Accessibility links

Қазақстан Бас прокуратурасы елде жоғарғы билікте отырған лауазымды тұлғалардан жасырын жазып алынған телефон әңгімелерін көшіріп басқан оппозициялық газеттерге ескерту жасады. Журналистер қоғамдық маңызы бар ақпаратты халық білуі тиіс деп санайды.

Бас прокуратура қазірде Қазақстанның заң орындарынан бой тасалып жүрген Рахат Әлиевтің заңсыз жолмен жасырын жазып алған телефон әңгімелерін биылғы қыркүйек және қазан айларында көшіріп басқаны үшін елде шығатын екі басылым – «Тасжарған» және «Свобода слова» газеттерінің бас редакторларына ескерту жасады.

Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы, сот үкімімен екі мәрте қылмыскер деп танылып сырттай жиыны 40 жыл мерзімге сотталған, қазірде шетелде бас сауғалап жүрген Рахат Әлиевке жақын Инертнет сайттарында былтырдан бері жасырын телефон әңгімелері арагідік жарияланып келеді. Олардың негізгі кейіпкерлері - Қазақстанның жоғары билік басындағы лауазымды тұлғалар.

Өткен айда алдымен сайтта жарияланып, онан соң Қазақстандағы оппозициялық басылымдар көшіріп басқан телефон әңгімелерінде елде жоғары билікте отырған адамдар жақын-туыстарының атына қаржыны заңдастыру мәселесін талқылаған.

Қарашаның 13-і күні жасаған мәлімдемесінде Бас прокуратура азаматтардың жеке басының құпиясына қатысты мәліметтерді жасырын тыңдау және тарату заңға қайшы екендігін айтып, бұл талапқа мойынсұнбаған баспасөз құралдарының қызметі сот арқылы тоқтатылуы мүмкін деп ескертті. Бірақ, журналистер ол ақпараттарда жекелеген адамның емес, қоғам үшін маңызды дерек-дәйектер барын алға тартады.

Тамара Калеева, сөз бостандығының жағдайын бақылайтын «Әділ сөз» қорының президенті:

- Бұл жерде Бас прокуратура саясатпен айналысып отыр. Өйткені баспасөз құралдарын заң бұзды деп айыптауға еш негіз жоқ. Себебі, олар әлгі деректерді өздері жасырын тыңдаған жоқ, басқалар үшін ашық ақпарат көзінен алып, көшіріп басты. Ал сол телефон әңгімелерінің мазмұнына келер болсақ, онда негізінен мемлекеттің қоғамдық-саяси өміріне, халықтың тірлігіне тікелей немесе жанама түрде әсер ететін ірі лауазымды тұлғалардың қандай да бір іс-әрекеттеріне қатысты баяндалған және ол қоғам мүддесіне қатысты. Сондықтан, мемлекетті басқарып отырған адамдардың немен айналысып отырғаны жайындағы ондай маңызды ақпаратты білуге қоғамның құқығы бар.

Ермұрат Бапи, тәуелсіз журналист:

- Заң тұрғысынан алғанда Бас прокуратураның талабын негізсіз деп атауға болмайды. Шынында да, сот үкімі бойынша қылмыскер деп танылып, ұзақ мерзімге сотталған Рахат Әлиевтің қылмыстық жолмен алған деректерді, тіпті игілікті жағдайдан пайдаланудың өзі

Ермұрат Бәпи "Тасжарған" газетінің редакциясына әлдекімдердің оқ атқанын айтып тұр. Алматы, 1 сәуір 2008 ж.
моральдық тұрғыдан қарағанда дұрыс емес болып көрінеді. Оның үстіне «Тасжарған» редакциясында жұмыс істейтін журналистер кезінде Әлиевтің адамдарының тепкісін көрген – соққыға да жығылды, редакциямызға шабуылдар да жасалды, сондықтан Рахатқа біздің қимамыз қышып тұрған жоқ. Ал бірақ, Әлиев таратты делініп отырған ақпаратта елдің мемлекеттік, саяси, экономикалық және басқа да өміріне қатысты өте құнды мәліметтер бар. Мысалы, Шаңырақ, Бақай секілді елдімекендерде қара халық алақандай жері мен өз күшімен салған күркесін заңдастыра алмай амалы таусылып жатқанда, лауазымды билік басында отырғандардың өз жақын-туыстары арқылы түбі шикі миллиондаған доллармен есептелетін ақшаны қалай заңдастыру жолын айтып, кеңескенін әшкерелейтін деректердің қоғам үшін маңызы бар. Міне, сондықтан тағы да сол моральдық тұрғыдан келгенде, халық биліктегілердің ісі туралы шындықты білуі тиіс деп ойлаймын.

Гүлжан Ерғалиева, «Свобода слова» газетінің бас редакторы:

- Бізде заңның барлығы биліктің мүддесі үшін жазылатыны – ащы шындық. Егер олай болмаса, телефоннан жасырын тыңдалған, қазір енді ондағы кейіпкерлердің зәре-құтын қашырып отырған әлгіндей әңгімелерді біз ешқашан баспас едік. Дегенмен, сол әңгімелерден соң олардың шынайы бет-жүзі мүлдем басқаша көрінеді. Осының бәрін біз біліп қоймас үшін енді прокурорларды салып отыр.

Қазақстанның тұңғыш президентіне осы қызметке шексіз сайлануға құқық беретін Конституциялық өзгеріске наразылық танытып алаңға шыққан журналист Сергей Дувановты полиция ұстап әкетті. Алматы, 24 мамыр 2007 ж.
Сергей Дуванов, «Инкар-инфо» Интернет-радиосының жоба жетекшісі:

- Менің ойымша, бұл жағдайда Бас прокуратураның өзі елдің заңнамасын бұзып отыр. Себебі, Рахат Әлиевтің немесе басқа біреудің телефоннан жасырын тыңдап жазып алған әңгімелерді бұқаралық ақпарат құралдары баспасын деген талап еш заңда айтылмаған. Адамның бөтен біреудің әңгімесін жасырын тыңдауы – ол мәселенің моральдық жағы. Тыңдаған адам ол үшін өз ожданының алдында жауап беруі керек. Ол сол адамның проблемасы. Бұл жерде прокуратура қазіргі биліктің саяси мақсатының жетегінде кетіп, заңға мүлдем кереғар әрекетке барып отыр.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG