжанов - "Нұр Отан" партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты. Астана, 2 қазан 2008 ж.

Ерқанат Тайжанов - "Нұр Отан" партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты. Астана, 2 қазан 2008 ж.

Қазанның 9-күні Бас прокуратураның ресми өкілі Сапарбек Нұрпейісов Виктор Цойдың депутаттық мандатынан өз еркімен бас тартуы керектігін, оның «Ақ ауыл» құрылыс компаниясындағы келеңсіздіктермен тікелей байланысы бар екенін мәлімдеді.

Үлескерлер мәселесін зерттеу тікелей президенттің тапсырмасы, заңды белден басқан қандай лауазым өкілі болмасын қатаң жазаланатын болады, - деді ресми өкіл.
– «Ақ ауыл» құрылыс компаниясы басшылары 2,5 млрд. теңгені басқа жаққа аударып жіберген. Мұнда қызмет бабын пайдалану, ақшаны басқа есеп шотқа аударып жіберу фактілері анықталған. Компанияның құрылтайшылары да жалған болып, олардың «Ақ ауылға» қатысы жоқ екендігі де белгілі болды. Мұның бәрі компанияны Виктор Цой басқарып тұрған кезінде жасалған. Іс қаржы полициясына берілді, – дейді Нұрпейісов.
Жалпы Бас прокуратураның мәліметі бойынша, Қазақстанда тіркелген 100-ден астам құрылыс компаниясының тек 47-сі ғана тұрақты, заңға сәйкес жұмыс істеп, құрылыс жұмыстарын жалғастыруда. Ал 25 компания үлескерлер ақшасын өз пайдаларына жұмсаумен, айлакерлікпен айналысып келген. Бүгінде олардың жетеуінің басшылары қамауға алынып, сотталған.
Бас прокуратура келтірген деректердің ішінде лицензиясыз бірнеше тұрғын үйдің құрылысын бастап, үлескерлерден ақша алған компаниялар да анықталған. Солардың біреуі – «Азбука жилье» деп аталатын құрылыс компаниясы. Бұл компанияның қазіргі мәжіліс депутаты Ерқанат Тайжановқа тікелей қатысы бар. Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрпейісов «Тайжановтың қылмысы дәлелденсе, ол да заң алдында жауап береді» дейді.
Бірақ Қазақстан Конституциясына сәйкес, парламент депутатының ерекше дәрежесі бар. Ешқандай құқық қорғау мекемелері депутатқа қол сұға алмайды. «депутат өз еркімен мандатынан бас тартпаған жағдайда, онда Бас прокуратура парламентке барып, ұсыныс жасай алады», – деп түсіндірді Нұрпейісов.
Ерқанат Тайжанов парламентке «Нұр Отанның» жастар қанатынан сайланған Мәжілістің ең жас депутаты. Ол үлескерлер мәселесі көтерілгенде «менің құрылыс компаниясына ешқандай қатысым жоқ, депутат болғаннан кейін бизнесімді тапсырдым» деп жауап берген болатын. Таяуда ғана үлескерлерімен депутат ретінде кездескенде, «пәтерлеріңізге келесі жылы кіресіздер, аяқтап беруге уәде беремін. Тек сіздер маған тас қалаушылар тауып беріңіздерші, компанияға жұмысшылар жетіспейді» деп айтқанына журналистер куә болды.
Ал экс-депутат Виктор Цойға келсек, Астанада оны Еуропаға қашқалы жатыр екен деген әңгімелер шыққаны рас. Алайда, «Литер» газетінің соңғы сандарының бірінде «Мен ешқайда қашпаймын. Құрылысы басталған тұрғын үйлерді аяғына дейін салып бітіремін» деген Цойдың сұхбаты жарияланды.
XS
SM
MD
LG