Accessibility links

ҚДТ қозғалысына сенген халықтың үміті ақталмады


ҚДТ қозғалысының түрмеде отырған лидері Ғалымжан Жақияновты бостандыққа шығаруды талап еткен жиын. Алматы, қаңтар 2005 ж.

ҚДТ қозғалысының түрмеде отырған лидері Ғалымжан Жақияновты бостандыққа шығаруды талап еткен жиын. Алматы, қаңтар 2005 ж.

Бұдан 7 жыл бұрын «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысы пайда болды. Арада аз уақыт өте екі көшбасшысы түрмеден бір-ақ шықты.

Бәрі 2001 жылы 18 қарашада Алматыда жоғары лауазымды жас шенеуніктердің баспасөз мәслихатын ұйымдастыруларынан басталды. Онда олар «Қазақстаннның демократиялық таңдауы» атты жаңа саяси қозғалыс құратындарын мәлім етті. «ҚДТ» ұйымдастырушылары мемлекет басшылығынан демократиялық реформаларды тереңдетуді, ал, президент Назарбаевтың өзінен күйеу баласы Рахат Әлиевті «жуасытуды» талап етті.

Алғашқы күннен-ақ ҚДТ-ның құрамына Мұхтар Әблязов, Ғалымжан Жақиянов, Ораз Жандосов, Әлихан Бәйменов, Жанат Ертілесова, Берік Имашев, Нұржан Сұбханбердин, Нұрлан Смағұлов, Төлен Тоқтасынов және басқа да аса танымал емес адамдар кірді. Сол кезде бұлардың бәрі министр, әкім, банкир, депутат, бизнесмендер еді.

Содан бері 7 жыл өтті. Осы уақытта ҚДТ қозғалысы бірнеше мәрте саяси өзгерістерге ұшырады. Ал көшбасшылары аңду, бопсалау, бөліну мен бірін-бірі сатуды бастан кешірді. Ғалымжан Жақиянов пен Мұхтар Әблязов түрмеде отырып шықты. Ораз Жандосовты мемлекеттік қызметтен қуды. Берік Имашев алғашында қуғында болды, артынан Рахат Әлиевпен бірікті, қайтадан жоғары мемлекеттік қызметке отырды. Болат Әбілев пен Әлихан Бәйменов арасынан қыл өтпестей дос болатын (сырттай қарағанда солай көрінетін). Одан кейін керісіп қалып, «Ақжол» партиясын екіге бөліп алды. Бұдан кейін билік Болат Әбіловке қатысты көп томды қылмыстық іс бастады. Ал екіншісі яғни, Бәйменов депутаттық мандатқа ие болды. Қазір екеуі де қиын кезеңді бастан кешіруде.

Төлен Тоқтасынов та қиналысқа ұшырады. Біріншіден, бизнесінен айрылды. Екіншіден, билік қазір оны павлодарлық бизнесмен Борис Костановтың өліміне қатысты қол жинауды ұйымдастырды деп айыптауда. ҚДТ-ның қалған құрылтайшыларын да билік аздап қорқытып алды. Неше түнді ұйқысыз өткізген олар біраз уақытқа дейін есеңгіреп қалды.


Енді арада 7 жыл өткен соң ҚДТ-ның бір-екі мүшелерінен басқасының бәрі де ақырында жеңіліске ұшырады деп сеніммен айтуға болады. Қазір оларды бір тыныштандыратыны, жауласып жүрген Рахат Әлиевтің олардан гөрі қаттырақ жазалануы. Оған барар жер, басар тау қалдырмай сырттай 40 жылға соттап жіберді.

Сонымен бұдан 7 жыл бұрын халыққа үндеу тастап, олардың бастамасын қолдауды сұраған ҚДТ жетекшілері неге қол жеткізбек болды? Елде демократия орнатқылары келді ме? Әлде, билікті қолдарына алғылары келді ме? Көп ақшаға кенелгілері келді ме? Әлде армандарының бірі — сол кездегі жаулары Рахат Әлиевтің түбіне жеткілері келді ме?


Қазақстанның қазіргі саяси жағдайын ескере келе, осы сұрақтарға жауап іздеп көрейік. Содан кейін қарапайым қазақстандықтардың пікірін білейік, себебі ҚДТ туралы танымал адамдар пікірлері баспасөз бетінде үнемі жарияланып жүр.

Түрмеден шыққан Ғалымжанды Алматы вокзалында қарақұрым жұрт қошеметпен қарсы алды. 15 қаңтар 2006 ж.
Демократиядан бастайық. ҚДТ ұйымдастырушылары демократияға қол жеткізе алмады. Өйткені олардың өздері он шақты бөлікке бөлініп кетті. Олардың арасында бұл күндері ауызбіршілік пен түсіністік жоқ. Онымен қоймай, олардың кейбіреулері өзара ашық майданға шықты. Ал егер елдегі демократиялық ахуал туралы және оның ҚДТ пайда болғаннан кейін қандай сипатқа ие болғандығы туралы айтар болсақ, ол былай: осы жылдар аралығында екі оппозиция өкілі өлтірілді, ал елдің парламенті бірпартиялы яғни, «Нұротандық» болды.

Билік туралы. Тек Берік Имашев қана көпшілік ойлағандай, Қазақстан президенті отбасымен туыстық қатынасы арқасында билікке ие болды. ҚДТ қозғалысының басқа жетекшілері не билігін жоғалтты, немесе бұрынғы деңгейінен төмен қызметтерге жіберілді.

Мүмкін олар байыған шығар? Мүмкін екі қаржыгер: Сұбханбердин мен Әблязовтың байлығы артқан шығар? Солай болған күннің өзінде олар ҚДТ-ның арқасында байымағаны белгілі. Ал қалғандары, атап айтқанда, бизнеспен айналысқандары, біріншіден, ақшаларынан айрылды және олардың жоғалтқаны тек ақша ғана емес. Енді Рахат Әлиев қана қалды. ҚДТ өзінің белсенді әрекетінің арқасында Рахат Әлиевтің билікке талпынысын біраз әлсіреткенмен, кейіннен көптеген жағдайларға байланысты ол бәрібір жазаланды.

Азаттық радиосының тілшілері алматылық қарапайым азаматтардың пікірлерін білу үшін мынадай сұрақтар қойған еді: олар ҚДТ туралы не біледі, олардың пікірінше, ҚДТ Қазақстанның болашағы үшін не істеді, неге саяси күш ретінде билік құра алмады?

2006 жылы ақпанда қастандықтың құрбаны болған саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы ҚДТ қозғалысын құруға атсалысқандардың бірі еді.
Жауаптар күткендей-ақ әртүрлі болды, қарама-қарсы пікірлер де ұшырасты. Біз тосын әрі қызықты ойларды ұсынбақпыз: біріншіден, біз сұрау салған кейбір азаматтар ондай ұйымның болғанын ұмытып та кетіпті. Олар өмір сүрудің қамымен жүргендіктен, саясат оларды қызықтырмайды. Кейбір саяси сауаттылары ҚДТ-ның бірқатар басшыларын атап, оларға деген дұрыс немесе бұрыс пікірлерін білдірді.


Көптеген пікір білдірушілер ҚДТ басшыларымен осылай болатыны әу бастан белгілі еді дейді. Себебі, олар халықтан тыс болды, егер халық қолдамаса олар жеңіл жолмен жеңіске жете алмайды, - деді олар.


Өзін Ольга деп таныстырған алматылық мектеп мұғалімі былай дейді:


- Мен шынымды айтсам, негізінен өте қорқақ адаммын. Бірақ осы ұйым пайда болғанда мен ондағы жігіттерге сендім. Олардың көптеген акцияларына қатыстым. Екі рет паркте болған митингіге бардым. Бірақ біртіндеп олардан көңілім қала бастады. Себебі, олар халықпен бірлесіп жұмыс істеуді білмейді екен. Билікті саудаға салғылары келеді. Оны бізден жасыруға бола ма? Біз ақымақ емеспіз ғой. Мен енді ешкімге сенбейтін болдым.

Жанар және Алмат есімді ерлі-зайыптылар оппозициялық газеттерді көп оқиды екен. Сонда да олар Қазақстандағы оппозицияны сынады. Негізінен сөйлеген Жанар болды. Мамандығы экономист ол өз пікірін ашық түрде жеткізді.


- Менің ҚДТ туралы пікірімді білгілеріңіз келе ме? Егер мен әділін айтатын болсам, сол ұйымның саяси сахнада болмағаны дұрыс болар еді. Одан гөрі сол 2001 жылы билікті Рахат Әлиевтің өз қолына алғаны дұрыс болар ма еді? Мен бұл сөзді Рахаттың жақтасы болған соң айтып тұрған жоқпын. Жоқ, жоқ. Егер солай болғанда оқиға тез өрбіп, халық бір-екі жылдан кейін Рахаттан арылатын еді де, ел өз байлығын қайтарып алар еді. Шын мәнінде демократия орнар еді. Ал енді қазір не болды? Мына басшылар халықты алдап үміттендірді де, өздері болса бұтаның арасына тығылып қалды. Соған қарамай, байқадыңыз ба, бәрі бай тұрады, дүние жүзін шарлайды, әлемнің мықты клиникаларында емделеді, газет беттерінен түспейді. Ал, біз ше, біз қалай кедей болып едік, солай қала бердік. Жыртық астаумен қалдық. Ендігі кезекте кімде-кім ҚДТ-ның идеясын жаңғыртқысы келсе, халыққа кезекті тәтті үміт ұялатқысы келсе, алдымен идеяларын соңына дейін апара ала ма, жоқ па - сол туралы мықтап ойланып алулары керек дегім келеді, - дейді Жанар.

Ал, Сіз не айтар едіңіз, құрметті оқырман? Осы мақала форумына үн қосып, елдің жаңа тарихында орын алған ДВК қозғалысы туралы қандай пікір білдіресіз?

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG