Accessibility links

Екіпартиялы парламент демократиялы ел дегенді білдірмейді


2010 жылы Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі тиіс. Осы сәт жақындаған сайын халықаралық ұйымдар тарапынан Қазақстан басшылығына сын күшейіп келеді.Сондай сыни көзқарас бірпартиялы парламентке қатысты айтылуда.

2008 жыл бойына әртүрлі партия өкілдері де саясаткерлер де бірауыздан Қазақстан парламентінің таратылып, мерзімінен бұрын парламент сайлауы өтетіндігі туралы хабарланатынын тілге тиек еткен еді. Қазақстан президенті қыркүйектің басында өткен парламенттің бірлескен мәжілісінде осындай қаңқу сөздердің жолын кесіп былай деген еді:«елде ешқандай да сайлау болмайды. Сайлау 2012 жылы болады». Осылай дей отырып, ол «алдын-ала сайлау өткізуге не саяси, не құқықтық себеп жоқ» деп ерекше атап көрсетті.

Назарбаевтың бұл мәлімдемесі халықаралық ұйымдардың сыни пікірлерін тоқтата алмады. Атап айтқанда, 16-17 қазанда Алматыда өткен бұқаралық ақпарат құралдарының 10-шы Ортазиялық конференциясында сөз сөйлегендердің көпшілігі бірпартиялы парламент жағдайындағы Қазақстан егерде ЕҚЫҰ ға төрағалық ететін болса, онда көптеген қиындықтарға кезігетінін айтты.

11 қараша күні Қазақстан үкіметі «ҚР дағы сайлаулар туралы» конституциялық Заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы Заңның жобасын мақұлдады Жақын арада қабылдануға тиісті жаңа заң жобасы парламент мәжілісінде ең кемінде екі саяси партияның өкілдігін қамтамасыз етеді.

Ол нені білдіреді? Қазақстан демократияланғысы келді ме? Кезектен тыс парламент сайлауы болмақ па? Осындай сұрақтарға жауап алу мақсатында біз Қазақстанға белгілі, сайлау науқаны кезінде тәуелсіз бақылаушылар тобын басқарған саясаткерлер «Ақжол» партиясының жетекшісі Әлихан Бәйменов пен қоғамдық қайраткер Дос Көшімге хабарласқан едік.

Осы заңның жақсаруы жолында талай рет пікірін білдірген қоғамдық қайраткер Дос Көшім «ҚР дағы сайлау туралы» жаңа заң жобасына күмәнмен қарайтынын жасырмады. Бұл туралы Дос Көшім былай деді:

- Біріншіден, менің ойымша, жасанды түрде екіпартиялы парламент жасау елдің демократия жолына түскеніне дәлел емес..Бұл тағы да аяққа тұсау.Билік басқа партияларға өздерін көрсетуге мүмкіндік бергісі келмейді Неге парламент үш,төрт, беспартиялы бола алмайды.7 пайыздық шектеу - неге бес, төрт, тіпті үш пайызға төмендемейді?

Одан әрі Дос Көшім қызмет бабына байланысты көптеген елдердің «Сайлау туралы» заңдарымен таныс екендігін, бірақ "дәл Қазақстандағыдай жасанды ойдан шығарылған шектеулерді еш жерден көрмегенін" айтты.

- Тіпті, кезектен тыс сайлау болса да, парламент екіпартиялы болса да, нақты саяси жағдайлар, билікке басқа партияны емес, өзіне балама партия өкілдерін жақындатады, - дейді Дос Көшім.

«Ақжол» партиясының жетекшісі былай дейді:

- Дегенмен, ең бірінші, сайлауды өте әділетті өткізуге мүмкіндік беретін « Сайлау туралы» Заң қабылдау керек. Өкінішке қарай, ондай күн әлі туған жоқ. 7 пайызды шектеуге келсек, әрине, ол Қазақстан үшін өте жоғары, Оны 5 пайызға төмендету керек. Ондай жағдайда кемінде үш партия сайлауда жеңіске жететін еді.

Әлихан Бәйменовтың пікірінше, сайлау әділетті өту үшін барлық партияға эфирден бірдей уақыт беріліп, өздерінің мақсаттары мен бағдарламаларын толығымен түсіндіруге мүмкіндік беру керек. Бұл тек сайлау уақытында ғана емес, өмірде де осылай болуы керек.
XS
SM
MD
LG