Accessibility links

Үкімет "Сайлау туралы" заң жобасына бірпартиялы парламентке жол бермейтін бап енгізді


Қазақстан үкіметі елдегі саяси реформаларға негіз болатын бірқатар заң жобаларын әзірледі. Олар - "Сайлау туралы", "Саяси партиялар жөнінде", "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" және "Өзін - өзі басқару жөніндегі" заң жобалары.

Алдымен "Сайлау туралы" заңға енгізілетін өзгерістерге келсек, бірпартиялы парламентке жол бермейтін бап енгізіліпті. Әділет министрі Зағипа Балиева "Егер сайлауда бір партия ғана 7 проценттік межеден өтсе, онда екінші боп ең көп дауыс алған партия парламентке өтетін болады",- дейді.
Сонымен бірге сайлауды бақылаушылар мен бұқаралық ақпарат құралдарына да бірқатар жеңілдік жасалынған екен.

Екінші заң жоба саяси партияларға қатысты. Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед "Жұмыс тобында оппозициялық "Азат" және Жалпыұлттық социял демократиялық партиялардың ұсыныстары қаралды. Олардың көп пікірлерін енгіздік. Тіптен олар ұсынған өзгерістерден де жеңіл еттік", - деді.
Заң жобасында партия құру үшін мүшелікті 50 мың адамнан 40 мыңға дейін қысқартқан. Ал қол жинау уақытын екі айдан төрт айға дейін созған. Оппозициялық топтар мұны үш ай деп көрсеткен дейді ақпарат министрі. Сонымен бірге мемлекеттік тіркеуден өте алмаған ұйымдастыру комитетінің күші бірден жойылып келген еді. Енді ол партия тіркелмеген күннің өзінде оның саяси ұйым ретінде заңдық күші болады екен.

Саяси партиялар жөніндегі заң жобасында партиялар бөлінген немесе біріккен жағдайда қалай болатындығы туралы нақты нормалар енгізіліпті. Сондай-ақ бұдан былай бірінің аттарын бірі қайталайтын саяси ұйымдарға жол берілмейді екен. Мысалы, қандай да бір қоғамдық ұйымдардың аттарын саяси партиялар иемдене алмайды.
"Бұл лас саяси технология жасаудан аулақ етеді", -дейді Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Үкіметтің саяси реформаға бастау болады деген заң жобаларының бірі - "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" заң жобасы. Ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің айтуынша, бұл заң жобасы журналистердің құқықтарын қорғауға арналған. Онда журналистердің кәсіби қызметіне шектейтін 213 баптың 4.1 тармақшасы алынып тасталыпты. "Енді ақпарат құралдары кез келген мемлекеттік мекемеде лауазым иелерінің рұқсатынсыз, шенеуніктерден ашық сұхбат ала алады және видеоға түсіре алады", - дейді министр.

Сонымен бірге енді журналистер лауазым иелері сұхбат бермесе, бірден сотқа жүгіне алады екен. Қолданыстағы заңға сәйкес, ақпарат құралдарының өкілдері алдымен сол мекеменің басшылығына шағымданатын. Заң жобасындағы өзгерістердің бірі басылымды сотқа берушінің деңгейі жауап берушімен теңестіріледі. Ол сот алдында басылымға қойған айыптарын дәлелдеуі тиіс.

Енді басылымның редакторы немесе мекен-жайы өзгерген жағдайда қайтадан ресми тіркелу қажет емес екен. Ал телерадио компаниялары үшін бір реттік лицензия жеткілікті болады. Осыларды атап өткен ақпарат министрі Мұхтар-Құлмұхаммед демократияға қарай серпінді қадам жасадық дейді.

Алайда, "Человек и закон" газетінің бас редакторы Марат Бәшімов жұмыс тобындағы талқылау барысында өздерінің көп ұсыныстарының өтпей қалғандығын айтады.
"Мәселен, ақпаратты дер кезінде беруге байланысты. Қазір ақпарат құралдары жылдамдықты қажет етеді. Сол үшін біз оқиғаны айғақтау үшін жасырын видеоға немесе аудиоға жазуға рұқсат беру жөнінде ұсыныс енгізген едік. Бірақ ол қолдау таппады", - дейді Марат Бәшімов. Сонымен бірге ол бүгінгі Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің төрағалық етуімен өткен отырыста үкіметтік емес ұйымдардың қатысуына мүмкіндік берілмеді дейді.

Ал үкімет отырысында жоғарыдағы заң жобаларындағы өзгерістерді сыртқы істер министрі Марат Тәжин "демократия феномені" дей келе, бұл 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету алдында Қазақстанның демократияға бет бұрысы деп атап көрсетті.

XS
SM
MD
LG