Accessibility links

Ж.Қуанышәлі: Желтоқсанға қатысты құжаттар жүйелі түрде жойылып жіберілуде


Жасарал Қуанышәлі Азаттық радиосына сұхбат беріп отыр. Алматы, 26 қараша, 2008 жыл.

Жасарал Қуанышәлі Азаттық радиосына сұхбат беріп отыр. Алматы, 26 қараша, 2008 жыл.

Жасарал Қуанышәлі 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысты көптеген құжаттарды биліктегілер жойып үлгерген деп ойлайды. Солай бола тұрса да, ол ең басты құжаттар – адамдар куәлігін, олардың зердесін жоя алмайды деп есептейді.

Қазақстан қоғамында тәуелсіздік орнаған алғашқы күннен бастап–ақ 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына байланысты мұрағат құжаттары билік тарапынан жүйелі түрде жойылып отырған деген әңгіме толастар емес.


Бұл шындығында солай ма, әлде оппозиционерлердің қысыр әңгімесі ме? Ақиқатын білу үшін біз 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысты мәселелермен ұзақ уақыт бойына айналысқан белгілі қоғам қайраткері және журналист Жасарал Қуанышәліге жолыққан едік.


ПРЕЗИДЕНТ ӨЗ СӨЗІНДЕ ТҰРМАДЫ

–– Жасарал мырза, сіз шынында да Желтоқсан оқиғасы туралы шындықты жасыруға мүдделі болған кейбіреулер мен биліктегілер, құжаттарды жойып жіберуге дейін барды деп ойлайсыз ба?


–– Мен жорамалдамаймын, дәл осылай екенін анық білемін. Менің осылайша сенімді түрде айтуыма, осы мәселе бойынша толық мәлімет алған адамдардың қатарында болуым, менің бұл жөнінде сеніммен айтуыма мүмкіндік береді. Сөзім дәлелсіз болмауы үшін, Желтоқсан оқиғасымен өзімнің сонау 1980 жылдардың соңынан, яғни оқиғаның ізі суымай тұрып-ақ айналысқанымды айтудан бастайын. Желтоқсаншылар ұйымдастырған іс-шаралардың барлығына дерлік қатыстым. Қазақ ССР-нің Жоғарғы Кеңесі Нұрсұлтан Назарбаевты ел президенті етіп сайлаған кезде өткізілген пикетті ұйымдастыруға да қатыстым. Желтоқсаншылар ол кезде өз жолдастарының түрмелерден босатылуын талап етіп шыққан еді.

- Президент олардың талабына құлақ асты ма?

- Иә. Ол кезде президент желтоқсаншыларға жағынып жүрген. Ұлттың әкесі және демократ болып көрінгісі келді. Оларға жағынумен қатар, енді бір жағынан оларды уысынан шығармау үшін екі арада бұлталақтап жүрген. Сондықтан да кей жағдайда олардың айтқанына көнгенмен, кейде қысым жасап отырды.

- Мәселен...

- Мәселен, Желтоқсан оқиғасына 5 жыл толуына байланысты Брежнев атындағы алаңда Қазақстанның көптеген танымал тұлғалары мен президент Н. Назарбаевтың өзі қатысқан митинг ұйымдастырылды. Мен де солардың қатарында мінбеде тұрдым. Осы күннің қарсаңында президент Желтоқсан оқиғасына байланысты қаулы шығарды. Мен сол жердің өзінде-ақ қаулының әлсіз тұстарын айтып сынға алдым. Сонымен қатар қаулыда желтоқсан көтерілісі кезінде жәбірленген милиционерлер туралы ерекше қамқорлық көрсетілген, бірақ сол оқиғаның нағыз құрбандары - жүздеген, мыңдаған желтоқсаншылар туралы бірде-бір сөз жоқ.

Менің ойымша, сол қаулыда жазалаушы милиционерлер туралы бөлімдердің болуы мүлдем жөнсіз. Егер оларға қамқорлық жасау керек болса, басқа қаулы шығар. Бірақ менің баса назар аударған мәселем, бейбіт шеруге шыққандарға жасалған қысым, төгілген қан, жазықсыз жазаланғандар, жазықсыз тергеуге алынғандар үшін кінәлі адамдарды жазалау мен жауапкершілікке тарту болды. Мен сөзімді аяқтаған соң, Нұрсұлтан Назарбаев құлағыма: «Жасарал, ондайлар қызметінен кетеді. Кетіп те жатыр! Біз олармен айналысамыз» деп сыбырлады.

- Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде тұрды ма?


- Жоқ, әрине! Сіз оның сөзінде тұрғанын көріп пе едіңіз, әсіресе, осындай сөзінде. Сол қанды оқиғаға қатысы бар адамдардың көбі, сол кездерде Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің төрағасы, премьер министр болып отырған оның өзінен бастап, түк болмағандай жоғары орындарда отыр немесе аман-есен «құрметті демалысына» кетіп жатыр. Басқа мәселеге ауытқымайық, бұл жеке әңгіменің тақырыбы.

1991 жылы қазанда өткен Қазақстанның азаматтық «Азат» қозғалысының бірінші съезінде қозғалыс төрағасының орынбасары болып сайландым. Ал көсеміміз Михаил Исиналиев денсаулығына байланысты қызметтен кеткен кезде мен төраға міндетін атқарушы болып қызмет еттім.

1992 жылдың желтоқсанында өткен «Азат» қозғалысының кезекті екінші съезінде біз Желтоқсан оқиғасы кезінде және одан кейінгі уақытта өз өкілеттігін асыра пайдаланғандар мен басқа да заңсыздықтар үшін кінәлі лауазымды адамдар мен мемлекеттік құрылымдарды жауапкершілікке тарту туралы Конституциялық сотқа арыз беру керек деп шештік. Әрине, біз сонда да шындыққа жету оңай болмайтынын жақсы түсіндік. Арыз берген күннен бастап жеті ай бойына Конституциялық сотқа арызды қабылдату үшін табанды күрес жүрді.

Ақыры, 1993 жылдың қаңтар айында Конституциялық сот тергеу процесін бастады. «Азат» қозғалысы съезінің ұйғарымы бойынша «Азат» атынан шыққан талапкерлер тобының жетекшісі мен болдым. Бірақ тура екі жыл өткен соң тергеу ісі тоқтатылды.

- Не себепті?

- Конституциялық сот «мұндай істі қарамауы тиіс» деген тәрізді сылтаумен. Бәрібір осы екі жыл ішінде кейбір мәселелерді шешуге қол жеткіздік. Оқиғаға тікелей қатысты 12 том материал жиналды. Ең алдымен бұл - оқиғаға қандай да қатысы бар мемлекеттік органдардың құжаттары еді. Сонымен бірге, шеруді басуға жұмылдырылған әскери бөлімдердің Алматыға қайдан жеткізілгені, қандай тапсырма алғаны, қалай әрекет еткені туралы мәліметтері бар түрлі құжаттар да болды. Ол құжаттар өте салмақты дереккөздерден, оның ішінде парламенттің, үкіметтің мұрағатынан және одақтық, республикалық деңгейдегі түрлі инстанциялардан алынған еді.

  • КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ СОТ ӨЗİН ИТАРШЫ СИЯҚТЫ ҰСТАДЫ

Жасарал мырза, осы 12 том құжаттың ішіндегі ең маңызды, қызықтыларын атай аласыз ба?

- Олардың бәрі де құнды. Бірақ ең маңыздылары Желтоқсанның алғашқы күндері: Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы етіп Геннадий Колбинді тағайындау туралы мәселенің қаралуы, жастардың алаңға шығуы және шерушілерге қарсы күш көрсетуіне қатысты құжаттар еді. Әрине, мен біздің қолымызға барлық маңызды құжаттар түсті деп айта алмаймын, себебі сол кездің өзінде-ақ бұл іске тікелей «мүдделі» болған немесе өзінің қылмыстарының ізін жасыруы «тиіс» адамдар көптеген құнды материалдарды жойып үлгерген еді.

Мен бұл жөнінде сеніммен айта аламын, себебі тергеу барысында сұралған лауазымды адамдардың өзі мекемелеріндегі қалыптасқан ережелерге сәйкес, құжаттардың бір бөлігі «талап етілген мерзімінің өтуіне байланысты» жойылғанын мойындады. Мысалға, бұл туралы Қазақ ССР ішкі істер министрінің бірінші орынбасары, шерушілерді қуып тарату үшін дайындалған «Боран» операциясының жетекшісі Эрнест Басаров мәлімдеді. Әрине, мен олар «ерекше оқиғаға» байланысты өздернің «керексіз іздерін сенімді түрде жасыру» үшін «ерекше» нұсқаулар бере алады деп ойлаймын. Бұдан басқа Конституциялық сотқа жіберілген құжаттар да «ерекше өңдеуге» алынды. Олар белгілі тұлғаларды «абайсызда» ұстап бермеу үшін қатаң түрде сүзгіден өткізілді. Осындай өзгеріске түскеніне қарамастан, бұл құжаттар өткен оқиға туралы белгілі бір пікір қалыптастыру үшін және мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың сол кезеңдегі нақты қылмыстары бойынша жауапкершілік деңгейін анықтауға мүмкіндік берді және әлі де септігін тигізеді.

- Сонымен ол құжаттар қазір қайда, Жасарал мырза?

- Олар өздерінің сәт сағатын күтіп, тиісті жерде сақтаулы тұр.

- Конституциялық сот істі жабуды өздері шешті ме, әлде...

- Бұйрық «жоғарыдан» берілді. Мұны маған Конституциялық сот мүшелерінің біреуі айтты. Айтқандай, осындай ерекше шетін істе өздерінің парызын әділ әрі адал атқарған кейбір соттардың есімдері аталатын уақыт та келеді. Ал тергеудің әділ жүргізілуін қалай да тежеп отырған және өздері де желтоқсаншыларға қатысты жазықсыз жазалаудағы іс-әрекеттерімен көрінген әділетсіз соттар Ударцев, Малиновский, Башаримовалардың есімдерін біз сол кездің өзінде-ақ атап, тергеу процесі барысында оларды басқа соттармен ауыстыруын талап еттік. Бірақ бұл талабымыз орындалмады. Бір сөзбен айтқанда, «жоғарыдағылар» істің өздері үшін маңыз алып бара жатқанын түсінді. Тергеу ісінің одан әрі жалғасуы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзімен қоса, көптеген мемлекеттік тұлғаларға «тиіп кететін» болды. Өйткені «оларға» сот істерінің барысы туралы бұлжытпай қаз-қалпында жеткізіп тұрды. Әрине, Конституциялық сотқа істі жабу туралы тиісті бұйрық берілді. Одан бері 13 жыл өтсе де, өкінішке қарай, «көш» сол орнынан қозғалған жоқ.

- Демек, сізді тоқтатып тастады. Осыдан кейін сіз қандай әрекеттерге көштіңіз?

- Мен сонда барып, қысым көрсетудің қоғамдық ұйымнан басқа тегеурінді тетігі болуы керек деп түсіндім. Мен парламентке депутат болып кіруге талпынып көрейін деп шештім. Дәл сол кезде, 12-ші шақырылған Жоғары Кеңестің тарауынан кейін мерзімінен бұрын сайлау болды.

1994 жылдың қаңтарында мен Ақтөбеге барып, депутаттыққа үміткерлікке тіркелдім. Менің бағдарламалық басты бағыттарымның бірі парламентте Желтоқсан оқиғасы туралы мәселені көтеру болды, себебі ол кезде жазушы Мұхтар Шаханов басқарған желтоқсанға байланысты комиссия жұмысын тоқтатып еді, ал Конституциялық соттағы тергеу ісін жоғарыда айтқанымдай, жауып тастаған болатын.

- Айтқандай, Жасарал мырза, сіз Мұхтар Шахановтың комиссиясымен байланыста болдыңыз ба?

-
Көп хабарласқан жоқпыз.

- Не себепті?

- Себептері болды. Соның бірі, бұл мәселенің сотта қаралуы өте маңызды әрі тиімді деп ойладық. Бір жағынан мен Мұхтар Шахановқа ақиқатты «қазбалауға» мүмкіндік береді дегенге сенгенім жоқ. Оны кез келген уақытта тоқтатып тастай алатын еді, солай болды да, ақынды Желтоқсан оқиғасын терең қазбалай бермесін деп, Қырғызстанға елші етіп жіберді. Қалай болғанда да, Мұхтар Шаханов комиссиясының үлкен іс тындырғанын айту керек. Сол үшін де ол комиссияға рақмет. Комиссия материал жинап желтоқсаншыларды ақтауда көп еңбек атқарды.


  • «БҮЛІКШІЛ» ПАРЛАМЕНТТЕГІ ЖҰМЫСТАР

- Сіз парламентке өте алдыңыз ба?

- Өз кандидатурамды өзім ұсынып, жеті үміткердің ішінен електен өткендей алғашқы турда-ақ өтіп, Қазақстан тарихындағы алғашқы кәсіби парламенттің депутаты болдым. Ал депутат мандаты маған бұған дейін ұзақ және табанды күрескен істі жалғастыруға нақты мүмкіндік берді. Осы мүмкіндігімді толық пайдалануға бел будым.

- Парламенттегі жұмысты неден бастадыңыз?

- Желтоқсан бойынша жаңа депутаттық комиссия құруға дайындықтан бастадым. Алайда менің бұл тілегім ол бастан-ақ Жоғары Кеңестің кейбір жетекшілері мен биліктің маған қарсы пайдаланған депутаттарының табанды қарсылығына ұшырады.

- Сізге оларды «жоғарыдан» біреу тапсырма беріп, бағыттап отырғандай көрінді ме?

- Мұны мен анық біліп отырдым. Ол адамдар ондай комиссияны құрғызбас үшін «жоғарыдан» нақты тапсырма алып отырды. Сондықтан олармен қатал әрі ымырасыз күрес жүргізуге тура келді. Осындай қарсылықтарға қарамастан, бұл мәселе бойынша істі соңына дейін алып жүруге маған, ең алдымен, «Азат» және «Желтоқсандағы» жақтастарым үлкен көмек көрсетті.

Желтоқсаншылардың бір тобы «Демократия үйінің» алдында Желтоқсан бойынша комиссия құрылуын талап етіп аштық жариялады. Бұл Қазақстан тарихындағы ерекше жағдай болды – аштық бір жарым айға созылды. Осы уақыт ішінде парламентте қатаң күрес жүріп жатты. Өмір не өлім үшін күрес болды.

Бұл күресте маған екіншіден, менің әріптестерім, мен дайындаған негіздеме-хатқа қол қойып, комиссия құру туралы қорытынды дауысқа салу кезінде басым дауыс болуын қамтамасыз еткен депутаттар көмектесті. Осы жерде мен кейбір есімдерді жағымсыз жағынан айтуыма тура келеді.

Мысалы, Желтоқсан бойынша парламентте мәселені талқылауға қойған кезде мәжілісті жүргізу, талап бойынша, парламент төрағасының орынбасары Марат Оспановқа жүктелді, ал ол болса, бұл мәселені өткізбеу үшін түрлі қитұрқылыққа барды. Ол комиссияның құрылуына қарсы болғандарды ғана сөйлетіп, жақтағандарды керісінше, «тыйып» тастап отырды.

Бізге қарсы тегеурінді қарсылық көрсеткендердің бірі, өкінішке қарай, Адам құқығы мен конституциялық заңнамалар жөніндегі комитеттің төрағасы академик Салық Зиманов болды. Бұл комитетте мен адам құқығы бойынша комитет бөлімін басқардым. Мен оны бұрын өте қатты сыйлайтынмын, бүгінгі күнге дейін оның неге бұлай істегенін түсінбеймін. Ол Желтоқсан бойынша ақиқатқа жету ісіне қарсылық көрсеткенімен қоймай, мені осындай әрекеттері арқылы арзан бедел жинауға тырысады деп көпшілікке жариялады. Маған оның бұл сөзіне лайықты жауап беруге тура келді.

  • Бәрібір, қайталап айтамын, менің қарсыластарымнан гөрі жақтастарым көп болды. Нәтижесінде Желтоқсан оқиғалары бойынша комиссия құрылып, осыдан кейін ғана әсірелеп айтқан емес, «Демократия үйінің» алдындағы ерлікпен жүргізілген аштық жариялау тоқтатылды.


  • Біздің комиссия Мұхтар Шахановтың комиссиясындай жай парламенттік емес, Жоғары Кеңес Президиумының комиссиясы болды, яғни оның мәртебесі жоғары еді және жұмысты бірден қажетті материалдарды жинаудан бастады. Шаханов комиссиясына қарағанда біздің мқсатымыз басқа еді, өз кезінде Конституциялық сот алдына қойған мәселелерден де бас тарттық.


  • Кейбір депутаттар және олардың биліктегі кураторлары ойлағандай, біз біржақты - Желтоқсан оқиғасына кінәлі адамдарды жазалау мақсатына түсіп кеткен жоқпыз. Дегенмен кейбір тұлғалардың сырын әшкерелеп және жазалап, болашаққа өсиет қалдыра да алмас едік. Біз мәселені заңнамалық тұрғыдан қарастыруға тырыстық, атап айтсақ, Желтоқсан оқиғасы кезінде және одан кейінгі уақытта ресми мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар тарапынан заң бұзушылықтарды жүйелі және нақты зерттеу негізінде нақты заң жобалары үшін нақты ұсыныстар жасауға ұмтылдық, өйткені олар заңның мызғымайтын нормалары ретінде болашақта осы сияқты заң бұзушылықтарды болдырмаудың кепілі бола алуы тиіс.

    Басқаша айтқанда, Қазақстанда енді ешқашан 1986 жылғы қайғылы оқиға қайталанбауы үшін күрестік. Егер халықтың өз еркімен адамның бас бостандығы мен құқығы сақталу талабын білдірсе, билік халықтың мұндай бостандығын күш көрсету тәсілдері арқылы басып-жаншымауы үшін күрестік. Қоғам, нақтысын айтқанда, «державаның жұдырығына» жалтақтамастан, шынайы демократияның - сөз бостандығы, ерікті сайлау, ерікті БАҚ және басқа ұстанымдарымен ерікті өмір сүруі керек. Бір сөзбен айтқанда, халық құқықтық нормалар бойынша өмір сүруі керек, яғни бүгінгі Қазақстандағыдай жалған демократия «нормалары» бойынша емес.

    ПРОГРЕСШІЛДЕР МЕН ЖЕЛТОҚСАНШЫЛАР ПРЕЗИДЕНТТІ "ДІҢКЕЛЕТТİ"

- Жасарал мырза, сіздің игілікті ойларыңыз іске аспады ма?

- Өкінішке қарай, солай болды. 1995 жылы біз жеңіліс таптық, бұл президентіміз, өзіне ұнамайтын мемлекеттік органдарды таратудың ұлы шебері, Н. Назарбаевтың жұмыс істей бастағанына тура бір жыл болғанда Конституциялық соттың «қолымен» парламентті жойып жіберуінің арқасында болды. Кейін ол өзі Конституциялқ сотты бүгінгі азусыз Конституциялық кеңеспен алмастырды. Егер ол парламентті таратып, антиконституциялық қадамға бармағанда біз ол кезде орасан зор жұмыстар атқаратын едік деп сеніммен айта аламын. Бүгінде елде демократия мен экономика недәуір жақсы болар еді. Жалпы сол кездегі парламент менің ойымша, біздің еліміздегі неғұрлым демократиялы, тәуелсіз және қабілетті парламент болып табылады.

- Парламенттің мерзімінен бұрын тарап кетуіне басты себеп не болды? Шынында сіздің комиссияның ықпалы болды ма?

- Тарап кетуінің бірнеше себебі болды. Соның ішінде біздің комиссиядан басқа кейбіреулердің жүйкесін шындап жұқартқан оппозициялық депутаттық «Прогресс» тобы болды. Оның құрамында 177 депутаттың 77-і болды. Бұлар парламент спикері Ғазиз Алдамжаровқа дауыс берген депутаттар, бірақ билік тағы да қитұрқы істеріне басып оны орнынан тайдыруға қол жеткізді. «Прогрестің» іс-әрекеттері Н.Назарбаевтың мазасын алғаны соншалық, ол «бүлікшіл» парламентті заңсыз таратудан басқа амал таппады.


    • МАРАТ ХАСАНАЕВ САЯСИ ТҰРҒЫДАН ӨЛТİРİЛДİ


- Парламент тараған соң сіз жұмыссыз қалдыңыз. Бірақ сіз менің түсінгенімдей, қарап қалмай Желтоқсан бойынша тергеуді жалғастыра бердіңіз. Сізге осы мәселе бойынша Орталық мұрағатқа баруыңызға тура келген жоқ па? Жеті жыл бұрынғы оның директоры Марат Хасанаевтың жұмбақ өлімі туралы не айтасыз?

- Мен оны жақсы білемін. Онымен тығыз қарым-қатынаста болдық және оның өлімі туралы менің жеке пікірім бар.

- Ол қандай пікір?

- Мен тергеудің оны тонау барысында өлтірілген деген жорамалына сенбеймін. Оның өлімінің саяси астары бар деп ойлаймын.

- Иә, сол кезде оның өлімі қызметіне байланысты екені, тіпті онда Желтоқсан оқиғасына қатысты құжаттардың болуына байланысты деген мәліметтердің болғаны рас.

- Міне мен осы жөнінде айтпақпын. Оның қайғылы өліміне дейін мен онымен түрлі тақырыпта, сонымен бірге, Желтоқсан тақырыбында да әңгімелескен едім. Бір күні ол маған ұзақ ойланып барып, Желтоқсан оқиғасы бойынша, ол оқиғаны жарыққа алып шығатын ерекше папка барын айтты. Адамдар одан бәріне белгісіз жайларға жауап ала алатынын да айтты. Мен одан сол құжаттың көшірмесін беруін сұрадым және бұл жөнінде ешқандай тірі жан білмейтінін де ескерттім, ол ойланып көремін деп қалды. Мен Хасанаев мұның қаншалықты қауіпті екенін білді деп ойлаймын.

- Ал оған сізден басқа да адамдар дәл осындай өтініш жасап, бұл кейіннен биліктегі құрылымдарға белгілі болды деп ойламайсыз ба?

- Мен бұл туралы да ойландым. Бұлай болуы да әбден мүмкін. Бірақ мен оның құпия құжатты ешкімге бермегеніне сенімдімін. Хасанаев өз ісінің шебері еді ғой, мұндайға бара қоймас. Оның оппозициялық көзқарастағы адамдармен қарым-қатынасын білген кейбіреулер өздерінің алаңсыз ұйықтауы үшін алдын-ала сақтанғаны болар.



ТӨРЕЛİГİН ТАРИХ ӨЗİ АЙТАДЫ


- Сонымен сұхбатымыздың қорытындысында не айтасыз?

- Өзімнің осындай істердегі тәжірибеме сүйене отырып, маған мынандай қорытынды жасау қиын емес, демек кейбір нақты тұлғаларға күрделі мәселе туғызатын мұндай құжаттарды жоюда, біреулердің жаза алдында қорыққанынан бәріне де баруы мүмкін екендігі. Басқаша айтқанда, олар мұндай құжаттарды «тазалауға», «сүзгіден өткізуге» немесе мүлдем жойып жіберуге дейін барады. Кейбір жағдайда оларды иесімен қосып жойып жіберуі де мүмкін. Мұндай әрекеттер Желтоқсан оқиғасына қатысты құжаттарға жасалды да, жасалып та жатыр.

Алайда осындай лас тірлікке барғандар, ең бастысы, құжаттарды қанша жойғанмен, оқиғаның тірі куәлері - адамдар қала беретінін түсінбейді. Бәрін жойып жібере алмайсың ғой?! Ал тірі куәлер, олардың зердесі кез келген мұрағат құжатынан құндырақ. Тағы айтарым, тарихтан сабақ алар уақыт жетті. Осындай жалғандыққа Үшінші рейх көсемдері мен кеңес үкіметінің сталиндік дәуірдегі жетекшілері де барған еді ғой. Олардың не болғанын біз жақсы білеміз. Соңында ешкімде Тарих пен Ұрпақтар зердесін - жадын алдай алмады және алдай алмайды да деп айтар едім.

- Жасарал мырза, сұхбатыңыз үшін рахмет!

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG