Accessibility links

Әкежан Қажыгелдин: Америка өзгеруде, жаңару Қазақстанға да жетеді


Әкежан Қажыгелдин, Қазақстан оппозициясының қуғындағы лидері. 2008 жылдың жазы.

Әкежан Қажыгелдин, Қазақстан оппозициясының қуғындағы лидері. 2008 жылдың жазы.

Әкежан Қажыгелдин Азаттық радиосына берген сұхбатында АҚШ-тағы президент сайлауында Барак Обаманың жеңіске жетуі Қазақстанға да өзгеріс әкелуі тиіс деді. Қуғындағы оппозиция жетекшісі Рахат Әлиев пен «Қазақгейт» туралы ойларын да жеткізді.


АҚОРДА ҚАТАҢ ТАЛАПТАРҒА ЖАУАП БЕРУГЕ ДАЙЫН БОЛУЫ КЕРЕК

— АҚШ-тағы президент сайлауы әлем халқының ойынан шықты. Сіздің ойыңызша, Ақ үйдің Орталық Азияға, соның ішінде Қазақстанға қатысты саясаты өзгеруі мүмкін бе? Сөз демократиялық реформалар мен Мадрид келісімінің орындалуы туралы болмақ.

— АҚШ-тағы сайлауды расында тарихи дер едім.Мен көптен бері Құрама Штаттардың сайлауларын бақылап келемін, екі партияның да көптеген дебаттарына қатысып, съездеріне бардым.

Бұл сайлауды маңызы жөнінен мысалы, құлдықтың жойылуы, Ресейдегі крепостнойлық құқықтың алынып тасталуы, біз - қазақтар үшін аса маңызды Қазақстанның тәуелсіздік алуы сияқты тарихи оқиғалармен қатар қояр едім.

Америка қоғамы тұңғыш рет сөз жүзінде емес, іс жүзінде өзгелерге деген жеккөрініш сезімін, нәсілге бөлінушілікті жеңгенін көрсетті. Еуропа, Азия, Африка елдерінде кейінгі 7-8 жылдың көлемінде үлкен күйзелісте өмір сүрген көптеген адамдар жеңілдеп қалды деп ойлаймын. Сол секілді антиамерикандық көңіл-күйдің белең алу қаупі болды.

Шындығына келгенде, бұл Обаманың емес, демократияның жеңісі. Кейінгі 8 жылда көптеген қателіктерге ұрынған Джордж Буш пен Ричард Чейни жеңіліске ұшырады. Бұл әкімшілік өзінің қылықтарына тән бағасын алды деп ойлаймын.

Сондықтан да мүлде жаңа саясат болады, әсіресе сыртқы саясат жаңарады. АҚШ демократтарының республикашылардың алдында ешқандай саяси міндеттемесі жоқ, сондықтан жаңа қадамдарға жол ашық. Керісінше, олардың сыртқы саясаттағы қызметтерін таза парақтан бастауына толық мүмкіндіктері бар. Әрине, Құрама Штаттардың жас мемлекет еместігі белгілі, сондай-ақ, олардың мемлекетаралық қатынастарды қалыптастыруында бірізділік бары да рас.

Менің ойымша, біздің басшылыққа қатаң талаптарға жауап беретін кез келді, берген уәдені уақытында орындау керек, бірақ, өкінішке қарай, Қазақстанның әлі де орындалмаған уәделері көп.

Дегенмен, тарих тағылымдары ресми Ақорданың болашақта дұрыс шешімдер қабылдауына әсер етеді деп үміттенемін.

—Әкежан мырза, Н.Назарбаевтың Мадридтегі ЕҚЫҰ-ның саммитінде ешқандай уәде берген жоқпын деп бірнеше рет айтқанын естіген боларсыз?

— Н.Назарбаевтың неліктен осы тезисті қайталайтын себебін түсінбеймін. Бұл мүлде олай емес. Мадридте Қазақстанның міндеттемелерін қабылдаған ол емес, ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің Сыртқы істер министрлері еді.

Орталық Азия аймағындағы посткеңестік елдерге бұл ұйымға төрағалық ету құқығының берілуі ынталандыру екенін бәрі біледі. Бұл Қазақстан үшін де құрметті әрі тарихи маңызды жағдай. Олар қазақтар жағы өзіне алған азғантай міндеттемелерді орындауы керек деген шарт қойған болатын. Ақорда да оларды орындауы тиіс.

Мен Назарбаевтың бұл қасарысуын түсінбеймін. Шын мәнінде бұндай ұстаным саясаткер ретінде оған да, біздің елге де зиян. Белгіленген стандарттарға сәйкес болу үшін олардың талабын ешқандай байбаламсыз, сабырлы күйде орындау керек. Бұл ешқандай да қорлық немесе саяси жеңіліс емес. Керісінше, бұл осы ұйымға кірудің ерекше шарты.

Оның еліне негізгі принципі демократия мен адам құқығын сақтау болып табылатын халықаралық құрылымды басқару мәртебесі жүктеліп отыр. Ал бұл ұйымның осы елге тағатын кінәсі болса, онда менің ойымша, салиқалы түрде шешім қабылдап, өз міндеттерін орындауға кірісу керек, ол міндеттер соншалықты көп те емес.

Айтпақшы, осыдан бір жыл бұрын президент Назарбаев Конституцияны «қазақша жаңалаудың» көптеген олқылықтарға жол бергенін мойындаған болатын. Бір кездері біз бірпартиялы жүйеге қарсылық білдірген едік, бәрібір «Нұр Отан » арқылы бірпартиялы жүйеге қайта келдік.

Мұны керемет шешім деп ойламаймын, бұл туралы президент те жақсы біледі және бірнеше рет өзі мойындаған. Дегенмен, қашан болса да, әйтеуір бірдеңе істеу керек.

РАХАТ ӘЛИЕВ «ҚАЗАҚГЕЙТ» СОТЫ БОЙЫНША МАҢЫЗДЫ КУӘГЕР БОЛУЫ МҮМКІН

— Әкежан мырза, Қазақстан президенті Н.Назарбаев бастаған ел басшыларының қатысы бар делініп жүрген, АҚШ-та өтіп жатқан «Қазақгейт» ісіне байланысты атышулы сот белгісіз себептермен ұзаққа созылып кетті. Сіз қалай ойлайсыз, Қазақстан үкіметі үшін даулы және ұнамсыз бұл іс қашан аяқталуы мүмкін? Егер аяқталса, Ақорданың қазіргі қожайыны үшін қандай саяси және басқа да салдары болады?

— Мен сұрақтың соңынан бастайын. Мен бұл істің ұзаққа созылуын мемлекет басшысына жасалған қысым ретінде бағалап отырған сарапшылардың пікірлерімен таныспын. Сарапшыларға айтарым, бұл істің саясатқа ешқандай қатысы жоқ.

Қазақстанның саяси басшылығы Ақ үй әкімшілігінің прокуратураға телефон шалып, істі тоқтату туралы неге сұрамайтынын түсінбеумен келеді. Сол себепті ұзаққа созылған бұл іс АҚШ пен Қазақстанның қарым-қатынасына да нұқсан келтірді.

Мемлекеттің билік тармақтары бір-бірінен тәуелсіз саяси жүйеде ескі билік те, жаңа билік те мұндай сот процесіне ықпал ете алмайды. Міне, олардың біздегі жүйемен арадағы үлкен айырмашылығы да осында.

Сондықтан Джеймс Гиффен қазірдің өзінде жазасын алды - бес жыл бойы аяғына браслет тағып, үйінде отыр. Менің ойымша, бұл сот та жақын арада аяқталуы мүмкін. Мені 25 қыркүйекте өткен соттан кейінгі болатын жағдай қызықтырады. Соттың соншама созылғанына ашуланған судья Поули соттың жабық отырысында саяси ведомстволар мен іздестіру қызметі басшыларынан екі жақ талап еткен барлық құжаттарды жинап алып, осы соттың әділеттілігін анықтауға кіріскен болатын.

Процестің ұзаққа созылуының себебі, сот бөлмесінде отыратын 12 азаматтан тұратын ант берген билердің кейбіреулерінің үкімет орындарындағы құпия түрдегі «классификацияланған құжаттарды» қарауға құқығы болмағандығынан. Сот ісінің ұзаққа созылғандығын американдық басылымдар жазып та қойған.

Бұл жерде екінші бір жағдай бар. Қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының біріне сәуір айында сұхбат берген Рахат Әлиевтің Қазақстан басшылығының саяси мүддесін қорғайтын әлдебіреулердің осы процеске араласқаны туралы мәлімдегенін естеріңізге түсіргім келеді. Ұзақ жылдар елдің Сыртқы істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінде басшылық қызметте болған Рахат Әлиевтің айтқандарына сенемін.

Рахат Әлиевтің бұл айтқандары сотқа тапсырылған істі толықтыра түседі (ол жақында Австрия баспасөзі арқылы осы іске куәгер болатынын айтқан еді). Егер прокурорлар Рахат Әлиевтің айтқан сөздерінен АҚШ-тың заңдарына қайшы келетін тұстарын байқаса, онда олар бұл істі Үлкен қазылардың қарауына беріп, содан кейін ғана айыптайды.

Бізді бұдан басқа да Джеймс Гиффенге қатысты даулы істер күтіп тұр ма деп қорқамын.

— Әкежан мырза, Ақорда президент Назарбаевтың бұрынғы кеңесшісі Гиффеннің ісіне қатысты Рахат Әлиевтің куәгер ретінде сөйлеуінен өлердей қорқып отырғаны белгілі. Бұдан бұрын осы іске қатысты Сіздің куәгерлігіңізден қорыққан еді. Осы мәселеге байланысты Сіздің сөйлеуіңіз мүмкін бе?

— Сіз ренжімеңіз, мен сіздің бұл сұрағыңызға жауап бергім келмейді. Жүріп жатқан процеске түсініктеме бере алмайтынымды ғана айтамын. Бірақ қазақ ретінде өз еліме зияны тиетін немесе елімнің беделін түсіретін әрекеттер жасамайтынымды айтқым келеді. Рахат Әлиев қазіргі жағдайда басқа әрекеттерге бара алмайды. Онымен салыстырғанда менде ондай кедергілер жоқ..Оның бұлай жасауына бір реніштің әсері болған сияқты.

Рахат қазіргі жағдайда кез келген сот процесі үшін қызықты тұлға бола алады. Мұндай процестерге ол тек куәгер ретінде ғана емес, оқиғаның қалай ұйымдастырылғаны туралы нақты дәлел келтіре алатын дерек беруші ретінде де қатыса алады. Бұл туралы Қазақстан басшылығының жақсы білетіні маған аян. Бірақ мемлекеттің әкімшілік органдары болуы мүмкін әрекеттерге қарсы жаңадан айыптаулар ойлап табуда. Менің ойымша, бұл тапқырлық емес.

Тағы бір ақылға сыймайтыны, Рахат Әлиевтің 20-дан астам қылмыс жасағаны былтырдан бері ғана белгілі болғаны. Сонда Қазақстан басшылығы бұл туралы білмеген бе, әлде білсе де білмегендей сыңай танытқан ба?

Осыншама жоғары лауазымды адамның кенеттен екі ай ішінде қылмыскерге айналғаны және оның үш айдан кейін барлық қылмысының дәлелдене қалуына сену қиын.

Қазақстанда сот пен тергеудің тәуелді екендігі баршаға мәлім. Өкінішке қарай, бұлардың барлық істеріне негізінен айыптаушы органдарға тікелей қатысы бар мемлекеттік қызметшілер куәгер болады.

Сондықтан Рахат Әлиевке тағылған барлық айыптарды шетелде қабылдай береді деу қате болар еді. Бұл процесс тек қана екі жақтың бір-бірін кінәлаумен, арандатушы мәліметтерді таратумен ғана шектеліп, елдің беделіне үлкен зиянын тигізеді.

(Жалғасы бар).

XS
SM
MD
LG